Оба инфекциясының бір көзі – түйелер

Оба ауруы – ең жұқпалы және аса қауіпті аурудың бірі. Өткен ғасырларда оба жер шарын түгел аралап, халықты адам айтқысыз шығынға ұшыратқан. Аз ғана уақыт ішінде халықты жаппай ауыртып, өлімге ұшыратады. Оба қоздырғышы үнемі табиғатта сақталатын жұқпалы ауруға жатады.

Түйе ауруға оба ауруының қоздырғышымен залалданған кенелер мен бүргелер шаққанда шалдығады. Сонымен қатар індет тыныс жолы, азық түлік және жанасу арқылы да жұғады. Түйенің бұл ауруға бірең сараны ғана, кейде тіпті көпшілігінің де ұшырауы мүмкін. Бүргелерде оба ауруының қоздырғышы бір жыл бойы өсіп-жетіліп, сақталады. Осы аурумен залалданған бүргелер арқылы ауруға шалдыққан кеміргіштер жайылым шөбін ластап, ақырында түйелерді ау­ыртады. Аурудың алғашқы кезеңінде түйе өкпесі сарысуға толады, қанталап қабынады. Індет өршісе түйе өледі. Түйенің бүрге шаққан жері 2-3 күннен соң ісінеді. Мал ауырсынады. Ауруға шалдыққан түйе денесінің қызуы 41,5°С-қа дейін жоғары көтеріледі, сөл бездері екі есе үлкейеді және күйіс қайырмайды. Түйе обамен ауырғаннан бастап өте қауіпті, жұқпалы болып саналады.

Сілекей, нәжістері, жарылған бездің іріңі, шіріген өлі ет, бәрі де оба ауруының микробы болуы мүмкін, сондықтан ауру түйе тұрған қора, алдындағы шөп, жем құрал-сайман, жабдықтар (күрек, айыр, сыпыртқы, тырнауыш, түйенің су ішетін ыдысы бәрі де) оба микробымен зақымдалған деп саналады. Бұлар қасындағы басқа түйелерге, күтуші адамға ерекше қауіпті жағдай болып саналады.

Ветеринарлық бақылаудан өтпей сойылған әсіресе ауру түйенің еті айрықша қауіпті болмақ. Өйткені түйені сойғандар да, оның етін жегендер де дертке шалдығуы ықтимал. Күннің ыстығында ұзаққа сақтай алмайтындықтан ағайын - туыстар түйенің етін таратып алып кетеді. Ал бұл өзі білмеген «у» ішеді дегендей, обаның адамдар арасына, тіпті алыс жерлерге де жайылуына себепкер болуы ғажап емес. Мұндай жағдайда «сақтықта қорлық жоқ» деген мәтелді әр уақытта естен шығармауымыз керек.

Ауру шыққан пунктке шектеу қойылып, барлық түйелер тірі вакцинамен егіледі. Обамен ауырған және сол ауру­дан күдігі бар мал дереу оқшауланады немесе сойылып та­сталады. Өлген малдың өлексесін терісін сыпырмай өртеп жіберу керек. Қора-жай мен аулалар тазартылып, 5%-дық лизолдың және 20%-тік хлорлы әктің ертіндісімен залал­сыздандырылады.

Обамен ауырған түйеден ауру тарамау үшін алдын алу шаралары:

Ауру түйені сау түйелерден бөлек ұстау керек;

Ауру түйені тез арада мал дәрігеріне көрсету керек;

Ауру түйені дәрігердің рұқсатынсыз сатпау қажет;

Түйе ауырған жердің малдарын аурушаңдықты анықтағанша басқа жерге шығаруға болмайды;

Түйенің обамен ауырғаны, одан өлгені анықталса, бірге болған түйелерді обаға қарсы вакцинамен ектіру керек;

Сол маңдағы барлық түйелердің есебі алынып, бәрі де дәрігердің бақылауында болу керек;

Оба аурушаңдығынан өлген түйенің етін, жүнін, терісімен бірге өртеп жіберу керек.

Оба ауруының тарайтын жүйелерін білу, сонымен қатар одан сақтана білу–әрбір көзі ашық азаматтардың үлкен міндеті. «Сақтансаң, сақтармын» деген қағиданы естен шығармайық, ағайын!

И. САРБАЛИНА, аудандық обаға қарсы

күрес бөлімше дәрігері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT