«Ашық есік күнінде» айтылған мәселелер

МАХАМБЕТ АУДАНДЫҚ ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МӘЖІЛІС ЗАЛЫНДА АУЫЛ-ЕЛДІ МЕКЕН ТҰРҒЫНДАРЫНА АРНАЛҒАН «АШЫҚ ЕСІК КҮНІ» ӨТКЕН ЕДІ. ОҒАН АУДАНДЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАР БӨЛІМІ, АУДАНДЫҚ АУРУХАНА, БІЛІМ, ҚҰРЫЛЫС, ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМДЕРІ, МАНСАП ОРТАЛЫҒЫ, «АТАМЕКЕН» КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ, АУДАНДЫҚ АУМАҚТЫҚ ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ, ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІ, ЗАҢГЕР МЕН МЕНЕЖЕР- КОНСУЛЬТАНТТАР ҚАТЫСТЫ.

«Ашық есік күнін» аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Жексенбай Пазулов ашып, мұндай кездесу әр тоқсан сайын болып тұратынын айтты. Сонымен қатар, отбасын қолдау орталығы туралы, оның атқарып отырған жұмыстарына тоқталды. Ол орталық отбасындағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккендермен, жайсыз отбасылар, көп балалы, аз қамтылған, есепте тұрған ішімдікке үйір отбасындағы, ата-ана қамқорлығынсыз қалған тастанды балалар тағдырларына да көз жұма қарамайтынын, ондай жас балалар тағдыры қатты алаңдататынын еске салды. Оған нақты мысалдар келтіре кетті. 

ҮШ БАЛАНЫ ТАСТАП, КҮЙЕУГЕ КЕТТІ 

Соның бірі жуырда ғана болған мына оқиға екен. Бөлім басшысының айтуынша, әкесі маскүнемдікке салынып, ал анасы кәмелет жасына толмаған үш баласын тастап, басқа күйеуге шығып кеткен оқиғаға куә болған. Анасы бақытын өзге жаннан тауып, үш баласын көзін жәудіретіп, маскүнем күйеуіне тастап, тұрмысқа шығып кеткен дейді. Жас балаларға көрші әйел келіп қарап, тамақтандырады екен. Ақыры қараусыз қалған бүлдіршіндер Атырау қаласындағы балалар үйіне тапсырылыпты. Көрші апай балаларды қимай, өзі асырап алғысы келетінін айтқанымен, оның өз отбасы, балалары бар. 

АЗЫҚ-ТҮЛІКТІ ЖЕРГЕ КӨМГЕН 

Соңғы кездері ауданда жүйке ауруына шалдыққан жандар көбейіп кеткен. Аудан бойынша науқас жандар саны 71-ге жеткен. Оның ішінде жастар, егде жастағы зейнеткерлер бар болып шықты. Жақын ауылдардың бірінде тұратын әйел адам отбасына, өзіне демеушілер, еріктілер апарған барлық азық-түлік өнімдерін жерге көміп тастап отырған. Сосын «Үйде тамақ жоқ. Ешкім бізге көмектеспейді»деп үнемі ел-жұртқа алақан жайып отырады екен. Ал апарған барлық тамақты жерге көміп тастауды әдетке айналдырған. Әрі отбасында тағы науқас ұлы бар екен. Бұл әдетін көршілері де біліп-көріп жүрген. Көмген жерді қазғанда бар азық-түліктер сол жерден шыққан. Әрине, бұл әйел адамның ақыл- есінде ауытқуы барын білдіреді. Оны аудандық ауруханадағы дәрігерлерге қаратып, жұмыс істеуге қабілеті бар-жоғын анықтау аурухананың заңгеріне жүктелді. Ең болмаса отбасынан бір адамның, ұлының құжаттарын жинап, Сарайшық ауылындағы №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына тапсыру көзделіп отырғанын айтты. 

«Бір зейнеткерді, тағы бір зейнеткердің ұлын да сол Сарайшықтағы орталыққа тапсырып, емдету ойда бар. Жылма-жыл мұндай жүйке дертіне шалдыққан жандар көбейіп барады. Қаншама адам қарттар үйіне, әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына кетсе де мұндай айықпас дерт жалғызілікті қарттар арасында азаймай отыр» -дейді Ж.Пазулов. 

Қабылдауға келген Б деген азамат өзінің басында жекеменшік үйі жоқ екенін, көп жылдан бері ағасының үйінде тұратынын, бірақ мемлекеттік тұрғын үй кезегіне тіркеуде тұрғанын, енді келіні тұрып жатқан үйді сатқалы жатқанын айтып, көмек сұрады. 

«Ашық есікке» балаларына мектеп формасы, сөмке, оқу құралдарын алуға қаражат таппай, көмек сұрап келгендер де кездесті. 


А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT