Б.Сұлтановаға ауданның «Құрметті азаматы» атағы берілді

Арманымыздың асқары, бақытымыздың бастауы болған ұлық та қасиетті Тәуелсіздік мерекесіне орай «Өнерпаз» мәдениет үйінде «Тәуелсіздік – алаштың алтын тәжі» атты салтанатты шара өтті.

Қазақ елінің дүйім дүниеге өз тәуелсіздігін жариялап, мәңгілік ел болуға бірегей қадам жасағанына 29 жыл уақыт өтті.

Арманымыздың асқары, бақытымыздың бастауы болған ұлық та қасиетті Тәуелсіздік мерекесіне орай «Өнерпаз» мәдениет үйінде «Тәуелсіздік – алаштың алтын тәжі» атты салтанатты шара өтті. Түркештің күйі «Көңілашар»-мен кеш шымылдығын ашқан Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі мәдениет үйіне жиылғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлап, рухани азықпен сусындатты.

frum151220

- Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, тәуелсіздік – тәуекелі жеткендердің ғана пешенесіне бұйыратын бақыт. Бұл – кешегі бабалар ерлігінің рухын алған, ертеңгі ұрпағына жол салған замандастарымыз, сіздердің еселі еңбектеріңіздің жемісі. Тәуелсіздік мерекесін барша махамбеттіктер де жоғары жетістіктермен қарсы алып отыр. Ауданды дамыту бағытында көптеген шаралар алынды. Баршаларыңызға отбасы амандығын, шаңырақ шаттығын, берекелі бірлік пен баянды тірлік тілеймін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мәңгілік еліміздің келбеті сәнді, еткен еңбегіміз мәнді болсын, - деді алғашқы мерекелік құттықтау сөзді алған аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы.

Жылдағы дәстүрге сай тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына бір кісідей атсалысқан азаматтарға түрлі атақ-абырой табысталып, көңілдері бір марқаятын-ды. Осы жолы да қалыптан таймай, мерейлі ауданның жанашырларына ауданның «Құрметті азаматы» атағы, алғыс хаттар, төсбелгілер табыс етілді.

Олардың қатарында Covid-19 індетімен күресте тайсалмай қарсы тұра біліп, антына адалдық таныта жүріп қызмет барасында қайтыс болған аудандық орталық аурухананың №5 жалпытәжірибелік учаскесінің медбикесі, марқұм Бибігүл Бақтығалиқызы Сұлтановаға Махамбет ауданының «Құрметті азаматы» атағы және «Nur Otan» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісі ұсынылды. Марапат қызы Айгерім Нұрболатқызына табысталды. Бибігүл Бақтығалиқызын еске алу үшін бір сәт үнсіздік жарияланды.

Сондай-ақ, Махамбет ауданының «Құрметті азаматы» атағы Атырау облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Мұрат Өтешевке, су шаруашылығы саласының ардагері Бисен Қуановқа және «АлматИнжСтрой» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Бронислва Шинге табысталды.

ork151220

Ал облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталғандар қатарында аудандық орталық аурухананың терапия бөлімшесінің тазалықшысы Дариға Айжарықова, «Профдезинфекция» ЖШС басшысы Дариға Жолаева және аудандық орталық аурухананың хирург-дәрігері Аймұрат Еркіновтер бар. Жеке кәсіпкер Кәмшат Алиева мен О.Шонаев орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Бұлан Нұрғалиев облыстық мәслихаттың алғыс хатымен марапатталды. Мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері, мерейлі 70 жасқа толған Асқар Құрманбаев пен Жолай Түгелбаевты ауданның «Құрмет грамотасымен» марапаттады. Асқар Рахымұлына Республикалық ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігінің «Құрмет белгісі» төсбелгісі қоса табысталды. Сонымен қатар, аудан әкімінің алғыс хатымен аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Сәрсен Амантаев, аудан прокуроы Нариман Ешманов және аудандық полиция бөлімінің бастығы Абай Закариевтер аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

qya151220

Бүгін аудан әкімдігі, аудандық мәслихат депутаттары еңбегімді ескеріп, атақты табыстап отырғандарына ризамын. Бұл марапат су шаруашылығы саласын назардан тыс қалдырмай, бағалады деп ойлаймын. Осыған орай аудан жұртшылығын Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Аудан экономикасы артып, халқымыздың әлеуметтік жағдайы жақсара берсін. Еліміздің тәуелсіздігі мәңгілік болсын,-деп тілегін білдірді ауданның «Құрметті азаматы», су шаруашылығы саласының ардагері Бисен Отарұлы.

Жылдың үздіктері, жыл қорытындысымен жоғары еңбек көрсеткішіне ие болған әр саланың қызметкерлері де бүгінгі кеште анықталды. «Үздік дәрігер» – аудандық ауруханының стационарлық бөлімінің меңгерушісі Мақсот Есеев, «Үздік мәдениет қызметкер» – «Өнерпаз» мәдениет үйінің басшысы Серік Қойшығұлов, «Үздік спортшы» – жас фуболшы Данияр Сәлімжанов, «Үздік коммуналдық сала қызметкер» – Александр Кехаев, «Үздік әлеуметік қызметкер» – Ақмарал Нығметова, «Үздік волонтерлар» – Ақылбек Нәбішев пен Абай Айдарбек, «Үздік полиция қызметкер» болып Нұрсұлтан Қабдолов танылды.

ani151220

Марапаттау шарасы Д.Нұрспейісова атындағы Академияклық қазақ халық аспаптар оркестрінің мерекелік сазды бағдарламасына жалғасып, кеш аудан өнерпаздарының әнімен аяқталды.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521