Өнер додасында дараланған Дюсуповтар жанұясы

Таяуда Атырау қаласындағы «Достық» үйінің ұйымдастыруымен көпұлтты отбасылар арасында «Берекелі шаңырақ» фестивалі өтті.

 Фестивальға әр ауданнан өзге ұлттан тұратын үлгілі отбасылар қатысты.  Біздің ауданымыздан облыс, ауданға танымал өнерлі отбасылар Борис Әзмұханұлы мен Татьяна Васильевна Дюсуповтар жанұясы ұлы Батыр, немересі Адельмен бірге қатысып, бақ сынап,  фестивальда алғыс хат пен бағалы сыйлыққа ие болды.

Шаңырақ құрғандарына 48 жыл болған Борис  аға мен Татьяна апамыз  отбасында  2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген.  Бүгінде ұл-қыздарынан  17 немере сүйіп отырған бақытты ата мен әже.  Қазақтың бар дәстүрін бойына сіңірген  Татьяна  Василийқызы екі келіннің енесі.   Қазақы құндылықтарды өз келіндеріне үйреткен,  немере-жиен тәрбиелеп, сүттей ұйыған берекелі шаңырақ отанасы. Борис Әзмұханұлы өнер жолына ерте келгенін,   1967 жылы үрмелі аспаптар  ансамблінде,  «Сайран»  ансамблінде  өнер  көрсетіп    бастағанын,    1976 жылы  клубқа слесарь, суретші-әрлеуші болғанын да  еске алды.  Одан әрі 1982-2000 жылдары мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, 2001-2008 жылдары «Өнерпаз» мәдениет үйінің директоры болып еңбек етті.   Ол  музыка училищесін, Қостанай құрылыс техникумын, Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін сырттай оқып бітірген. Ал Татьяна апай аудандық орталық кітапханада  ұзақ жылдар жұмыс жасап, осы кітапхананың  директоры да болды.  Қазіргі уақытта  зейнеткерлік демалыста.  

9a6c0abd-080f-4852-b79c-f921743edcd2

- Біз  отбасымызбен өнерге жақынбыз, балаларымды да өнерге баулыдым. Бұрын «Сайран» ансамблімен ауыл-аймақты аралап, гастрольдік сапарға жиі шықтық. Ол кезде клуб, мәдениет  үйінде жастар кешін,  би кешін ұйымдастыратынбыз.  Тіпті көршілес Исатай ауданын да аралаған кездер   болды.  Біз  Таня екеуміз отбасында  бес ұл-қыз тәрбиелеп өсірдік.    Барлық балаларым  да өнер десе, ішкен  асын жерге қояды.  Бәрін де  оқыттық.   Бүгінде өмірде өз орындарын тапты.  Жастайынан   оларды  өнерге баулып өсіргеніміз рас.  Алиса қызымыз Англияда тұрады.  Өзім де, жолдасым да қырық жылға жуық уақыттай мәдениет саласында еңбек етіп, зейнеткерлікке шықтық, - дейді  Борис ағай  бізбен әңгімесінде.

Қазақта «Өнерлінің өрісі кең» демей ме?! Талай өнер додаларында шашасына шаң жұқтырмай, аудан атын асқақтатқан Дюсуповтар отбасы екенін білеміз.   «Адам ұрпағымен көрікті» дегендей, өнерлі шаңыраққа  ырыс, бақ-береке тілейміз.

 

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT