Неке бұзылған кезде 4 іс бір шешіммен қаралады

Аудандық сот ғимаратында сот төрағасы Айтжан Бағытжанқызының төрағалығымен журналистерге арналған брифинг өтті.  Онда 2021 жылдың 12 айында  істердің сотқа түсу деңгейі былтырғы осы мерзіммен салыстырғанда айтарлықтай азайғаны айтылды. Атап айтар болсақ, азаматтық іс 48-ге, қылмыстық іс 11-ге, әкімшілік құқық бұзушылық 32-ге кеміген.

-Істердің өткен жылға қарағанда кемуінің басты себебі, профилактикалық жұмыстардың нәтижесі деп ойлаймын. Мәселен,  полиция қызметкерлері қоғамдық орында имандылыққа нұқсан келтіретіндей масаң күйде жүрген және бұл әрекетін бір жылдың ішінде екінші рет қайталаған адамды сотқа алып келеді. Бірақ ол адам түзу келе жатқанын айтып, мойындамайды. Ішкі істер министрлігімен бекітілген бұйрық бойынша полиция өзінің қызметіне кіріскен кезде өңіріндегі бейнежетон қосулы болуы керек.  Біздің полиция қызметкерлері көп жағдайда оны іске қоспайды.  Ұсталған адамның уәжіне дәлелі жоқ болғандықтан мұндай істер қысқартылады. Ал, полиция қызметкеріне өзінің қызметін толық атқармады деген себеппен жеке қаулы қабылдап шарасы қолданылды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде әкімшілік істердің саны азайып, бейнежетондар іске қосылды. Сол сияқты күйеуінің арақ ішіп келіп отбасы тыныштығын бұзатынына шағымданып, қайта-қайта арыз жазып, 15-20 тәулікке қаматуды әдетке айналдырған әйел адамдар бар. Бұл отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас саласында құқық бұзушылық бабы бойынша ерлі-зайыптылар арасындағы дауға жатады. Мұндай әйелдермен сағаттап түсінік жұмыстарын  жүргізгеннің арқасында қайталап арыз беру азайды. Тағы бір айта кететін жайт, бұрын ұсақ бұзақылықтардың барлығы сотқа жолданатын.  Қазір олар полицияның қарамағына өтті. Бұл да  әкімшілік істердің статистикасының төмендеуіне әсер етіп отыр.

Қылмыстық істер бойынша айтар болсам,  Махамбет ауданы тыныш аймақ болып саналады. Аудандық полиция және прокуратура бөлімдерінің айтуынша, ашылмай жатқан қылмыстар бар.  Олар негізінен интернет желісі арқылы жасалған алаяқтық істер. Ұрлық жасаған адамдарды мұқтаждықтан емес, ішіп алып, еріккеннің ермегімен айналысқан деп айтуға болады (ресторанның ыдысын ұрлаған т.б) Сондай-ақ шарбағынан марихуана өсіру істері де кездесіп тұр.  Ішімдік ішкен күйінде көлік басқару құқығынан айрылған тұлға қайтадан ішіп, көлік басқарса, қылмыстық жауаптылық болып есептеледі. Заңсыз балық аулауға қатысты істер де бар. Заң бойынша жеке адам ау құруға, 4-5 басты қармақпен балық аулауға болмайды. Ау құруға тек үлкен кәсіпорындарға ғана рұқсат берілген. Адамдардың көпшілігі мұны білмейді. Сондықтан балық қорғау инспекциясының мамандары жергілікті газет және әлеуметтік желі арқылы хабарламаларды көптеп таратуы қажет деп ойлаймын.

Азаматтық істердің басым бөлігін  онлайн несие құрап тұр.  «Бір басында 10 онлайн несиесі бар адамдар бар. Еттері үйреніп кеткені соншалық төлемей жүре береді.  Мұндай адамдарға микрокредит беретін ұйымдардан пениясын түсіртіп, қайтадан график жасақтап беруге келістіріп отырмыз» – деген Айтжан Бағытжанқызы одан әрі жоғарғы сотпен қолға алынғалы отырған жаңа жобаларға тоқталды. Оның айтуынша енді неке бұзу кезінде ерлі-зайыптылардың арасында дау болмаса және кәмелетке толмаған бала жоқ болса, сотқа келмей ақ АХАЖ бөлімі арқылы некелерін бұза алады. Егер екі адамның біреуі неке бұзуға келе алмаса нотариалды келісім берсе, жетіп жатыр. 

Сонымен қатар неке бұзылған кезде неке дауы, алимент дауы, мүлікті бөлу дауы,  баланың тұрғылықты жері дауы бір шешіммен қаралатын болады.   Сот төрағасы сондай-ақ 2021 жылы әкімдік  тарапынан ар- намысты қорғау, бұйрықтарын заңсыз деп тану сияқты істер де көбейгенін тілге тиек етті.

Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT