Аудандағы тағы бір сүйінші жаңалық - Сарайшық ауылында жиһаз цехы ашылды. Сарайшық ауылының тумасы Ернар Ахметов есімді азамат ағаштан түйін түйген шебердің бірі.
Кәсіпті нөлден бастап, өз еңбегімен аяққа тұрған деп осы Ернардай жігіттерді айтуға болатын шығар. Себебі, ол арнайы оқусыз, курстарды сатып алмай-ақ, қарапайым жұмысшы болып жұмысқа кіріп, шебер статусын алып шыққан.
-Тоғызыншы сыныпты аяқтаған соң Атырау қаласындағы агротехникалық колледжге оқуға түстім. Екінші курс оқып жүрген кезімде, яғни 2007 жылы жиһаз құрастыратын «Диар» компаниясына қара жұмысшы болып орналастым. Бір айдан кейін «мастер» лауазымына көтерілдім. Осы жерде 6 жыл еңбек еттім. Кейін достарыммен бірге өз кәсібімізді аштық. Қалада ғимаратты жалға алып, жұмыс жасадық. Енді өз үйімнің ауласынан ғимарат салып, ауылдан кәсіп бастап отырмын. Алдағы уақытта шағын бизнеске берілетін мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсібімді кеңейтпек ойым бар,- деді Е.Ахметов.
Жас кәсіпкердің бастамасы мен жұмысқа деген ынтасы ерекше дейді «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалының басшысы Жексенбай Пазулов.
Ернар Осыдан аз уақыт бұрын кәсіп бастап, жиһаз жасайтын цех ашқан. Еңбекқорлығы мен шаруаға мығымдығының нәтижесінде бүгінде кәсібі шағын өндіріс орнына айналып отыр. Цехта жиһаздың барлық түрі жасалады.
Сарайшықтағы цехта жиһаздар тапсырысқа қарай дайындалады. Егер тапсырыс көп болса, айына жиырма жиһаз жасауға да мүмкіндік бар екен. Әзірге мұнда жергілікті үш адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жиһаздың сапасы мен дизайнына шебер өзі жауап береді. Қазіргі заманауи ас үй жиһаздарынан бастап үйге қажетті біраз дүниені енді жақын жерден тапсырыспен алдыра аласыздар. Жалпы отандық өнім, жергілікті кәсіпкерлердің жұмысына келгенде тұрғындар тартыншақтап жатады. Керісінше осындай еңбекқор ауыл азаматтарын қолдап, олардың аяяққа тұруына көмектесіп, уақытыңыз бен ақшаңызды үнемдеген дұрыс секілді.