Әуесқой балықшы Арманның ауыл іргесіндегі Жайық өзеніне барып, қармақ салып жүргеніне біраз болды. Жаз болса, спиннингін арқалап шықса, қыста мұз ойғышын, су астына шолу жасайтын бейнекамерасын, қармағын арқалап, Бақсай каналына асығады. Біз де Арманға серік болып, өткен сенбі күні балыққа шықтық. Бастысы – дорба- дорба балық аулау емес, табиғат аясында бой жазып, түскен балыққа қанағат қылып, бірер қуырмашты олжалап қайту.
ШОРТАН ІЗДЕСЕҢ, БАҚСАЙҒА КЕЛ
Келіскен уақытымыз түске дейін еді. Алайда жоспарымыз өзгеріп, түстен кейін шықтық. Күн райы да біздің сапарымызға қарасып тұрғандай, жып- жылы. Қашыққа бармай-ақ, Таңдай ауылына жетпей солға бұрылып, Бақсай каналына келдік. Біз келсек, су жағасында «Нива» автокөлігі тұр. Балықшылар деп топшыладық. Мұз үстінде екі жігіт шабақ аулауға кірісіп кетіпті. Одан әріде қызыл жалаушалар көрінеді. Бұл да бір қыстағы балық аулаудың қызықтарының бірі. Жалаушалардың жанынан өте бергенде ақ қардың үстіндегі қанға көзіміз түсті. Шамасы қармаққа ілінген балықтың «жанайқайынан» туған дүние-ау. Ыңғайлы жерге келіп, орналасып, бірден іске кірістік. Қыстыгүні балық аулайтын әуесқойдың қармақтан кейінгі екінші аса қажетті құралы – бұрғы. Бұрғыңыз болмаса, мұзды тесіп ойық жасау қиындық тудырады. Ойық ойып алып, су астына камерасын сүңгітеді. Балық бар болса, қармақ саламыз.
– Қыста балық аулаудың негізгі ерекшеліктерінің бірі – адамға төзім керек. Өйткені, балық шықпаған жағдайда мұздағы ойыққа сағаттар бойы қарап отыруға тура келеді. Ал, балықшының негізгі құралы қармақ десек, оның да түр-түрі бар. Қыста балықшы өзімен бірге бірнеше қармақты алып жүреді. Әуесқойларға арналған қармақ бөлек болады, кәсіби балықшылардың қармағы мүлде басқа,- дейді Арман бізбен әңгімесінде.
Өткен жылы осы жерден үш шортан балығын ұстаған көрінеді. Таныс жерде бәлкім тағы олжа болар деген үмітпен бізді де әкеліп отыр. Ойық ойған жерге мен де қармақ салып көрдім. Су түбіне жіберіп, қайта тартып тұрғанда қармағым балық қапқандай болды. Тарта бастадым. Расында, балық қармаққа ілініпті. Алабұға! Кейін балық аулау, балықтың азайып кеткендігі жөнінде әңгімелер айтылды.
Демалыс күнін балық аулауға арнауды көздеген Марат аға да қолда бар құрал-жабдығын алып, бізбен бірге каналға келді. Жасы жетпіске жақындаған ағамыздың қимылы ширақ әрі білетіні көп. Жаз шықса, Жайық жағалап, бос уақытында қармақ салады. Айтуынша, торман, табан, қаракөз балық ауламай үйге қайтпайды екен. Ал қысқы балық аулауға шығуы осы жылы алғаш рет көрінеді.
– Таза ауада, тыныштықта отырып балық аулаудың өзі адамға ерекше демалыс сыйлайды. Балықты опырып аулап жатпасақ та, есесіне сендермен емен-жарқын қауқылдасып отырмыз. Қыста балық әлсірейді. Су да суық. Олардың қармақты қапқаны да қызық. Жарты метрлік қармақты әлсіз түртеді. Аңдысын аңдып, «көрінбейтін» балықты мұз астынан шығаруға да ептілік керек. Бірер қуырмаш балық алдық. Енді осыларды үйге апарып майға қуырып, картопқа қосып жіберсек, керемет кешкі ас болғалы тұр,- дейді ағамыз.
ЕПТІ БОЛМАСАҢ, БАЛЫҚ ЖОҚ
Балық аулаудың көкесі қыста екен. Бірақ, «қармақ салдым қап, балық, жемтігіме шап балық» деп кез келген жерге қармақ салуға да болмайды. Оған да еп керек, айла қажет. Бақсайдың суы қатып, мұз жамылған уақыттан бастап-ақ, әуесқой балықшылар олжалы болуға асығады. Қаладан келетіндер де бар. Әсіресе, шортанды көздейді. Шортан оңайлықпен түсе қоймайды. Оны аулау үшін де түрлі айла-тәсілдерді қолдану керек болады. Балық шабағын аулап, қармаққа іліп, шортанды «шақыру» қажет. Қысқы балық аулауға қажетті қармақтың түріне қарасаңыз, бойы екі қарыс, белінде айналмасы бар, ұш пен зілтемірі шап-шағын ойыншық іспетті. Оның да түр-түрі болады екен.
Психолог мамандар балық аулаудың, оның ішінде, қармақпен аулаудың пайдасы зор екенін айтады. Әуелі адам тынығады, содан кейін шыдамға үйреніп, сабырлылыққа бой алдырады, сонан соң ой қорытады. Ептілікке де бейімдейді. Табиғатқа шыққан адам тынығады. Қаланың қауырт тіршілігін ұмытады. Ал, балық аулауда шыдамсыздыққа бой алдыру жарамайды, сабырды серік етіп үнсіз отыру керек. Үнсіз адамның миында ой қорытылады. Балықты ұстау үшін міндетті түрде ептілік қажет.
Мұз үстіндегі балықшылардың тіршілігін көргендегі ең басты түйгеніміз – үстіңдегі киімің жылы әрі су өткізбейтін болуы қажет. Әйтпегенде аяғыңнан сыз өтіп, суық тигізіп алу қаупі жоғары. Оның үстіне мұз үстінде соққан жел әдеттегіден күшейеді. Балық аулауға бала кезден әуестенген адамдар үшін ауа райының аса қатты кері әсері жоқ. Әлбетте, қарға қадам көрінбейтін қатты боранды күн болмаса, бет пен қолды қаритын аяз бен өңменнен өтер өкпек желге балықшылар өкпелей қоймайды. Ондай күндері шатыр тігіп, қорғанады. Біз келген Бақсай каналының жан-жағын қамыс қоршаса да, қыс мезгілінің кеші суық. Шәйнегімізді қайнатып, қара шайымызды сораптап, бойымызды жылыттық. Кейін құрал- жабдықтарымызды жинап, ауыл жаққа бет алдық. Келесі демалыста ертемен келіп, шортанды қармағымызға ілуге уәделестік.
ҚАУІП ЖОҚ ДЕМЕ МҰЗ ҮСТІНДЕ
Иә, әзірге мұз қалың. Алайда, балықшылар кейде қызық қуамыз деп жүріп, қауіпке бас тігеді. Әсіресе, мұз бетіне көлікпен шығу арқылы. Әрине, сақтық шараларын ескерту көбіне-көп төтенше жағдайлар бөліміне жүктелген. Олар да тынымсыз тіршілік үстінде. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Сәбит Борашев балық аулап, демалудың арты қайғылы оқиғаға айналмас үшін әуесқой балықшыларға мұздағы қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін ескертеді.
– Қысқы балық аулау кезінде қауіпсіздік шараларына баса мән беру керек. Сақтықта қорлық жоқ. Мұздың жұқа және жетілмеген жерлеріне шығуға, мұздың қауіпті учаскелерінде топталып жиналуға болмайды. Ойыққа, жарықшақтарға жақындау, өткелдер үшін бөлінген орындардың шекарасынан тыс көлік құралдарымен мұзға шығу да өміріңізге қауіп тудырады. Мұз үстінде от жағуға, 20 сантиметрден аз қашықтықта мұзды оюға және қоқысты қалдыруға жол берілмейді. Оқыс оқиға орын алған жағдайда «112» немесе «101» телефон нөміріне қоңырау шалу керек,- дейді С.Борашев.
Қыста балық аулау – өзінше қызық. Біреулер оны хобби көреді. Ал біреулер көже-қатық табуға келген. Қалай дегенмен, демалыс күні күйбең тірлікті тастап, бір мезгіл далалыққа шыққанға не жетсін?!
Қ.АЙТҚАЛИЕВ