Хореограф Білім Аруеваның жетекшілігімен жеті жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан «Нұр-Ару» би тобының бұған дейінгі жеткен жетістіктері аз емес. Жуырда ғана Алматы қаласында музыка және хореграфия жанрында өткен «Қазақстан таланттары» халықаралық конкурсында бишілердің бағы жанып, төртінші мәрте гран-приді иеленді.
Халықаралық байқауда еліміздің әр өңірінен, сондай-ақ Ташкент, Әзербайжан, Астрахань, Татарстан сынды көршілес мемлекеттердің өнерпаздары да бақ сынаған. «Нұр-Ару» би тобында Ақжайық ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған би тобынан 11 қыз, аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйі жанынан құрылған би тобынан 9 қыз – барлығы жоғары топтан 20 қыз, ортаңғы және кіші топтан он-он қыздан, жалпы саны 40 қыз өнер көрсетті. Конкурс қорытындысында бишілердің байқауға дайындап апарған 6 биінің 5-еуі бас жүлдені, 1-еуі 2-орынды иеленді. Соның нәтижесінде алдағы жылы Грузия елінде өтетін байқауға жолдама берілді.
Өз кезегінде топ жетекшісі Б.Аруева байқауға қатысып, бишілердің сахналық киімдерін дайындауда әрқашан қолдау көрсетіп отыратын ата-аналарға ризашылығын білдірді.
Ауданның ғана емес, еліміздің мерейін үстем еткен бишілер мен жетекшісін кезекті жеңістерімен құттықтап, алдағы байқауларда жоғары жетістікке жетулеріне тілектеспіз.
Б.САПАРОВА