Өнерімен тамсантқан Ақтоғайлықтар

Дауылпаз ақын  Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына арналған «Жайықтың бойы көк шалғын» атты өнер фестивалін Ақтоғай ауылдық округі өнерпаздары жалғастырды.  Сазды бағдарламаны Роза Сүгірова Махамбеттің  «Аспанда ұшқан бозторғай» термесімен  ашты.

 М.Шахановтың  «Махамбеттің соңғы сөзі» өлеңін Ербол Гумаров мәнерлеп оқыса, Самат Есқалиев «Бәйге» әнін әуелете шырқап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.  Сазгер Қ.Ихсановтың «Махамбет-құтты мекен» әнін   «Аруана» халықтық әжелер ансамблінің әншілері  орындауында тыңдадық.  Әжелер ансамблі  халық әні «Харар-ау» -ды  шырқап, жиналғандардың қошеметіне бөленді. 

Батыр бейнесіндегі бір топ жігіт Б.Аманшиннің «Исатайдың семсері»  пьессасынан үзінді көрсетіп, сол бір сұрапыл шақтарды көз алдымызға  елестеткендей болды. 

Б.Ізмұхамбетовтің «Көңіл толқуы» әнін Дария Қожрақова шырқаса, Айгерім Құсайынова «Сарыжайлау» әнінің сазын қобызда орындады.  Сонымен қатар  Аңсар Адилгалиев, Дария Әдебиет пантомима жанрында өнер көрсетті.  

 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сазгер І.Жақановтың «Нені ойладың?» әнін  акаппелла шырқаса,  Аслан Сүйекенов «Мен үшін Лондон»  әнін орындауымен көзге түсті. 

Махамбеттің «Жұмыр қылыш» күйін Самат Есқалиев пен Айгерім Құсайынова күмбірлетті дерсің.  Ұлттық киімдегі ер балалар тобы «Батырлар ұраны» биін билесе, Назерке Ахметова «Тәуелсіз қазақтың қызымын» әнімен тамсантты. 

Белгілі қаламгер, ақын  Тарас Наурызәлінің «Махамбетке» өлеңін  Айшат Нұрым мәнерлеп оқыса, ансамбльдің сүйемелдеуімен Сандуғаш Жукеева халық әні «Гүлдерайымды» керемет орындап шықты.  Дуэт  Жайлыбек Қуанышұлы мен Рашида Рафхат «Жараламағын»  әнін орындауымен есте қалды.   «Елімнің бір еркесі мен боламын» әнімен шара да  өз  мәресіне  жетті.

Әділқазы Берік Әбілдай  Ақтоғай ауылдық округінің  сазды бағдарламасын қорытындылап, барлық жанрлар қамтылған сазды бағдарламаны тамашалауға келген көрермендерге   ризашылығын білдірді.

А.Қуанышқалиева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT