Бар ғұмырын балаларының тәрбиесіне арнап, бүгінде шаңырағының шаттығы, отбасының берекесіне айналған ақтоғайлық «Батыр ана» - Абзал Есмағамбетова туралы жазуды жөн көрдік.
Ауылдың ардақты анасы атанып отырған Абзал әже 1951 жылы Ақтоғай (бұрынғы Бақсай) ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан тым ерте айырылған кейіпкеріміз, балалық шағы қиыншылықтарға толы болғанын күрсіне еске алды.
- Алла Тағаланың маңдайымызға жазған тағдыры осы болса керек, әкеміз бен анамыз о дүниелік болғанда әпкем 2 жаста, мен 1 жаста болыппын. Апалы-сіңлілі екеуі нағашыларымыздың қолында өстік. Нағашы әжеміз Дәмет, нағашымыз Рахым деген кісілердің тәрбиесін көріп, өсіп-өндік. Бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, өгейсітпей, өз баласындай қамқорлап өсіргендері үшін оларға алғыстан басқа айтарым жоқ. Ата-анамнан ерте айырылғаным өз алдына, туған әпкемнің қазасы жығылғанға жұдырық болып маған өте ауыр тиді. Есейіп, етек жиып, білім алып, еңбекке де ерте араластым. Сол кезде Махамбеттегі сүт зауытына 16 жасымда жұмысқа кіріп, ел қатарлы қызмет еттік. Тағдырдың тауқыметін ерте тартсам да мойыған емеспін. Алла Тағала кез келген құлына сынақты көтере алатындай дәрежеде береді емес пе? Әлбетте, әр сынақтың бір жеңілдігі болады. Еңбек етіп жүріп отбасын құрдық, ұрпақ сүйдік. Бүгінде сол көрген қиыншылықтарымның рахатын көріп отырмын. Осы күніме мың да бір шүкір етемін, - дейді ақ жаулықты анамыз.
Ол 1969 жылы 18 жасында Зеленый (қазіргі Көктоғай) ауылына қарасты кеңшарда жүргізуші болып, қызмет ететін Жамбыл Зейіновпен шаңырақ көтереді. Сол кезеңдегі жұмыстың ауыр-жеңіліне қарамастан білек сыбана кірісіп, ошақ басындағы барлық тірлікті бел жазбай атқарады. 1970 жылы тұңғыш ұлы Жанболатты дүниеге әкеледі. Одан кейін Жұмажан, Жанғали, Ерболат, Нұрбай, Қайырболат атты ұлдары мен Құралай, Гұлайым, Шынар, Салтанат есімді қыздары өмірге келді.
- 1991 жылы «Алтын алқа» төсбелгісін кеудеме тақтым. Сол жылдың аяғында баспаналы болдық. Ұл-қызымызды әрдайым адалдыққа, ешкімнің ала жібін аттамауға, еңбекқор болуға баулыдық. Ұлымызды ұяға, қызымызды қияға қондырып, ардақ тұтар азаматыммен бірге көрген қуанышты сәттеріміз көп болды. Өкінішке орай, 2006 жылы ол дүниеден өтті. Адам ұрпағымен мың жасайды демей ме? Қазір ұл-қыздарымыз бір-бір үйдің түтінін түтетіп, ұрпақ тәрбиелеуде. Мереке күндері барлығы жиналып, мені құттықтап келеді. Өткен жылы барлығы жиналып мейрамханаға 70 жас мерейтойымды ұйымдастырып, тосын сый жасағанда қуаныштан көз жасымды тия алмадым. Ана үшін балаларының аман-сау, уайымсыз жүргенін көруден артық бақыт жоқ деп білемін. Балаларыммен бақыттымын, - дейді ол бізбен әңгімесінде.
Бүгінде 6 ұл, 4 қыздың анасы, 21 немере, 13 жиен- шөберелерінің әжесі атанған ақ жаулықты ана әлі тың. Шапшаң әрі жеңіл қимылдайтын әзиз ана шаршауды білмейді. Көктем шығып, жер көгерсе, балаларына егін жұмыстарына көмектеседі. Сондай-ақ, Ақтоғай ауылында өтетін барлық мәдени іс-шаралардың басы-қасынан табылатын жандардың бірі. Тіпті немерелері де өнер саласынан құр алақан емес. Он бес жылдан бері ауылдағы «Әжелер» ансамблінің құрамында ән айтып келеді. Ардагерлер кеңесінің мүшесі екенін де айта кеткеніміз жөн.
Тағдыр жолында кездескен қиындықтарға жігерлілік танытып, сол кездегі бейнетінің бүгінде зейнетін көріп, немере-шөберелері ортасында бақытты ғұмыр кешіп отырған Абзал әжеге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.
Б.САПАРОВА