Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап бизнеске жарияланған мороторий алынды. Бұған қоса табысын жасырып, мемлекетке салығын төлемей жүрген жандарды анықтау мақсатында «мобильді аударымдар» туралы заңға өзгеріс енгізілді. Осыған орай көптеген шағын бизнес субъектілері мобильді төлем қабылдамайтындарын, яғни қолма-қол ақшамен есеп айырысатындарын хабарлады. Бұл дүкенге де, таксиге де, жалпы күнделікті қызмет көрсетудің барлығына «каспий голд» арқылы төлем жасап үйреніп қалған қарапайым халықты қайтадан қағаз ақшаға көшуге мәжбүр етуде. Сонымен онлайн аударымның ендігі жағдайы қалай болмақ? Қолма-қол ақшаға көшу көлеңкелі экономикаға жол ашпай ма? Жалпы бизнес өкілдері мемлекетке салық төлеуден неге қашады?
МОРАТОРИЙ КӘСІПКЕРЛІККЕ НЕ БЕРДІ?
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2020- 2023 жылдар аралығында шағын және орта кәсіпкерліктің еркін дамуы үшін салықтық төлемдер мен тексерістерден босататын мораторий жарияланған болатын. Кейін ол 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартылды. Осы 4 жылдың ішінде аталған кәсіпкерлік саласы қарқынды дамыды. Қазір елімізде 1,5 миллионға жуық шағын және орта бизнес субъектісі бар. Бұл бизнестің дамуына жарияланған мораторийдің айтарлықтай ықпалы болғанын көрсетеді. Салықтық мораторий ел экономикасына әсер етті. Себебі, салық бойынша төленбеген қаржы кәсіпті кеңейтуге жұмсалды. Нәтижесінде бизнес дамып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына әсер етті. Еңбекке араласқан адамдар жалақы алып, ақшаларын азық- түлік пен сапалы медициналық көмекке, білім алуға жұмсады. Соған сәйкес тұтынушылық нарық өсті. Жұмысқа тұрған адамдар депозит ашып, зейнетақы төлемдерін жасай бастады. Бұл банк секторы мен зейнетақы жүйесіне де айтарлықтай әсер етті. Үкімет басшысы Ә.Смайловтың айтуынша, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі ЖІӨ-нің 36,5%-ына дейін өскен. Жұмыспен қамтылғандар саны бір жылдың өзінде 500 мыңға артып, 4,3 млн адамға жеткен. Өсу қарқыны шамамен 14% құраған. Алдағы уақытта орта мерзімді перспективада шағын және орта бизнес үлесін ЖІӨ-нің 40%-ына дейін арттыру міндеті тұрған көрінеді. Бұл еліміздің одан әрі тұрақты дамуына негіз болады.
МОРАТОРИЙ АЯҚТАЛДЫ: ЕНДІ ТЕКСЕРУ КӨБЕЙЕ МЕ?
Бұл әр кәсіпкердің көкейінде тұрған сауал екені белгілі. Кәсіпкерлердің қуанышына орай Ұлттық экономика министрлігі бизнесті толық тексеру болмайтынын атап өтті. Сонымен қатар, жоспарлы тексерулер болмайды және олар профилактикалық тексерулермен ауыстырылады. Тексерулер тек ведомствоның есептеуі бойынша жылына екі рет өткізіледі. Атап айтқанда санитарлық-гигиеналық салауаттылығы, өрт жүйесі, салықтық тексерулер және басқа да қызмет жүйесінде жоспарлы тексерулер болмайды. Енді тәуекелдерді басқару жүйесі іске қосылады. Ол дегеніміз – тексерістерді адам емес, автоматтандырылған жүйе таңдайды деген сөз. Арасында жасанды интеллекттің элементтері болады. Яғни, енді кәсіпкерлерге қатысты тексеріс екі есе қысқарады деген жоспар бар. Сәйкесінше айыппұлдар да азаяды. Үкіметтің мәлімдеуінше, шағын және орта бизнес – кез келген елдің экономикасы мен тұрақтылығының негізі. Сондықтан мемлекет қолайлы бизнес-ортаны құруға үлкен мән беріп отыр. Жалпы заңға бағынатын кәсіпкерлерге әкімшілік қысым азаяды. Осылайша, мораторий аяқталғаннан кейін елде жаппай тексерулер болмайды. Адал кәсіпкерлердің алаңдауына еш негіз жоқ. Ендігі жерде 4 жылдан бері өз ісін кедергісіз жүргізіп келген бизнес өкілдерінің өзіне жауапкершілік жүктеледі. Қызметін ашық әрі заңды көрсету талап етіледі.
САЛЫҚТАН ҚАШҚАНДАРҒА ҚАНДАЙ ТАЛАП ҚОЙЫЛАДЫ?
Жаңа жүйе жұмсарғанымен, жүйелі түрде тәртіп бұзған бизнес өкілдері тексеріліп тұрады. Фискалдық чек бермеу, тауар бағасын көрсетпеу сынды түрлі қулықтың жолы кесіледі. Ескертуді елемеген жағдайда кәсіпкер 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды. Қаржы вице- министрі Ержан Біржановтың айтуынша, кәсіпкерлердің қызметін жасырып, көлеңкелі табысты көздейтін жағдайлары жиі кездеседі. Ресми дерекке сүйенсек, өткен жылы шот-фактураларды жазу тәртібін бұзуға қатысты 3000-нан астам дерек тіркелген. Ал салық есебін дұрыс өткізбеген 16 мыңнан астам іс қаралған.
- Былтыр бизнесмендерге жалпы соммасы 9,5 триллион теңгенің салықтық жеңілдіктері жасалған. Соған қарамастан кейбір кәсіпкерлер шынайы табысын көрсетпейді. Бизнесмендердің бір бөлігі кассаны көлеңкелі жүргізеді. Табысын 200 есеге дейін азайтып көрсеткен жағдайларға куә болдық. Екінші деңгейлі банк арқылы жарты миллиард теңге өтсе, қағазда 10-15 миллион деп көрсеткен. Әрине, банк комиссиясы төленеді, бірақ бюджетке ешқандай салық түспейді. Бірақ маңызды мәселе, бізге бұл ақпарат екі-үш жылдан кейін ғана белгілі болады. Салықтық жеңілдіктері бар елдерде банктер бизнестің ақша айналымын көрсетуге құқылы. Бізде олай емес. Сондықтан, ендігі жалпы ұлттық декларация кезінде бизнес шынайы табысын ашық көрсеткені абзал. Бұрын салық төлеушілер кассалық, тауарлық чектер мен ауысымдық есептері бар кассалық кітаптарды сақтауға міндетті болатын. Енді салық төлеуші фискалдық органдарға бірден ақпарат жіберетін функциясы бар бақылау-кассалық аппаратын қолданса, жоғарыда айтылған құжаттарды сақтаудың қажеті жоқ. Осының арқасында салық төлеушіге жүктеме айтарлықтай төмендейді. Соңғы жылдары жасалған салықтық жеңілдіктердің 90%-ын қосымша құн салығы мен корпоративтік табыс салығы құрады. Алдағы уақытта қосылған құн салығын арттыру қазақстандықтарға қатты әсер етпейді, -дейді Е.Біржанов.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың мәлімдеуінше, түрлі ауыл шаруашылығы тауарларының бағасына қосымша құн салығы кірмейді. Астық, ұн, сүт, ет және жұмыртқа жеткізетін шаруа қожалықтары бұл төлемнен толығымен босатылады. Ал ауыл шаруашылығы саласының қайта өңдеу өнімдерін өндірушілерге - 70% салық жеңілдігі бар. 2025 жылға жоспарланған қосымша құн салығының өсуі табысы жоғары салаларға қатысты болмақ. Олар – қаржы секторы, жер қойнауын пайдаланушылар және ойын бизнесі. Министрдің ойынша, қосымша құн салығын ұлғайту – бюджет тапшылығы жағдайында қажетті шара. Бұл қазына кірісін 2,5 трлн теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
МОБИЛЬДІ АУДАРЫМНЫҢ МӘСЕЛЕСІ ҚАЛАЙ ШЕШІЛМЕК?
Елімізде цифрландырудың қарқынды дамып жатқаны соншалық, бұрын мемлекеттік органдарда немесе банктерден айлап кезекке тұрып бітіретін шаруамызды бүгінде үйде отырып ұялы телефонның көмегімен жүзеге асыратын болдық. Несие алу, оны төлеу, коммуналдық төлемді төлеу секілді ірі аударымдардан бөлек, күнделікті дүкеннен алатын тамағымыз бен таксидің құнын да телефон арқылы төлеуді әдетке айналдырдық. Бұл үрдіс, әсіресе, пандемия кезеңінен бастап белең алды. Көпшілік банкоматтан ақша түсіруді қажет те етпейтін болды. Алайда, биылдан бастап «мобильді аударымдар» туралы заңға өзгеріс енгізілгендіктен кәсіпкерлер қызметінің құнын қолма-қол ақшамен төлеуді талап ете бастады. «Онсыз да азғантай табысымыздың шетінен үкіметке салық төлейтін жағдайымыз жоқ» дейтіндер көбейді. 2021 жылғы 25 қарашада Қазақстан Сенаты екінші оқылымда Салық кодексіне заңнамалық деңгейде мобильді аударымдарды реттейтін түзетулер қабылдады. Бұл түзетулер қазақстандық кәсіпкерлер өз тауарлары мен қызметтеріне ақы төлеу кезінде мобильді аударымдар арқылы алатын кірістерді көлеңкеден шығаруға арналған. Жаңа түзетулерге сәйкес , кәсіпкерлер бизнесті жүргізу үшін бөлек шоттарды пайдалануы керек. Ол үшін кәсіпкерлер өздерінің мобильді аударымдарын жеке және кәсіпкерлік аударымдарға бөлуге міндетті болады. Сондай-ақ, түзетулер банктерді салыққа тиісті мәліметтерді беруге міндеттейді.
Жаңа өзгеріс аясында заңды түрде карточкамен сауда жасауға шектеу жоқ. Бірақ, «мобильді аударымдар» енді тексеріледі. Тексеріс кәсіпкерлік мақсаттағы аударымдарға жүргізіледі. Бұл әдіс «көлеңкелі экономиканың» жолын кесуге бағытталып отыр. Өйткені, кейбір кәсіпкерлер нақты табысын жасырып, салық төлемеу үшін неше түрлі тәсілді меңгеруде. Егер азаматтың жеке банк шотына үш айдың ішінде ай сайын 100 не одан көп адамнан ақша түссе, олар бақылауға алынады. Банктер 2024 жылдан – мемлекеттік мекемелер, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері мен олардың жұбайлары, 2025 жылдан – жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары мен олардың жұбайлары және 2026 жылдан – халықтың қалған бөлігі бойынша салық комитетіне мобильді аударымдар туралы мәлімет беріп отырады. Салық саласының мамандары алынған мәліметке талдау жасап, табысын жасырғандарға ескерту береді. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей кәсіп жасап отырғандар тіркеліп, табыс салығын төлейтін болады. Карточкамен немесе мобильді аударыммен төлем қабылдаудан бас тартып, қолма-қол ақша талап еткен адамның үстінен тұтынушы мемлекеттік кіріс органдарына шағым түсіре алады. Сонымен қатар, тауарларды сату немесе қызмет көрсету кезінде кәсіпкерлер сатып алушыға чек беруге міндетті.
«Қолма – қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз болып табылады, өйткені «төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларында төлемнің әртүрлі тәсілдері көзделген-банк картасымен, QR төлемімен немесе қолма- қол ақшамен төленеді (25-бап). Кәсіпкерлерге төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, яғни ескерту беріледі. Қайталап бұзған жағдайда-40 АЕК немесе 147 680 теңге көлемінде айыппұл салынады.
Егер адам такси қызметін көрсетсе, онда ол сәйкесінше жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Такси агрегаторлары арқылы арнайы қосымшаларда тіркелуге болады. Оның өз пайызы бар. Атап айтқанда, e-Salyq Business немесе Яндекс таксиде жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, басқа әлеуметтік төлемдермен бірге ай сайын 1 пайыз төлеуге болады. Қазір салық міндеттемелерін орындау жеңілдетілді. Есеп беруді тапсыру да жеңілдетілген. QR кодтарын орналастыру да қиын емес. Осы айтылғандарды қолданбай, яғни кәсіпкер ретінде тіркелмей такси қызметін көрсетіп, жол ақысын қолма-қол төлеуді талап ететін таксишілер туралы Мемлекеттік кірістер органдарына хабарлау қажет.
ТҮЙІН
Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетіліп келеді. «Кәсіп ашам» деген адамға үздіксі з жыл сайын бері ліп жатқан қайтарымсыз гранттар мен жеңілдетілген несиелер осы сөзімізге дәлел бола алады. 4 жыл бойына кәсіпкерлерді салықтан босату да – қамқорлықтың бір көрінісі. Соған қарамастан елімізде кәсіпкерлер арасында салық мәдениеті мен кассалық тәртіп деңгейі төмендеген. Қаржы министрлігінің мәлімдеуінше, чек шығармайтын кәсіпкерлер саны жылдан-жылға өсіп келеді. Ведомствоның есебінше, онлайн кассалық аппараттарды пайдаланатын 560 мың субъектінің жартысы ғана чек шығарады екен. Бұл бұзушылықтар, ең алдымен, контрафактілік өнімдерді бақылауға кедергі келтіреді. Адал кәсіпкер саудасын адал жасап мемлекетке салық төлеуге міндетті. Ал уақытылы төленген салық ел бюджетінің қоржынын толтыратынын естен шығармаған абзал.
Б.СҮЙЕУОВА