Облыстық сайлауалды штаб мүшелері, облыстық мәслихатқа партиялық тізімге енген кандидаттар Махамбет ауданы Сарытоғай ауылының көп балалы аналарымен, сайлаушылармен кездесті.
Әділ Жұбанов пен Бексұлтан Дүйсенғұл бастаған «Nur Otan» партиясының белсенді мүшелері партияның алдағы бес жылдағы сайлауалды бағдарламасымен, кәсіпкерлерді қолдау бағытындағы атқарып жатқан жұмыстармен жан-жақты таныстыруға мүмкіндік алды.
Кездесу барысында облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Әділ Жұбанов келер жылдың ІІ жартыжылдығында Сарытоғай ауылының жолын түгелдей асфальттау көзделіп отырғандығын атап өтті. Жолдардың сапасын жақсарту да партияның аудандық филиалының сайлауалды бағдарламасында тайға таңбай басқандай жазылған. Автокөлік жолдарын салу арқылы алдағы бес жылда сапалы жолдың үлесі 2 пайызға артпақ.
- Соңғы жылдары біздің облысымыз да, ауданымыз да дамудың даңғыл жолына түсті. Кәсіпкерлердің жаңа буыны қалыптасып келе жатқаны қуантады. Алдағы сайлауда белсене қатысуға және «Nur Otan» партиясының белсенді мүшесі болғандықтан аталған партияға дауыс беруге шақырамын. Өздеріңіз білесіздер, «Nur Otan» партиясы бұл сайлауға үлкен бағдарламамен келді. Бағдарламаны қарап отырсаңыз, ел дамуының барлық саласын қамтыған. Осы бағдарламаны 2025 жылға дейін жүзеге асыру – біздің, яғни нұротандықтардың басты мақсаты. Осыны халыққа түсінікті тілде жеткізудеміз, - дейді Ә.Орынбасарұлы.
Сонымен қатар, кездесуге аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар да өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Әсіресе, әйелдер мен жастарға көп мүмкіндік беріп отырғандығын тілге тиек етті.
- «Nur Otan» партиясының ұйымдастыруымен елімізде алғаш рет праймериз өткен болатын. Мен де осы праймеризиге қатысып, нақты бағдарламамды ұсына отырып, қажетті дауыс жинап, жеңіске жеттім. Менің бағдарламам негізінен ауданның тарихи орындарын, қоғам қайреткерлерін насихаттау, көпшілікке таныстыру болатын. Алдағы сайлау алдындағы маңызды кезеңде біздер қызу жұмыстар жүргізудеміз. Онлайн кездесулер мен ауылдарды аралап, бетпе-бет жүздесулер ұйымдастырудамыз. Алдағы сайлауда баршасына сәттілік тілеймін. Және нақты қадаммен таңдау жасайды деген сенімдемін, - деді аудандық мәслихат депутаттығына үміткер Ару Аманғалиева.
Жиынға қатысушылар да алда өтетін сайлауға белсене қатысып, өз таңдауларын жасайтындықтарын, кездесуде айтылған болашақ жоспарларға көңілдері толатындықтарын атап өтті.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ,
«Nur Otan» партиясының Атырау облысы Махамбет ауданының
сайлау қоры қаражатының есебінен төленді