ӨНЕРДІ ӨМІРМЕН ҰШТАСТЫРҒАН

Махамбет ауданында өнер және қаржы саласының ардагері Уәп Қабдыкәрімұлының 85 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. «Өнермен ұштасқан өмір» атты мерейтой кешіне мерейгердің замандастары, әріптестері, шәкірттері, елі мен жеріне еңбегі сіңген әр сала өкілдері қатысты. Салтанатты шарада ақ тілектер ақтарылып, ардагердің еңбегіне деген лайықты құрмет көрсетілді.

Кеш алдында мәдениет үйінің фойесінде аудандық орталық кітапхана «Екі әлемнің елшісі: мәдениет және қаржы үйлесімі» атты арнайы көрме ұйымдастырды. Мұнда мерейгердің өмір жолынан сыр шертетін естелік суреттер, марапаттар, дипломдар, қызметте пайдаланған есепшот пен ескі жазу машинкасы қойылып, келген қонақтардың қызығушылығын оятты. Шара басында «Өнер мен қаржы саласының ардагері Уәп Қабдыкәрімов» атты деректі бейнефильм көрсетілді. Өмір жолын өнер мен еңбекке арнаған, қос саланы қатар ұстап, ел құрметіне бөленген Уәп Қабдыкәрімұлы – Махамбет ауданының мәдениеті мен қоғамдық өмірінде айрықша із қалдырған тұлғалардың бірі. 

Уәп ағамыздың өнерге бейім болуы – әкесі Қабдыкәрім ақсақалдың өнегесімен сабақтас. Айбас құмында мал бағып күнелткен қарапайым шаруа адамы әнді ерекше нақышпен шырқайтын әнші, өнерді қадірлеген жан болған. Баласының домбыраға құмарлығын байқап, оған арнап алғаш домбырасын өзі жасап беруі – өнерге басталған алғашқы соқпақ еді. Сол домбырамен Уәп аға 11-12 жасында- ақ ауыл сахнасында өнер көрсетіп, елдің ықыласына бөлене бастайды. Өнерсүйгіш ортада ержеткен ол жастайынан еңбекке араласып, бірде пошта тасып, бірде трактор айдап, тұрмыс тауқыметін қатар арқалады. 

Жастық шағының бір кезеңі Маңғыстау өңірінде өтті. Мұнайлы ауданында бір жылдай мәдениет үйінде қызмет етіп, алғашқы кәсіби тәжірибесін жинақтады. 1969 жылы отбасымен бірге Махамбет ауданына қоныс аударған Уәп Қабдыкәрімұлы жергілікті «Казсельхозтехника» мекемесінде еңбек етті. Қызметпен қатар білімін жалғастырып, кешкі мектепті тәмамдады. Кейін Ақтөбе қаласында сырттай оқып, мәдениет саласы бойынша маманданған. Махамбеттегі мәдениет өмірінің дамуына ерекше үлес қосқан «Өнерпаз» мәдениет үйінде он бір жыл бойы аянбай еңбек етіп, аудан өнерпаздарының қалыптасуына зор ықпал етті. Оның ұйымдастырушылық қабілеті, домбыра мен әнге жақындығы, ауыл өнерін көтеруге деген жанашырлығы көпке үлгі болды. 

Өнерді өмірлік серік еткен Уәп аға сонымен қатар қаржы саласында да жауапты қызметтер атқарды. Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген соң білім бөлімінде есепші, кейін ревизор болып еңбек етті. Тәртіп пен есепке жүйріктігі, ұқыптылығы оны білікті маман ретінде танытты. Бір кезеңде аудандық прокуратурада да қызмет атқарып, жауапкершілігі мол жұмысты абыроймен атқарды. 

Жолдасы Райхан апамен бірге он перзент тәрбиелеген үлкен шаңырақ – Уәп ағаның өмірдегі ең үлкен байлығы. Қырық жылға жуық уақыт бұрын мәдениет үйінен зейнетке шыққанымен, өнері мен еңбекқорлығының ізі халық жадында сақталып келеді. Зейнет жылдарында да өнегелі әке, парасатты ақсақал ретінде отбасы мен ауыл-аймаққа қамқор болып отыр. Әке жасаған домбырадан басталған өнер соқпағы бүгінде үлкен шежіреге айналып, ұрпақтары мен шәкірттерінің жүрегінде жалғасып келеді. 

Сахна төріне сән-салтанатпен шақырылған Уәп аға мен Райхан апаны алғашқылардың бірі болып аудан әкімінің орынбасары Махамбет Ербөлек құттықтап, иығына шапан жапты және алғыс хат табыстады. 

– Құрметті Уәп Қабдыкәрімұлы! Өнер мен қаржы сынды екі саланы да тең ұстаған еңбегіңіз – бүгінгі ұрпаққа үлгі, ертеңгі күнге аманат. Өмір бойы елдің рухани өміріне қызмет етіп, ұрпақ тәрбиелеп, адал еңбегіңізбен абырой биігінен көріндіңіз. 85 жылдық мерейлі жасыңыз құтты болсын! Отбасыңыздың қуанышы мен балаларыңыздың сый-құрметіне бөлене беріңіз. Деніңізге саулық, шаңырағыңызға шаттық, ұзақ ғұмыр тілеймін! –деген аудан әкімінің орынбасары ардагердің өнер мен қаржы саласындағы қос қырлы еңбегін атап өтіп, ауданның рухани өмірін өркендетуге қосқан үлесін жоғары бағалады. 

Аудандық мәслихат төрағасы Қайыржан Мажиев, белгілі журналист, өлкетанушы Мәди Өтеғалиев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Жайлашев, қаржы саласының ардагері Қамқа Мәдіғалиқызы – барлығы да мерейгердің ел алдындағы сүбелі еңбегін тілге тиек етіп, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Кеш барысында ҚР еңбек сіңірген әртісі Гүлмайдан Сүндетова сахнаға көтеріліп, мерейгерге жүрекжарды лебізін білдірді. 

– Бұдан 50 жыл бұрын Махамбетке келіп, автоклуб меңгерушісі болып еңбек еткен кезеңім мен үшін өте қымбат. Махамбетті екінші ауылым деп білемін. Сол жылдары Уәп ағамыз маған әркез бағыт беріп, қамқор ұстаз болды. Оның қолдауымен «Біз таланттарды іздейміз» байқауында жеңімпаз атанып, үлкен өнер жолына қадам бастым,- деп ағасына деген алғысын жеткізді. 

Ол кезде мәдениет саласында басшы Нариман Үлкенбаев болып, Мұқажан, Төлеген, Болат, Нұрымхандармен қызметтес болғанын еске алды. Ағамыз ауылда Қабдыкәрімовтер отбасылық ансамблін құрып, өнер көрсеткенін, Ғ.Құрманғалиевтың «Құдайым қызды маған үйіп берген» әнін жиі орындайтынын айтып өтті. Мерейгерге ескерткіш сыйлығын ұсынып, домбыраны қолға алып, халық әні «Ағайшаны» әуелете шырқады. Өнер майталманының орындаған «Мерейтой» әні де көптің көңілінен шықты. Немересі Аружан Русланқызы «Адай» күйін төгілте орындап, кештің көрігін қыздырды. Ғ.Құрманғалиевтың «Еңбек» термесін кезінде өзі жиі орындаған Уәп ағасының өнерін шәкірттері мен ұрпақтары жалғады. Жасұлан Базарбаев «Еңбек» термесін, «Біздің елдің жігіттері» әнін орындады. 

Кеш соңында сөз алған мерейгер Уәп Қабдыкәрімұлы осынша құрмет көрсетіледі деп ойламағанын, мәдениет үйінен зейнетке шыққанына 40 жыл өтсе де халықтың есінен шықпағанына толқып, алғысын айтты. Ол ұйымдастырушылар Мәди Өтеғалиевке, Шынар Измағамбетоваға, Жандос Дүйсембаевқа, Ербол Идрисовке ризашылығын білдірді. Әли Төлеуовтің әсем әнімен мерейтойлық кеш өз мәресіне жетті. 


А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT