ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ 2021 ЖЫЛҒЫ 6 ТАМЫЗДАҒЫ №239 БҰЙРЫҒЫМЕН БЕКІТІЛГЕН “БІЛІМ БЕРУ ОБЪЕКТІЛЕРІНЕ ҚОЙЫЛАТЫН САНИТАРИЯЛЫҚ- ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ТАЛАПТАР” ҚҰЖАТЫНА СӘЙКЕС, БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНДА БАЛАЛАРҒА КЕЙБІР ТАҒАМДАРДЫ САТУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНҒАНЫН ЖАҚСЫ БІЛЕМІЗ.
Атап айтсақ, тез дайындалатын тағамдар – гамбургер, хот-дог, нагетсы, чипсы, қытырлақ нандар және өзге де фастфуд өнімдері. Тәтті газдалған сусындар мен энергетикалық сусындар, өнеркәсіптік емес, үйде дайындалған тағамдар, шала піскен жұмыртқа, қуырылған жұмыртқа- консервілер, ашыған тұздықтар, кетчуп және ащы дәмдеуіштер.
Қыркүйек айынан бастап мектеп асханасының мәзіріне жаңа өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес енді күнделікті ас мәзірінде тек дәруменге бай, құнарлы тағамдар болуы тиіс. Мектеп асханаларында міндетті түрде көкөніс пен жеміс - жидек, сүт өнімдері, ет және балық тағамдары, түрлі ботқалар, көкөніс салаттары, сондай-ақ пайдалы сусындар (сүт, айран, морс, компот) болуы шарт. Бұл – балалардың жас ерекшелігіне сай толыққанды тамақтануын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұл өзгеріске орай аудандық білім бөлімінің бас маманы Гүлбаршын Тәжікова өз пікірін білдірді.
– Аудан бойынша барлығы 15 мектеп бар. 2 қыркүйектен бастап аталған мектептерде ыстық тамақ беріле бастады. Әр тоқсан сайын мектеп мәзірін тексеріп отырамыз. Қазіргі таңда мектеп асханаларында фастфуд тағамдары мүлдем сатылмайды, газдалған сусындар да жоқ,- дейді ол.
Осындай бастаманы ата-аналар да қуана қолдап отыр. Өйткені, бала денсаулығы - ең басты байлық. Балалардың дұрыс әрі пайдалы ас ішуі өте маңызды. Бұл олардың денсаулығына да, сабақ үлгеріміне де жақсы әсер етері сөзсіз.
Жалпы алғанда мектеп асханасында жаңа мәзірдің енгізілуі – жас ұрпақтың болашағына жасалған үлкен қадам. Дұрыс тамақтанған бала дені сау, ойы сергек, білімге құштар болып өседі.
А.АСҚАРҚЫЗЫ