Газетіміздің №29 санында Жайықтың арғы бетін жайлаған өткелдіктердің мәселесін қозғаған едік. Тұрғындармен сұхбат барысында бірқатар сұрақтар туындап, атқарушы билік өкілдеріне, жауапты мамандарға жолдаған болатынбыз.
«Өткел» мөлтек ауданына елді мекен статусы беріле ме?, «Өткел» мөлтек ауданының бас жоспарында жоғы рас па? Тұрғындарға аудан орталығынан үй беру мәселесі қашан шешілмек? Махамбет аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесіне тиесілі жерді қайтару жөнінде сот процесі басталды ма? Жағалауға өткелдіктер үшін қауіпсіз, ыңғайлы баспалдақтар салып беруге мердігер келісті ме? Осы сауалдардың жауабын алу үшін ең алдымен аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы орынбасары Асхат Аймұратовқа хат жолдап, мынадай жауап алдық.
«Өткел» мөлтек ауданы мемле- кеттік орман қорының жерінде орналасқандықтан оған елді мекен мәртебесі берілмейді. Тұрғындарды аудан орталығына көшіруге қатысты толық зерделеу жұмыстары жүргізіліп, ҚР заңнамаларына сәйкес жұмыстар атқарылуда. Ал, өткелдіктерді мемлекеттік орман қоры жерінен көшіруге соттың шешімі ғана негіз бола алады. Сондықтан қазіргі уақытта Махамбет аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі арқылы аталған аумақты заңдастыру бойынша сот органдарына жолдау үшін материалдар дайындалуда. Мемлекеттік орман қоры жері қайтарылғаннан кейін сот шешіміне сүйене отырып, облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа «Өткел» мөлтек ауданының тұрғындарына өтемақы төленетін болады. Мөлтек аудан бүгінде ауданның бас жоспарына енгізілмеген. Себебі, мемлекеттік орман қоры жерінде орналасқандықтан елді мекен мәртебесін алмаған. Махамбет ауылында ұзындығы 4,5 шақырым болатын Жайық өзенінің жағасын бекіту жұмыстары жүруде. Бұл жұмыстарды осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Объект аяқталған кезде тұрғындардың жүріп-тұруы үшін 2 баспалдақ қарастырылатын болады. Өткелдіктердің жағалаудан өтуі үшін осы баспалдақтар ыңғайлы және қолайлы жерде орналастырылады,- деді аудан әкімінің орынбасары А.Саламатұлы.
Келесі кезекте мәселенің мән- жайын толығырақ анықтау үшін Махамбет орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің басшысы Алтынбек Асқаровқа да хабарласып, тұрғындардың көкейінде жүрген бірқатар сауалдарды қойдық.
«Өткел» мөлтек ауданының жері Махамбет аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесіне тиесілі екені белгілі. Бүгінде сіздің тараптан тұрғындарды аудан орталығына көшіру мәселесінде қандай іс-шара атқарылып жатыр? Мекемеге қарасты жерді қайтарып алу жөніндегі сот процесін бастауға сіздің тараптан өтініш берілді ме?Бірнеше жылға созылып келе жатқан тұрғындардың мәселесінен хабардар етіп, басқармаға хат жолдадыңыз ба? Олар қандай шешім ұсынып отыр? Орман қоршауында тұрып жатқан өткелдіктер бүгінде ауыл маңында жыртқыш аңдар көбейіп кеткенін айтуда. Нақтырақ, жабайы мысық, қарсақ. Жыртқыштардан залал келген жағдайда тұрғындар өз бетімен қорғанса, жазым етсе, заң бұзушылыққа жата ма?
«Махамбет орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ-нің құзыретіне халықты көшіру кірмейді. Біздің өкілеттеріміз шеңберінде облыстың жергілікті билік органы мен облыстық табиғи ресурстар басқармасына орман қоры аумағында заңды үйлердің болуы немесе елді мекендердің ұлғаюы туралы хабарлау ғана кіреді. Бұған дейін тиісті хат Махамбет ауданының әкімі Қ.Нұрлыбаевқа жолданып, 2024 жылдың 1 ақпанында онда тұратын халықтың құжаттарын тексеру бойынша жұмыс тобы құрылды. Егер адамдарды көшіру мүмкін болмаса немесе учаскелерден кеткісі келмесе, ҚР Орман кодексінде 51-бап «Мемлекеттік орман қоры жерін орман шаруашылығын жүргізуге байланысты емес мақсаттар үшін басқа санаттардағы жерге ауыстыру және мемлекеттік орман қоры жерін мемлекет мұқтажы үшін алып қою», 5-тармақ «елді мекендердің шекарасы өзгеріп, оларды ықтимал орналастырудың басқа нұсқалары болмауына», бірақ орман орналастыру және жерге орналастыру материалдары негізінде Қазақстан Республикасының Орман және жер заңнамасының талаптарына сәйкес мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде ғана жол беріледі. Сондай-ақ «Орман қорының жерін жердің басқа санаттарына ауыстырудағы шектеулер» жер кодексінің 130-бабына сәйкес Ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі жергілікті атқарушы орган емес, Қазақстан Республикасының Үкіметі жүзеге асырады. Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, Атырау облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалану басқармасына «Өткел» аумағын 13,5 гектарға дейін ұлғайтуға рұқсат беру туралы хат жолданды. ҚР Заңнамасы бойынша, атап айтқанда «Орман Кодексі», «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» және «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы», егер адам өмірі мен денсаулығына қауіп төнбесе, жануарды өлтіруге, оның денсаулығына зиян келтіруге жол берілмейді. Айта кету керек, әр адам өміріне және денсаулығына қауіп төнген жағдайда өз-өзін қорғауға құқылы, бірақ іс- әрекеттер қауіпке пропорционалды болуы керек. Өйткені, жануарды тікелей қауіп-қатерсіз өлтіру немесе жарақаттау кезінде әкімшілік жауапкершілік туындауы мүмкін. Сонымен қатар біздің тараптан қазіргі уақытта жерді қайтарып алу бойынша сот процесі басталған жоқ, -дейді Махамбет орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің басшысы Алтынбек Асқаров.
Өткелдіктер мәселесінен аудан басшылары хабардар және қол қусырып қарап отырмағаны белгілі. Әйтсе де,жазда қайықтан, күз бен көктемде жылымнан, қыста мұздан қорқып, жанын шүберекке түйіп өтіп жүрген аядай мөлтек ауданды нақты орталыққа қашан көшіретіні белгісіз. Сот процесі басталып, тұрғындар өтемақыға қол жеткізем дегенше мәселенің сиырқұйымшақтанып кетпесіне кім кепіл? Ал «Жабайы жануарлардан қорғануда ересектер есті әрекет еткенімен, кішкентай балаларға қауіп төнбей ме?» деген тағы бір заңды сұрақ туындайды. Біздің міндетіміз – бізден үміт күтіп, базынасын айтқан халықтың жанайқайын жеткізу еді. Ендігі кезекте сүйінші хабарды елмен бірдей атқарушы билік өкілдерінен, аудан басшылығынан күту ғана.
А.САТАЕВА