«Әкімдердің халықпен тұрақты кездесулерін өткізу туралы» Президент Жарлығына сәйкес аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев Бейбарыс ауылдық округі тұрғындарымен кездесті. Алдымен ауылдық округте атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасап, кейін ауыл тұрғындарының мәселесін тыңдады.
Сәуір айында Бейбарыс, Талдыкөл ауылдарындағы көше жарық шамдары ауыстырылып, қайта іске қосылды. Осы жылдың 1 наурызынан бастап Атырау қаласы бағытына автобус шығарылып, жергілікті екі азамат жүргізушілікке қабылданды. Автобус қалаға дүйсенбі-жұма күндері екі мезгіл жүрсе, сенбі мен жексенбіде бір мезгіл қатынайды. Халықтың көңілінен шыққан қоғамдық көліктің жолақысы да қолжетімді.
Жастарды қолдау бағытында тәжірибе жинақтауға округтегі мекемелерге мамандықтары бойынша жұмысқа орналастыру, жұмыстары жүргізілуде. Талдыкөл ауылындағы акушерлік-фельдшерлік пунктіне бір жас маман «Жастар тәжірибесі» арқылы 1 жылға жұмысқа алынып, еңбек етуде.
– «Алғашқы жұмыс орны» жобасы арқылы екі адам жұмысқа қабылданды. Талдыкөл ауылының бір азаматы өз кәсібін бастау мақсатында 1 млн 380 мың теңге қайтарымсыз грант алды. Биыл әлеуметтік жұмыс орнына 8 адам орналастырылса, ақылы қоғамдық қызметке 14 адам қатыстырылуда. Жыл басынан бері округ аумағындағы мекемелерге 13 адам тұрақты жұмысқа, 29-ы уақытша жұмысқа орналасты. Тұрғындардың басым көпшілігі округтен тыс жерлерде, қалада, вахталық әдіспен жұмыс істейді. Бейбарыс ауылдық округі бойынша атаулы әлеуметтік көмекті 4 отбасындағы 22 адам алып отыр,- деді Қ.Нұрлыбаев.
Бүгінде округ бойынша тұрғындарға медициналық көмек көрсетіп отырған екі нысанда бір жоғары білімді маман, 6 орта буынды медициналық қызметкер жұмыс істейді. Бейбарыс пен Талдыкөл ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункт сырқаттанған жандарды қабылдап, ем-дом жасаса, Аққайың ауылындағы ФАП құрылысы жүруде.
– Бейбарыс ауылының тазалығын және әр көшеге қойылған контейнерлерді төгу жұмыстарын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік сатып алу арқылы «Қорғанов» жеке кәсіпкерлігі тазалықты 2 млн 995 мың теңгеге, контейнерді 2 млн 150 мың теңгеге ұтып алып, тазалық жұмыстарын жүргізуде. Талдыкөл ауылының Жайыққа ең жақын тұсын судан қорғау мақсатында мердігер «Дамир-Атырау» ЖШС 4 млн 785 мың теңгеге ұтып алып, жаға бекіту жұмыстарын жүргізді. Аталған мердігер мекеме ауылдағы қоқыс төгетін алаңның қоршау жұмыстарын бастады,- деді аудан әкімі.
Округке қарасты Бейбарыс, Талдыкөл, Аққайың ауылдарында «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында су тазарту қондырғылары жұмыс істеп тұр. Сәуір айынан бастап жергілікті қоғамдастық және ауылдарда өткізілген тұрғындар жиынының қаулысымен үш ауылдағы таза су қондырғысы өтеусіз пайдалану үшін «Махамбет-Су» мекемесіне берілді. Талдыкөл ауылындағы жазғы су құбырларын жөндеу жұмыстары да өз деңгейінде жүргізіледі деп күтілуде. Таза су жүйесі мүлдем тартылмаған 12 үйге құбыр тарту үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, бүгінде мәслихаттан қаржыға сұраныс берілуде.
Кездесуге қатысқан округ тұрғындары электр желісі орнатылған бағаналарды ретке келтіру, интернет желісі, жайылымдық жер мәселелерін қозғады. Кейін Бейбарыс ауылының бір топ азаматы аудан әкімінің жеке қабылдауына жазылып, мәселелерін жеткізді. Барлық айтылған ұсыныстар, арыздар заң аясында шешілетінін айтқан аудан басшысы тиісті бөлімдерге тапсырма берді.
Қ.АЙТҚАЛИҰЛЫ