Оқушылар аудандық полиция бөлімінің жұмысымен танысты

Балаларды полицияның жұмысымен таныстырып, қоғамдық орындардағы және жолдардағы негізгі ережелерді үйрету, халықтың полицияға деген сенімін арттыра отырып, кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылықтарын арттыру мақсатында 11-15 сәуір аралығында өтіп жатқан «Мен және менің полицейім» атты республикалық акциясы аясында Махамбет аудандық полиция бөлімінде «Ашық есік» күні өтті.

Оқушыларға алдымен полицей болу үшін қандай сатылардан өту керектігі, қандай оқу орнына түсу қажеттігі түсіндірілді. Соның ішінде Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түсу тәртібі мен қазіргі таңдағы полиция бөліміндегі бос лауазымдар таныстырылды. Бір айта кетерлігі, былтырғы жылы бөлім 10-ға жуық жас полицеймен толыққан болатын. Сонымен қатар полиция қызметінің қоғамдағы маңыздылығы, негізгі міндеттері, ерекшеліктері, полиция қызметкерлеріне қойылатын талаптар және мемлекет тарапынан жасалып жатқан әлеуметтік жеңілдіктер туралы мәліметтер жеткізілді.

«Ашық есік» күні ювеналды полиция тобының аға учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Ж.Ділмағамбетова полиция қызметкерлерінің тыныс-тіршілігімен таныстырды. Оқушыларға «102» телефон желісіне түскен хабарламалардың қабылдануы, тіркелуі және жасақты жіберу тәртібі түсіндірілді. Сондай-ақ, әкімшілік қамаққа алынған құқықбұзушылардың суық камералары, темір тормен қоршалған серуендеу алаңы, тамақтану орындары көрсетілді. Бөлімдегі тергеуші, анықтаушы, жедел уәкіл, ақпараттық және байланыс тобының инспекторларының атқаратын қызметтері атап өтілді.

14891fef-c8ed-4c35-b649-2f8018aee30a

– Мектеп оқушыларын құқық қорғау саласымен таныстыру биылғы жылды Президентіміздің «Балалар жылы» деп жариялауы сеп болды. Бұл бағытта аудандық полиция бөлімінде орта білім беру ұйымдарындағы оқушыларға «Ашық есік» күнін өткізу жоспарға қойылды. Сондай-ақ, акция барысында мектеп оқушыларына дәрістер оқылып, жолда жүру ережелері, қоғамдық ор¬ындарда бейтаныс адамдармен қарым-қатынас кезінде мінез-құлық қағидалары түсіндірілді. Осындай шаралардан кейін азаматтардың полицейлердің қызметіне деген сенімі артады деген ойдамыз, - дейді ювеналды полиция тобының аға учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Ж.Оспанқызы.

Сонымен қатар Махамбет ауылдық округінің аға учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Д.Расулиев өзіне бекітілген қызметтік автокөлігіндегі жарық шамдарын қосу, рация арқылы байланысқа шығу, кеуде-бейне жетондарын пайдалану тәртібін көрсетіп, қызмет бабындағы тәжірибесімен бөлісті. Бөлім бойынша кезекшілікте тұрған кезекші бөлімнің аға кезекшісі, полиция капитаны С.Жұмабеков оқушыларға арнайы құралдарды, қару-жарақтарды таныстырып, олар туралы толық ақпарат берді. Қару-жарақтарға, қорғаныс құралдарына қызыққан оқушылар оларды қолдарына алып көріп, мұндай шаралардың алдағы уақытта да жалғасқанын қалайтындықтарын айтты.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521