Есбол ауылдық округінде тұратын, денсаулық саласында отбасымен абыройлы қызмет атқарып келе жатқан дәрігерлер династиясы бар.
Олар – көпұлтты Сатқанғалиев Аманғали мен Михайленко Лидияның отбасы. Бір өкініштісі, Аманғали ағамыз 83 жасында Лидия апамыз 79 жасында өмірден өтті. Әйтсе де артында қалған ұрпағымен тілдесіп, Сатқанғалиевтер отбасы жайында толықтай баяндап беруін сұрадық.
Бәлкім біріңіздің есіңізде, біз акушер-гинеколог Лидия Михайленко жайында осыдан бес жыл бұрын шаңырағына барып, тілдесіп жазған болатынбыз. Ол кезде көпір жоқ, Жайықтың арғы бетіне қайықпен өтіп, қарттармен сұхбаттасып, батасын алып қайтқанбыз. Балаларының ортасында жайраңдап отырған олар, бізді қуана қарсы алды. Зымырап өткен бес жылдың ішінде екеуі де о дүниелік болып кетті. Қайран, уақыт!
Аманғали Сатқанғалиев 1938 жылы дүниеге келген. Мектеп-интернатта көп жылдар ұстаздық еткен, ауылдың сыйлы азаматтарының бірі.
Михайленко Лидия 1937 жылы Украинаның Черкасский облысы, Черкасский ауданына қарасты Станиславчик селосында өмірге келген, украин ұлтының қызы. Бір емес, екі бірдей тағдыр иесінің өміріне тікелей жауапты акушерлік қызметінде табан аудармастан 45 жыл бойы еңбек еткен оның өмір жолы бір киноға татиды десек, артық айтқанымыз болмас. Талай мыңдаған сәбидің кіндік шешесі атанған ол ана мен бала өмірін сақтап қалу жолында өз басын қатерге тіккен кездері аз болмаған. Сол еңбегі ескеріліп, 1974 жылы үшінші, 1976 жылы екінші дәрежелі «Ана даңқы» орденін тақты.
1958 жылы шаңырақ көтерген олар өмірге 6 ұл, 2 қыз әкеліп, тәрбиелеп өсірген. Күн-түн демей, қызметінде жүріп, өзінің бала-шағасын өсіріп-өндірген Лидия анамыз 2001 жылы «Күміс алқа», 2010 жылы «Алтын алқа» иегері атанды.
Бүгінде Сатқанғалиев Аманғали мен Михайленко Лидияның 8 ұл-қызынан 26 немере-жиен, 17 шөбере өрбіп, тамыры тереңге тараған үлкен әулеттердің біріне айналып отыр.
Балаларының тұңғышы Жұмаберген Атырау қаласындағы жеке тіс емханасында тіс технигі, жұбайы Гүлнар – тіс дәрігері. Екінші ұлы Анатолий «АтырауЖарық» мекемесінде механик болса, жары Айгүл шаруашылық меңгерушісі болып қызмет етеді. Үйдің ортаншысы Аманшылық механик маманы, жұбайы Маскура құрылыс шебері. Үш ұлдан кейін өмірге келген Валентина жолдасы және қыздары тіс дәрігерлері. Бүгінде Украинаның Днепропетровск қаласында тұрады. Сол жақта білім алған Татьяна есімді екінші қызы Атырау қаласында тұрады. Өзі құрылыста, күйеуі теміржол саласында еңбек етуде. Талап атты ұлы механик, жұбайы Алима ауылда әлеуметтік қызметкер болып жұмыс жасайды. Бүгінде әкеден қалған қара шаңырақты ұстап отырған ұлы Оңдасынның жолдасы өмірден өтіп, 4 баласы,1 немересімен тұрады. Айтпақшы, оның үлкен ұлы Мақсат та – тіс дәрігері.Ал, үйдің кенжесі Алғыс ағаларының жолын қуып, медицина саласын таңдаған. Мамандығы – тіс технигі. Алғыстың жұбайы Рита да тіс дәрігері. Атырау қаласында абыройлы еңбек етуде.
Жалпы мамандық игеру – адамның ең басты құндылығы, болашақ бағдары екені сөзсіз. Сол құндылықты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтай алудың өзі – абырой. Қарап отырсақ, Сатқанғалиевтер отбасы мүшелерінің басым бөлігі – дәрігерлер. Ұрпақтар сабақтастығы жалғасқан жанұяның ұлтқа қызмет етуі әрі қарай да отбасылық кәсіп түрінде өз жалғасын тапса дейміз.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өткізілген облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының лауреаты атанған тамыры тереңге жайылған Сатқанғалиевтер отбасын біз де шын жүректен құттықтаймыз.
Б.САПАРОВА