Мықты тұлғаның перзенті болған әкеммен мақтанамын

Перзент  үшін аяулы ананың орны қандай маңызды болса, асқар тау әкенің де рөлі өте жоғары тұрады.

Перзентінің ыстық лебізімен,мен бүгін әкем туралы ой қозғаймын. Менің әкем Қабесов Марат 1964 жылы Заурал савхозында  шаруа отбасында дүниеге келіп, осы өңірде  аяулы анашыммен отау құрып ұрпақ өрбітті. Біреуден алда біреуден артта кешкен ғұмырымызда тәңірдің бізге берген үлкен сыйы, перзенттерім деп  өмірін арнар  қазыналарым анаммен әкем.Әлі есімде кішкентай кезімізде бірге өскен бауырларымның бір қатары «Мен мамамның баласымын» деп жүретін болса, ал  мен  «Мен әкемнің баласымын» деп мақтанып  жүретінмін. Жұмыстан келер  шағында әрдайым тәттісін тықпалап өбектеп жүретін. Әкесінің баласы сабақтыда жақсы оқып, күнделігімдегі бағаларыммен қуантып жүретінмін.

Осындай алаңсыз қуанышты күндердің  бірінде шаңырағымызға қаралы хабар орнады. Бірге өскен бауырымнан, апамыздан айырылып қалғанымыз. Біз көрдік анамның қайғыдан қан жұтқанын,біз көрдік әкемнің іштен тынып көмейіне өксік тығылғанын.Перзентінің  өз қолымен жерлеуі қай әкеге оңай болады дейсің, біз көрдік шашының ағарып жүзінің  әжім басқанын. Жанашыр жақындарымыздың қолдауымен, енді шаңырағымызда ондай жағдаяттар болмасын деп естерін жия келіп қалған перзенттерінің амандығын тілеп өмірлерін жалғастырды.

 Анамды жылатпағаның үшін, рухымды құлатпағаның үшін Рахмет әкем. Иа ол менің әкем... Тәнімнің әрбір түйіршігі мен бойыма біткен әрбір жақсылығы үшін ол кісіге қарыздармын.   Қаншама рет жігерім тасығанда қорған болды, көзімнен жас тамғанда демеу болды. Ең жақсы досымда,сырласымда сол әкем болатын.Әкем жүрегі кең мейірбан адам,үнемі ағайын-туыспен дос жарандары арасында үлкен жауапкершілікті сезінетін жан. Әкемнің жүрегі сондай жұмсақ, қиналған жандарды көрсе шыдай алмай,лезде қол ұшын беруге дайын тұратын.

Бұл күнде әкесінің баласы өзім әке болып, әкем  немерелеріне  ата болды.Әкем сияқты өз балаларыма жақсы тәрбие беру менің әкелік борышым. Ұлдарын ұяға ұшырып, қыздарын қияға қондыруға  қамданған тұлғам арамызда ұзақ ғұмыр кешуді нәсіп еткей тек. Кей перзенттердің  мейірімсіздігін көріп жаным ауырғанда сізге деген перзенттік махаббатымды айқайлап тұрып айтқым келеді. Доспын дегендердің  сатқындығын көргенде,  сенгендерім сеніміме  селкеу түсіргенде шағым айтқым келеді. Бәзбіреулер зәулім сарайларымен, қымбат көліктерімен шетелде қыдырғандарымен мақтанатын болар. Ал мен осындай  мықты тұлғаның перзенті болған  әкеммен мақтанамын. Менің әкем ең жақсы адам...

Бексұлтан Маратұлы

Ортақшыл  ауылы

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521