Бейбарыс ауылында тұратын Сарсенғалиевтар әулеті елге сыйлы шаңырағынан құт үзілмеген отбасы. Әулеттің берік қазығы мемлекеттік қызмет ардагері Марат аға мен Қаламқас апа ақылы дария, парасат-пайымы жоғары, құт-береке қрнақтап, бақ дарыған жандар. Қашанда үйінен қонақ үзілмейтін құтты шаңырақ бақыттың мекені іспеттес. Жарасымды жанұя мен ізгілікті қасиеттерге толы әулет қашанда көпке үлгі болып келеді.
Сүттей ұйыған отбасында жылылық пен мейірімге бөленіп өскен ұрпақ келешекте ұшқан ұясындағы тәрбиесін ұмытпайды, саналы ғұмырында да соны кәдеге асырады. Отбасының татулығы берік болса, еліміздің керегесі кең. Көпке сыйлы, ауызбіршілігі жарасым тапқан отбасыға мұндай баға беруге әбден болады. Әрине, өнегелі отбасы-елдің тұтқасы. Сәні мен салтанаты жарасқан берекелі шаңырақ кім-кімге де үлгі болары сөзсіз.
Марат аға мен Қаламқас апаның шаңырақ құрғандарына да -41 жыл болған екен. Бүгінде олар 1 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген бақытты ата-ана.
Марат аға Ақжайық ауылының тумасы. Ол 1967-1977 жылдары Қызылүй орта мектебін бітірген соң 1978-1981 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтепті. Ал 1983-1986 жылдары Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институтында оқыған. Марат аға институтты бітіріп, қолына дипломын алған соң Ақжайық ауылында біраз жылдай механик болып, жұмыс жасаған көрінеді. Ол 1991-2013 жылдары «Первомайский» совхозында бас инженер болса, 2017-2021 жылдары Бейбарыс ауылдық округінің әкімі болды.
Мәуелі шаңырақ ұйытқысы отағасы Марат аға 1982 жылы Қаламқас Орынбасаровамен отау құрып, өмірге үш қыз, бір ұл әкеліп, тәрбиелеп- өсірді. Төрт баласы да жоғары оқу орнын бітірген. Үш қызы-Динара, Алмара, Лина мұғалім, тұрмыста. Ұлы Бекболат Атырау инженерлік-гуманитарлық институтын мұнай саласы бойынша бітірген, бүгінде Атырау әуежайында жұмыста. Келіні Гульфия Еділжанқызының мамандығы-экономист-есепші.
Бүгінде өнегелі шаңырақ иелері Марат аға мен Қаламқас апа 10 немер-жиеннің қызығын көруде. Отбасы, тәрбие жөнінде ағамыз біраз ой-орамдарымен бөлісті.
-«Шаңырақта адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Жанұя шайқалмауы үшін отбасы сыйластығы болуы қажет. Иа, бала тәрбиесінің маңызы зор. Ата-әже тәрбиесін көрмей өскен бала кемде-кем шығар. Атаның жыр-дастанын, әженің ертегісін тыңдап өскен ұрпақ үнемі рухани байып, отырған. Әке-шешемізден «тәрбие көрген», «иманжүзді», «көсегесі көгерген»» дегенді жиі естуші едік. Ондай сөздер жас отбасыларға қатысты айтылса керек. «Отан-ортақ үйіміз» деп қарайтын болсақ, сол ортақ үйіміздің шаңырағын шайқалтпай, уығын тіктеп, керегесін кеңейтіп, береке-бірлігін ұйыта ұстау-ортақ міндетіміз»-дейді Марат ағаның өзі.
Отанасы Қаламқас апа өзінің киелі өлке Қызылқоға ауданының Тайсойғанында өмірге келгенін айтады. Ол да Марат аға секілді көпбалалы үйдің он баласының үшіншісі екен. Қаламқас апа Атырау(Гурьев) педагогика институтының биология мамандығын бітірген. Ол кісі 40 жылға жуық білім саласында еселі еңбек еткенін білдік.
–Мен сонау үлкен әулетке 1982 жылы келін болып түскен кезде қара шаңырақта атам, екі енем, 10 бала болды үйде. Үйдің тұңғышы Марат ағаң болатын. Біз 10 жылдай бір үйде төрт келіннің әрқайсысында төрт баладан бар еді. Сонда ата-енемді қосқанда бес отбасының 24-тей адам бір үйде тұрғанымыз есімізде. «Көңіл сыйса, бәрі сияды» демей ме. сол кезде бәрі жетіп жататын, ештеңеден таршылық көрмедік. Қазақ «Жақыныңды қадірлей біл тірісінде» демей ме. Бүгінде үлкендер өмірден өтіп кетті. Отбасының үлкені қазір Марат ағаң болып қалды. Өнегелі отбасы –қоғам байлығы деп тегін айтпаса керек. Шаңырақ адам ғұмырының тірегі ғана емес, қоғамымыздың басты негізі. Отбасы басты қазығы, алтын тіреу діңгегі-бала. Ал бала тәрбиесі-ортақ іс. Кезінде Саққұлақ шешен «адамның басшысы-ақыл, шроушысы-ой, жетекшісі-талап, қорғаушысы-сабыр, сынаушысы-халық, таусылмайтыны-арман, ең қымбаттысы-ар сақтау, бәрінен де ардақтысы-өмір сүру. Соның ішінде ең тәттісі-сыйластық» депті. Сыйластық, түсіністік бар жерде отбасы мықты болады. Мемлекет тірегі-шаңырақ екені де рас. Әйгілі Л.Толстой: «ең бақытты адам-отбасындағы бақытты адам» деген екен. Ал бұл бақыт-үй ішінің тыныштығында дер едім. Дана халқымыз «ерін сыйлаған есікте қалмайды» дейді. Жанындағы жарын құрметтеуді, балаларына әкесін қадірлеуді үйретсек, оның несі айып?
Өнегелі шаңырақ-өрелі ұрпақ. Өмірдің бар тауқыметін, жанұяның бақ-ырысын, ризық несібесін, аман-саулығын тілегеннен артық не бар?! Бақытты отбасы дегенде көз алдымызға қайратты әке, мейірімді ана, баланың шат күлкісі келеді. Шынында да солай. Шаңырақ шаттығы, бақыты үшін көп нәрсенің керегі жоқ. Жанұя мүшелерінің сүйіспеншілігі болса, жетіп жатыр. Кезінде ата-бабамыз «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп адам өмірінде отбасылық тәрбиенің мән-маңызын баса айтқанын білеміз. Шаңырақ-өмірге келген әр сәбидің тұңғыш ұясы, алғашқы ұстазы. Тағы бір айтарым, отбасындағы үш қызым Динара, Алмара, Лина да менің жолымды қуып, ұстаз болды. Олар қазақ тілі мен әдебиеті, сызу, тарих пәндерінің мұғалімі мамандығын меңгеріп, өмірден өз жолдарын тапты. Өзім сияқты қыздарым да қолөнерге жақын, қолынан іс келетін ісмер, шебер болып өсті. Қыздарым қазіргі заманауи бағыттағы той, сырға салу бұйымдарын, сәукеле, әдемі сәнді сөмке тігудің хас шебері болып алды. Бұрынғы кезде аналарымыз істегенің маған жақсы, үйренгенің маған жақсы дейтін. Сондықтан үш қызым да тойбастар, сырға салу бұйымдарын, кәдесыйлар жасап, тігуді кәдеге асырып, шебер меңгеріп алған. Мәселен, үлкен қызым сәукеле, сырға салу, келін түсіру салт, әдет-ғұрыптарына байланысты нәрселер тіксе, кіші қызым -ру таңбаларын, ортаншы қызым әдемі төсеме(салфетка) тіккенді ұнатады. Ал менің хоббиім- әдемі, сәндік заманауи қол сөмкелер тігу-деп Қаламқас апай қолөнер бұйымдарын алдымызға жайып тастады. Не деген әсем бұйымдар. Тіпті көздің жауын алады екен. Бәрі шебер, ұқыпты етіп жасалғаны көрініп тұр.
Шынында да бұл отбасынан бір-біріне деген құрмет, сыйластық пен сүйіспеншілік есіп тұратынын байқадық. Қазақ «әке көрген-оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп бекер айтпаса керек. Балалары әке тәрбиесі мен ана тәлімінен ешқашан аттап кеткен емес. Айтқан ақылдарын өмірлік қағида етіп ұстанған ұрпағына ата-анасы да дән риза. Апамыз немере-жиендеріне ертегі айтудан жалыққан емес.
Таяуда ауданымызда өткен «Мерейлі отбасы» байқауына М.Сарсенғалиевтар отбасы да қатысқан еді. Иа, тамыры тереңге кеткен бәйтерек сынды үлкен әулеттің тыныс-тіршілігінен әке мен анасының сыйластығы, балаларына көрсеткен өнегесінің ұмытылмас ұлағатын көруге болады
А.Қуанышқалиева