Өрт сөндіру көлігін тізгіндеген №11 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Мүбарак Ізболовтың бұл салада еңбек етіп жүргеніне 20 жылға жуықтаған.
Алғашқы еңбек жолын 2003 жылы Атырау қаласындағы №3 техникалық қызмет көрсету бөлімінен бастап, 2 жылдай еңбек еткен. Кейін Махамбет ауданындағы өрт сөндіру бөліміне аға техник-жүргізуші лауазымына ауысып, содан бері табан аудармастан қызмет етіп келеді.
- Ауа-райы қолайсыз күндері, яғни адамдардың қыстың қақаған суығында, жаңбырлы күні далада қалып қойған жағдайында көмекке ұмтыламыз. Өрттен бөлек, авариялық құтқару жұмыстарына шығамыз. Жұмыс барысында түрлі жағдайлар, қиындықтар кездесіп тұрады. Соған қарамастан, қызметім өзіме ұнайды,-дейді М.Ғаффарұлы. Соңғы жылдары қатарлары жұмысқа ынтасы жоғары жас мамандармен толығып келеді. Олардың арасында Мүбарак Ғаффарұлының тәлімгерлігінде болған екі қызметкер бар. "Жастардың жұмысқа деген ынтасы жақсы, тез ұғып, тез үйреніп кетеді" -, дейді өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі.
Ауданымыздағы №11 өрт сөндіру бөлімі мен Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерін мерекелерімен құттықтай отырып, дендеріне саулық, ел амандығы жолында атқарып жүрген жұмыстарына табыс тілейміз.
Қ.БАҒЫТ