Келісімшарт міндетін орындамаған жас маманнан 252 500 теңге көтерме жәрдемақы өндірілді

Бүгінде оқу бітіріп келген жастарға жол ашық. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша  ауылға келген жас мамандар  пәтермен қамтылып немесе оларға жәрдемақы  төленеді.

Тек сол келген мамандар келісім-шартқа сәйкес жасаулары тиіс. Бірақ кейбір жас мамандар тарапынан алдына қойған міндет-мақсаттарын орындамай, жұмыс берушілерді орынсыз жағдайға қалдырып, қызмет істеуге міндеттемені бұзып жатқан фактілер де кездесіп қалуда.

Осындай жағдай бойынша Махамбет аудандық соты «Махамбет аудандық экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің  жауапкерден көтерме жәрдемақыны өндіру туралы талап арызын қарады. Махамбет ауданы әкімдігінің 2019 жылғы №350 «Махамбет ауданының ауылдық елді мекендеріне жұмыс істеуге және тұруға келген білім беру, денсаулық сақтау саласының мамандарына әлеуметтік қолдау шараларын ұйымдастыру туралы» қаулысы бойынша борышкер С.-ға маман ретінде ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу әлеуметтік қолдау шаралар ұсынылып, Махамбет ауданының елді мекенінде орналасқан денсаулық сақтау ұйымында кемінде 3 жыл уақыт қызмет істеуге міндеттеліп, оған 252 500 теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақы берілген. Алайда, жауапкер С. тікелей міндетін орындамай, «Махамбет аудандық орталық ауруханасы» ШЖҚ КМК-нан 1 жыл еңбек етіп, жұмыстан шығып кеткен.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 272-бабына сәйкес мiндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиiс, ал мұндай шарттар мен талаптар болмаған жағдайда iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтарға немесе әдетте қойылатын өзге де талаптарға сәйкес орындалуы қажет.

Сот бұйрығы негізінде «Махамбет аудандық экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің арызы қанағаттандырылып, борышкер С-дан мемлекет пайдасына 252 500 теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақысы мен мемлекеттік баж өндірілді. Жалпы, жас мамандар қоғам алдындағы міндеттерін түсініп, қызметіне жауапкершілікпен қарағаны дұрыс-ақ. Сот бұйрығы заңды күшіне енді.

 

Аудандық соттың баспасөз қызметі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521