Қазақтар асты дәм деп атайды. Дәм үстіне келіп қалған адам немесе бір нәрсені сұрап, анықтап білуге кірген адам асығыс болып, дәмге қарамайтын жағдайда дәстүрлі ортада қалыптасқан қуыс үйден құр шықпау қағидасы бойынша дәмнен үлкен еместігін білдіріп, қандай да бір дәмнен ауыз тиіп шығады.
Қонақжайлылық – қазақтың ерекше белгісі. Қазақ халқы дастарханнан, дәмнен үлкен нәрсе жоқ деп есептейді. Ұрыс-керіс болған кезде немесе жауласқан кезде ғана дәмге қарамайды.
Дәмге байланысты «Үйге шайнаңдап кіруге болмайды, ал керісінше үйден шайнаңдап шығуға болады» деген ырым Ш.Уәлиханов деректерінде кездеседі. Алыс сапарға шыққан адам тілегім орындалсын деген ниетпен ауылдағы үлкен үйден дәм татып, бата алып аттанатын болған. Бұл қара шаңырақтың киесі қолдайды деген сеніммен байланысты.
Дәстүрлі ортада «Таңғы нәсіп – Тәңірден» деген түсінік бар. Сондықтан таңертеңгі ас үстіне келіп қалған адамға дастарханнан дәм татқызып аттандырған. Соған орай келген адам да дәмнен ауыз тиіп кетуге міндетті болған. «Таңертеңгі асты тастама, кешкі асқа қарама» деген әйгілі сөз орамы осы ғұрыпқа байланы¬сты қалыптасса керек.
Тамаққа тойып келсең де, дәм татудан бас тарту – қазақ ұғымында кәпірдің қылығы. Ал ас ішіп отырғандар келген адаммен қол алысып амандасуға тұрмайды. Қазақ дастарханнан, дәм-тұздан ешкімді үлкен санамаған. «Бір күн дәм татқан жерге қырық күн сәлем» дейтіні сондықтан екен.
Үйіне келген адам дұшпан болса да үй иесі дәстүр бойынша дәм ауыз тигізбей шығармайды. Осы ғұрыпқа байланысты халық аузында үйге кірген жыланға да ақ құйып шығарады деген сөз бар. Жоғарыда аталған жөн-жоралғылар дәмді қасиет тұтып, киелі санаудан туған дүниетанымдық көзқарасты бейнелейді. Сөйтіп, дәм-тұз жоралғысы қоғам мүшелерінің арасындағы жарастық қарым- қатынастық орнығуын реттеп отыратын дәнекерлік қызмет атқарған.
Қазақ біреуді еске алғанда «Дәмдес болып едік», «Үйінен дәм татып едік» десе, ренжігенде, өкпелегенде «Дәм-тұзым атсын, дәм-тұзыма салдым» дейді. Бұл сөздердің ұлт тұрмысы мен өмір жолында, таным-түсінігінде, наным- сенімінде өзіндік дара орны бар. Өйткені, әр қазақ өздерінің жақын-жуығы мен ілік- жекжаттарына ғана емес, ел сыйлаған белгілі, құрметті азаматтарына, қадірлі ақсақалдарына, әжелеріне өз үйінен дәм татыруды үлкен мұрат, елдік, адамдық парыз деп санаған және ол жолдан күні бүгінге дейін тайған жоқ. Тек таныстар ғана емес, кез келген жолаушы, үйге келген бейтаныс кісіге де дәм татырмай жібермеген. Себебі ұлт ұғымында «Дәмде, аста, тамақта кие, қадір-қасиет, ырыс-береке бар» деген терең түсінік тым ертеден-ақ қалыптасқан.
Дәм татырудың қоғамдық, әлеуметтік, елдік істерде қызметі өте зор. Ең алдымен әдейі шақырып, дастарханнан дәм татыру – ата салт, қазақи тәртіп әрі жол-жоралғы, әдеп. Екіншіден, ол – сыйлаудың, аса құрметтеудің, жақсы көңілдің айғағы. Үшіншіден, қай жерде де, қай күнде сыйлас, қорған – қамқор, тілектес бола жүрудің кілті. Дәмдес болған адамдар бір-біріне ел дәстүрі бойынша қиянат жасамайды, жоғалғанын іздеседі, табысына қуанады. Қуаныш, қайғысына да ортақтас бола¬ды. Бұл ғасырлар бойы санаға сіңген салиқалы салт, бұлжымас әдет. Демек, дәм татыру, дәм тату – таза адамгершілік, достық, бірлік белгісі және куәсі. Бұл жақсы үрдіс халықпен бірге жасай береді.
Дәм-тұзы жарасу, дәмдес болу, дәмге шақыру деген тұрақты сөз тіркестері тіршіліктегі адам¬дар қарым-қатынасындағы жақындықтың ерекше бір қырын айқындайды. Көп жылғы аралас-құраластық негізінде бір-біріне әбден кірігіп, үйлесім тапқан сыйлас көршілерді, сарысүйек құдаларды дәм-тұзы жарасқан адам¬дар дейді. Сондай-ақ отау көтерген жастардың тату-тәтті өмір сүруін де дәм-тұзы жарасқан деп сипаттайды. Ал керісінше болса, (ажырасып кетсе) дәм-тұзы жараспады дейді.
Дәмнің жеке адамдар арасындағы қарым – қатынастарды ғана реттеп бекітіп қоймай, ру – тайпалық ынтымақтастықты, қарым- қатынасты нығайтатын, жақындастыратын қызметін байырғы ортадағы көш барысынан көруге болады. Көш жолындағы ауыл адамдары ауыл тұсынан өтіп бара жатқан көштің алдынан шығып, дәм татқызады. Ерулеп жатқан көшке дәм апару жоралғысын жасайды. Сондай-ақ көшіп келіп қонған ауылды ерулікке шақыру сияқты жоралғылар дәмнің тағы бір үлкен қырын аша түсті.
Қазақтың «Адам айдаса бармайсың, дәм ай¬даса қалмайсың» деген сөзі бар. Мұндағы дәм айдау, сол тәрізді дәм жазу, дәм тарту деген сөз қолданыстары байырғы наным-сенімге байланысты туған. Сол сенім дәстүр өмірде алдарынан шығып отырған. Немесе «Жаратқанның бұйрығымен болады», «Бұйрық болса, қай жердің болса да дәмін татасың» дегенді білдіреді және болып келеді.
Өміріне төнген қандайда бір қауіптен аман қалып, сау-саламат күйде болған адамды «Татар дәмі бар екен, ырзығы бар екен» деп, ал қайтыс болған адамды «Жас та болса, татар дәм-тұзы таусылған екен» дейді. Яғни қазақы пайым бойынша адам дүниеге келгенде өлшеулі ғұмырындағы татар дәмі маңдайына (пешенесіне) жазылған, дәмі-тұзы таусылған адам бақи дүниелік болады. Демек, дәм, дәм- тұз адам баласының Жаратқанның қалауымен мөлшерленген ғұмырының символы рөлін де атқарады.
Қазақ ұғымында дәмді ысырап етіп, қадір-қасиетін бағаламаған адамды дәмнің киесі ұрады, кепиеті атады. Ал бұндай жағдай қоғамдық сипат алса, «Жұт әкеліп, ашаршылық, жоқшылық, тапшылық болады» деп жамандыққа жориды.
Дәстүрлі ортада дәмнің киелі қасиеті бар деп есептелген. Сол себепті аралас – құралас өмір кешіп, дәмдес-табақтас болған адамнан жамандық көріп, зәбір-жапа шеккен адам «Дәм-тұзым атсын, дәм-тұзыма тапсырдым» деп налып, күйініш білдіреді.
Жол жүрген жолаушы болсын, бір нәрсе сұрай келген көрші болсын, үйге келген адамға үй иесі қандайда бір дәм ұсынуы керек. Адам одан бас тартпай, ауыз тиюі – парыз. Үй иесінің мүмкіндігіне қарай ұсынған дәміне астамшылықпен, менсінбей қарау үлкен әбестік болады. Өйткені, қазақы түсінікте дәмнен үлкен еш нәрсе жоқ. Сондықтан келген адам дәмге қатысты әдеп нормаларын сақтауға тырысады. Ауыз тиіп қана қоймай, түстеніп, қона жататын қонақтарға олардың мәртебесіне лайық кәделі дәмі болады.
Ас ауыз тию – қазақ ас ішіп жатқан дастархан үстіне келгенде «Ас дәмді болсын, бұйыртып жегізсін» деп астан ауыз тиеді. Үй иесі «Ба¬стан үлкен болсаң да, астан үлкен емессің», «Мұнда дәм айдап келіпсің» деп келген кісіге астан ауыз тигізеді. Қазақ мұны «ас ауыз тию» деп атайды. Қазақ асты қызғанбайды, «Көппен жеген ас сіңеді, көппен істеген жұмыс бітеді» деп әрқашан асты алаламайды. «Ас жолы атаныкі, астан қызғанған, тұздан ащы тұрмыс кешеді» дейді.
Қазақ «Дәм - дәнекер» деп келелі істің көбін, игі жұмыстың бәрін дастархан басында, дәм- тұз үстінде шешеді. Ал оған опасыздық жасаған адамды «Дәм атқыр», «Дәмге тапсырдым» деп қарғап-сілеп жатады. «Адам айдаса барман, дәм айдаса қалман» деп дәмге ерекше құрмет етеді, сенім артады.
Құрметті оқырманым, республикалық газет-журналдарда күнделікті тұрмысымыздағы ұлттық менталитетіміздегі озық салт-дәстүріміз жайлы үзік-созық басылып жүрген жазбаларды сараптай келіп, кейбір тұстарын назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдім.
М.ҚҰЗАЙЫРОВ


