Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, бұл саланың Қазақстан экономикасы үшін стратегиялық маңызын атап өтті.
Ақордада өткен салтанатты жиында Президент:
– Сіздер осы салада адал еңбек етіп, мемлекетіміздің дамуына мол үлес қосып келесіздер. Бұл нағыз еңбек адамдарына тән қасиет деп санаймын. Қазір мұнай-газ саласында екі жүз мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасында Қазақстанымыз өркендеп, көркеюде. Мен мұны жоғары бағалаймын. Бәріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді.
Мұнай-газ кешені – еліміздің негізгі тіректерінің бірі. Бұл сала Қазақстанның экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, әлеуметтік бастамалардың дамуына да серпін беріп отыр. Энергетикалық қауіпсіздік, халықаралық ынтымақтастық пен жаңа технологияларды енгізу – барлығы осы сала арқылы жүзеге асуда.
Жергілікті тұрғындардың біразы осы салада еңбек етіп жүр. Олар өндірістің өркендеуіне үлес қосумен қатар, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етіп, жастарға еңбекқорлық пен табандылықтың үлгісін көрсетуде.