Таңдай орта мектебін бітіргеніне 20 жыл болған түлектер мұқтаж отбасыға баспана сыйлады

«Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» бағыты бойынша жүзеге асырылған қайырымдылық іс-шарасы Таңдай ауылының халқын тәнті етті.

Махамбет ауданы Бақсай ауылдық округінің орталығы Таңдай ауылының 1986 жылы туған түлектері мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай 7 баланың анасы, «Алтын алқа» иегері Айсұлу Ниязоваға үй алып берді. Үйдің кілті салтанатты түрде табыс етіліп, ауыл болып қуаныштарын тойлады.

Таңдайлықтар қашанда өз ауылының  жанашыр азаматтарымен  мақтанады. Олардың жасаған жақсылығын көрсетіп, келешектің тұтқасын ұстар жастарға үлгі етеді. Түлектердің тартуы – елге жасалған қамқорлық пен жанашырлықтың жарқын көрінісі. Игі іске куә болған аудан ақсақалдары түлектерге батасын берсе, ел ағалары ризашылықтарын жеткізіп, алғыс айтты. «Ауласы бірдің ауасы бір» демекші жаңа көршілеріне Қалығыз Сәрсенғалиева мен Сара  Мүскеновалар сый-сияпаттарын табыстады. Баспанаға қолы жетіп, қуанышы қойнына сыймаған көп балалы ана алғысын жеткізді.

– Осыдан 20 жыл бұрын «сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та бар қалан» деп, аттандырып салған балапандар бүгінде бір-бір тұлға болып ауылға оралды. Бүгінгі ізгі іс-шараны жүзеге асырушыларға ризашылығымызды білдіремін. Бірлік бар жерде берекелі тірлік болады. Ауылымыздың жастары жаңа баспана тарту етіп, үлкен қуанышқа бөледі. Қонысымыз құтты болып, іші тек жақсылықа толсын деймін. Ұрпақ қызығын көріңіздер. Достықтарыңыз нығая берсін. Әрбір жанға жасаған жақсылықтары еселеп қайтуын тілеймін. Ауылдық округтегі баспанасыз жүрген отбасыларға осындай бақыттың бұйыруын тілеймін,- деді жаңа үйге ие болған Айсұлу Ниязова.

Әр жылдары мектеп бітірген түлектердің білім ордаларындағы соңғы қоңырау қарсаңында қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға көмектесуі, өз ауылының көркейіп-көріктенуіне үлес қосуы дәстүрге айналды. Бұған дейін түлектердің қолға алуымен ауылдың кіреберісіне ашық спорт алаңы, демалыс орны салынса, жасыл белдеуге көшет отырғызу дәстүрге айналған.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521