«Аманат» партиясы аудандық филиалы ғимаратында өткен кәсіпкерлермен кездесуді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Махамбет аудандық филиалы директоры Жексенбай Пазулов ашып, облыстан келген меймандармен таныстырды.
Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының құқықтық мәселелер бойынша директорының орынбасары, бизнес-омбудсмен Жолдыбаев Сәрсенбай Хамидоллаұлы жалпы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының атқаратын жұмыс барысына тоқталып, кәсіпкерлерді көптен толғандырған мәселелерін тыңдады. Бұл салада жұмыс істегеніне 8 жылдай болғанын, жалпы «Атамекен» ұлттық палатасы екі бағытта бизнесті қолдау, дамыту, кәсіпкерлер арасында кездесіп жатқан кедергілерді жою бағытында жұмыс істейтінін, палатада төрт заңгер барын, бәрі заң шеңберінде шешілетінін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік іс-қимылдар агенттігімен бірге жұмыс жасайтынын, кейде заңсыз мәселелерге де араласатынын тілге тиек етті. Ол Астанадағы бизнес-омбудсмен Президентке жыл сайын есеп беретінін, заң бұзушылықты анықтап, оның соңы сотқа жететінін мәлімдеді. Кәсіпкерлер тарапынан кез келген арыз қабылданатынын, үш күн ішінде мәселе шешілетінін, 19 кәсіпкерге көмектескенін, қазір арызданушылар саны азайып жатқанын, бәрі электронды түрде егов арқылы қабылданатынын да айтып өтті. Кәсіпкерлер бизнесті жүргізу барысында кездесетін кедергілер мен қиындықтар туралы баяндап, оны шешу жолдарын талқылады.
–Қазір бәрі күрделеніп жатыр. Әсіресе, салық саласы. 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда әкімшілік сот өз жұмысын бастады. Бұрын арызды азаматтық сотқа беруші едік. Осы кезге дейін кәсіпкерлікке қатысты қаншама сот болды . Бұрын іс 15-20 пайыздай болса, қазір іс көлемі 60 пайызға жетті. Біз қолымыздан келгенше кәсіпкерге көмектесеміз, сот арқылы болса да бар қаражатын өндіріп береміз.
Жалпы биыл облыстық кәсіпкерлік палатасына 100-ден астам арыз түсті. Оның 53-нен заң бұзушылықтар анықталса, 43 кәсіпкердің құқы қорғалды, тек 10 арыз ғана реттелмеді. Өйткені, ол арыздардың мерзімі өтіп кеткендіктен, кейбірінің дәлелі жоқтан.
Өзім де кәсіпкермін, мұның бәрі басымыздан өтіп жатырғандықтан айтып отырмын. Шынын айту керек, кейде кәсіпкерлік саласында сауатымыз жетпей қалып жатады. Сондықтан кәсіпкерді де бір кезек оқыту керек деп ойлаймын. Кәсіпкер өз саласын жетік меңгергені дұрыс.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап кәсіпкерлік нысандарда тексеріс басталады. Келер жылдан бастап қадағалаудың жаңа түрі «Таза парақтан» басталады деп күтілуде. Тексеру сауда, тамақ, мейрамхана, көлік(транспорт) жағынан жүргізіледі. Сонымен қатар 18-дей заңға өзгерістер енді. 11 мыңнан астам талап жойылды. Мәселен, наубайханаларға санэпидемиологиялық талаптар –ет кесетін стол күн жағында тұру керек, санузел, желдету(вентеляция) дегендер мүлдем алынып тасталды. Қазіргі уақытта арнайы тізім жүйесі енгізілді. Сол тізімдегі талаптар қаралып, сұралатын болды. Мал шаруашылығы болса, малды егу(вакцинация), құрылыстың да өз талаптары бар. Арыз түссе, қоғамдық қауіпсіздікке, прокуратураға тіркелу керек.
Жаңадан әлеуметтік кодекс қабылданды. Кейбір салықшылар 1000-ға жуық дүкенді тексеріп, фотоға түсіріп, ескерту бергенін бір арыз түскен соң білдік. Олар 1000 адамның 179-на айыппұл салып, қалғанына ескерту берген екен. Әрине, бұл заңсыздық. Тексеру жүргізіп, 51 дүкенге барып, 51 мыңды қалтасына басқан. Түскен арыз бойынша бұл бассыздық, заңсыздық әрекетті тоқтаттық. Мұндай жағдайда кәсіпкерлер тиісті әрекетке көшіп, белсенді болған дұрыс деп ойлаймын-деді С.Хамидоллаұлы.
Кәсіпкер Ғ.Сүлейменов бір қыз 300 теңгеге сауда жасап, чекті алмай кеткені үшін 37 мың теңге айыппұл төлегенін айтты. Бизнес-омбудсмен сатушы чекті беруге міндетті екенін, ал чек сауда жасағанының нақты дәлелі, дүкенге түскен кіріс екенін, тұтынушы жағына аса сақ болу кәсіпкер тәуекелдерінің бірі екенін айтты. Ол бір кәсіпкердің аяқ киім сатқанын, өкшесі сынып қалғандықтан оны кері әкелгенде алмағанын, тұтынушы арызданғанда кәсіпкер дүкенде аяқ киімнің өкшесі сынбай, бүтін болғанын, өзі сындырып әкелді деп біраз дауласқанын да айта кетті. Тұтынушы 14-15 күннен соң әкеле ме, қашан әкелсе де кәсіпкер ол затты қабылдау керектігін, ал дәлел жинасаңыз ұзақ жүру қажеттігін қаперледі. Басқа да кәсіпкерлер бастан кешкен жайттарын ортаға салып, құқықтық кеңестер алды.
Бизнес-омбудсмен С.Хамидоллаұлы кәсіпкерлерді толғандырып жүрген жайттармен толық танысып, оларды шешу жөнінде нақты шаралар қабылданатынын, тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар беріп, жағдайды реттеуге ықпал ететінін ескертті. Кездесуде айтылған мәселелер мен өтініштерді есепке алып, қойған сауалдарды жауапсыз қалдырмайтынын тілге тиек етіп, шараны қорытындылады.
А.Қуанышқалиева