Дәстүрді дәріптеген әжелер

Аудандық мәдениет үйінде мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен «Өнерпаз» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Дәстүріміздің балқаймағы – әжелер» атты байқау өтті. Ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегі саналатын әжелер өнегесін дәріптеген бұл шара көпшіліктің көңілінен шығып, ұлттық салт-дәстүріміздің шырағын маздатты.

Байқауға ауданның әр түкпірінен келген сегіз әже қатысып, өзара өнер мен өнегеде сынға түсті. Сай­ыс алты кезеңнен тұрды: таныстыру, бесік жыры, ақыл-кеңес айту, ертегі оқу, қолөнер бұйымдарын танысты­ру және ұлттық тағам әзірлеу. Әр бөлімде қатысушылар өз тәжірибесі мен қолөнерін, шеберлігін, сөз өнерін ортаға салды.

Ақжайық ауылынан келген Сара Қайырова – алты баланың анасы, қырық жылға жуық мәдениет са­ласында еңбек еткен ардагер. Өз өмір жолын бейнебаян арқылы та­ныстырып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бейбарыс ау­ылынан Гүлшара Төлеуова – аку­шер, 25 мыңыншы сәбидің кіндік шешесі атанып, медицина саласын­да абыройлы қызмет еткен жан. Таңдайлық Алмаш Ақтаубаева – ба­стауыш сынып мұғалімі, бүгінде оқу орталығын ашуды жоспарлап отыр. Сарытоғайлық Дина Талпақова, жалғансайлық Ұлболсын Отарбаева, ортақшылдық Айгүл Мырзашева, сарайшықтық Шаризат Досмағұлова мен ақтоғайлық Ағила Мұхамбетова да өнегелі өмір жолымен, отба­сы құндылықтарына адалдығымен көрермен назарын өздеріне аударт­ты.

Бесік жырын кейбірі заманауи әндердің ырғағына салып орындаса, енді бірі әжелік мейіріммен немересін сахнада әлдилеп, халықтың жүрегін елжіретті. «Әйел – тіршіліктің тірегі» атты бөлімде қатысушылар кездейсоқ жағдаяттарға қатысты өмірлік кеңестерін айтып, ақылгөйлігін көрсетті. Ертегі айту барысында ұлттық фольклор мен за­манауи ертегілер үндесіп, немере­лермен сахнаға шыққан әжелердің шебер баяндау мәнері көрерменді баурап алды.

Қолөнер бөлімі де жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар өздері тіккен құрақ көрпе, тоқыма, ұршық иіріп жасалған бұйымдар, оюлы жастық, бас киімдер мен түрлі әшекейлерді слайд арқылы көрсетіп, олардың жа­салу жолдарын баяндады. Тігін ма­шинасын 92 жастағы анасынан ми­рас еткен Ұлболсын әженің еңбегі ерекше аталды. Кейбірі немересіне жакет, кейбірі соңғы үлгідегі қоржын тігіп, көпшілікті сүйсіндірді.

«Бармағынан бал тамған» бөлімінде ұлттық тағамдар ұсынылып, әр- қайсысы дайындау жолымен таны­стырылды. Сара әже шоққа пісірілген таба нан мен ешкінің іш майын әкелсе, Алмаш әже өрметөсті ора­ма түрінде әзірлеу жолын көрсетті. Балқаймақ, шұжық, қаймақ, сүзбе, ірімшік, шәк-шәк тағамдары да да­стархан сәнін келтірді.

Қазылар алқасының төрайымы Қалыш Түсекенова байқау қорытындысында қатысушылардың үлкен дайындықпен келгенін, ешбірінің осал болмағанын атап өтті. Байқау нәтижесі бойынша бас жүлде Ақжайық ауылынан кел­ген Сара Қайыроваға бұйырды. І орын – Гүлшара Тулеуова (Бейба­рыс), ІІ орын – Алмаш Ақтаубаева (Таңдай), ІІІ орынды Дина Талпақова (Сарытоғай) мен Ұлболсын Отар­баева (Жалғансай) еншіледі. Айгүл Мырзашева (Ортақшыл), Шаризат Досмағұлова (Сарайшық), Ағила Мұхамбетова (Ақтоғай) алғыс хатпен марапатталды.

А.ТЕКЕБАЙ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT