«Өнерпаз» мәдениет үйінде З.Ещанова атындағы аудандық балалар өнер мектебінің «Өнерлі болу-арманым» атты есеп беру концерті өтті. Оған аудан өнерпаздары, ұстаздар, оқушылар мен ата-аналар да қатысты.
Шараның алғысөзін мектеп басшысы Э.Жалғасқызы бастап:
- Бүгінгі өнер додасы балалар өнер мектебінің құрылғанына-50 жыл, әуесқой күйші, жергілікті композитор З.Ещанованың туғанына -110 жылдығына байланысты өтіп отыр. Концерт төрт бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімді домбыра бірлестігі бастайды. Республикалық, облыстық байқаулардың лауреаты, домбыра сыныбының мұғалімі Рамиль Елемесов жетекшілік ететін бірлестікте бүгінде 13 мұғалім еңбек етеді. Домбыра, жетіген, шертер аспаптарынан 137 оқушыға дәріс беріп жүр. Осы секілді облыстық, републикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты болып жүрген оқушыларымыз бен ұстаздарымыздың өнерін тамашалайсыздар,-деді.
Екінші, бөлімді көркемөнер бірлестігі жалғастырды. Мұндағы ақындар, бишілер, суретшілер, киімді көркемдеп үлгілеу сыныбы оқушылары өз туындыларын, өнерлерін паш етті. Армангүл Жарқынқызы жетекшілік ететін бірлестікте 9 мұғалім 80 оқушыға дәріс береді. Ақындар сыныбының шәкірттері де өздерінің тырнақалды туындыларын ұсынды. Сән әлеміне сапар шегіп, киімді көркемдеп үлгідеу» сыныбы түлектері өз қолдарымен тіккен сәнді киімдері топтамасын ұсынды. Пән мұғалімі Гүлжиһан Елубайқызы болса, сынып жетекшісі Армангүл Адилгалиева.
Ысқышты, клавишті аспаптар бірлестігі жалғастырған бөлімде педагог-модератор, қобыз сыныбының мұғалімі Гүлзия Магзумова жетекшілік ететін бірлестікте 11 мұғалім 74 оқушыға дәріс береді. Облыстық Н.Тілендиев атындағы жас орындаушылар байқауының дипломаты Нұрдәулет Қисмет сырнайда «Концерттік вальсті» орындап шықты. Мұғалімі педагог-зерттеуші Жанболат Ғұбайдуллин. Халықаралық байқаудың дипломанты, республикалық, облыстық конкурстардың лауреаты, қылқобыздан мектеп түлегі Құндық Қали Н.Тілендиевтің «Аңсау» шығармасын орындады. Ксилофон аспабында оқушы Саида Аманерқызы Б.Шукеновтің «Гүл-Алматым» шығармасын орындап, көптің қошеметіне бөленді.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА