Атырауда Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен «Бірыңғай есеп күні» өтті,- деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бақылау және қадағалау органдарының бизнес саласындағы жұмыстарының қорытындыларына арналған есептік кеңеске ШОБ өкілдері мен түрлі мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысты.
Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізовтің айтуынша, бүгінгі күнге Атырау облысында 58 мыңдай ШОБ субъектілері тіркеліп, олардың 49 мыңы белсенді қызмет етуде.
- Жергілікті кәсіпкерлер іске асырып жатқан жобаларда Атырау облысының 127 мыңдай тұрғыны еңбек етеді. Осы жылдың 1-і тоқсанында жергілікті кәсіпорындар 768 млрд. теңгенің өнімін шығарды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру бойынша Атырау облысы республикада төртінші орында,-деп атап өтті А.Елеусізов.
Облыстағы ШОБ субъектілерінің дамуына шағын және орта бизнес кәсіпорындарын тексеруге деген мораторий де серпін берді. Президент қол қояды деп күтіліп отырған, салықтардан босату туралы жарлық та ШОБ субъектілерінің өсуіне оң әсер етпек.
- Бүгінде, кәсіпкерлік қызметті бақылай отырып, қадағалау органдары кәсіпкерлердің проблемаларын естіп, оларды шешуге көмектесуі де қажет. Көп жағдайда, проблеманың мән-жайын біліп алмай, бизнесмендерді заңсыз жазалайды. Өңірдегі бизнестің дамуына кедергілерді мүлдем жою үшін мемлекеттік органдардың кәсіпкерлермен ұдайы кездесіп отыруы аса маңызды,-деді Нұрлан Ноғаев.
Шара барысында өңір басшысы ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есеп алу комитетінің Атырау облысы бойынша басқармасы басшысының және Мемлекеттік кірістер департаменті басшысы орынбасарының атқарылған жұмыстар туралы есептерін тыңдап, бірқатар нақты тапсырма берді.
Өз кезегінде, кәсіпкерлер облыс әкіміне өздерінің өзекті мәселелерін жеткізді. Құзырлы органдар таяу арада оларды шешуге кіріседі.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
Сурет:ӨҚК