«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы?! Өлмейтұғын артына сөз қалдырған»

ТАМЫЗ АЙЫНЫҢ 10 ЖҰЛДЫЗЫНДА ҚАЗАҚТЫҢ БАС АҚЫНЫ, ФИЛОСОФ, САЗГЕР ЖӘНЕ АҒАРТУШЫ АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ ТУҒАНЫНА 180 ЖЫЛ ТОЛАДЫ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ӘДЕБИЕТІНЕ, МӘДЕНИЕТІНЕ, МУЗЫКА ӨНЕРІНЕ ӨЛШЕУСІЗ ҮЛЕС ҚОСЫП КЕТКЕН ҰЛЫ ТҰЛҒАНЫҢ ЕСІМІН БҮГІНДЕ БҮКІЛ ӘЛЕМ ТАНЫДЫ. ОНЫҢ ҚҰНДЫЛЫҚҚА ТОЛЫ ҚЫРЫҚ БЕС ҚАРА СӨЗІ ӘЛЕМНІҢ 10-НАН АСТАМ ТІЛІНЕ АУДАРЫЛҒАН.

Абайдың дүниежүзілік деңгейде танылуының алғашқы кезеңдері ХХ ғасырдың басында, әсіресе, 1910 жылдардан кейін байқалды. Бүгінде әлемнің түрлі елдерінде Абай шығармаларын зерттеу үшін арнайы ғылыми орталықтар құрылған. Мысалы, Ресейде Абай Құнанбайұлының шығармашылығын зерттейтін арнайы институттар мен ғылыми зерттеулер жүргізіліп келеді. Ағылшын тілінде Абайдың шығармалары бірнеше рет басылып шықты. Абайдың шығармаларының ағылшын тілінде танылуы, әсіресе оның гуманистік идеялары мен адами болмысқа қатысты пайымдауларының кеңінен түсінілгендігін білдіреді. Бұл аспект Абайдың шығармаларының заманауи әлемде де өзекті болып қалатынын көрсетеді. Неміс тілінде де ұлы ақынның шығармалары зерттеліп, аударылып жатыр. Германияда Абайды зерттеу ісі – мәдениеттанушылар мен филологтардың назарында. Қытайда да Абайдың шығармашылығы кеңінен танылып жатыр. Қытай тілінде Абайдың өлеңдері мен қара сөздері бірнеше рет басылып шықты. Әдебиеттанушылар мен философтар Абайдың шығармаларын зерттеп, оның қытай мәдениетімен өзара байланысын талдауда. Сонымен қатар 2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында ұлы ақынның қара сөздері мен өлеңдері қытай тіліне толықтай аударылған. Аударған - Қытай Халық Республи¬касында тұратын қандасымыз, жазушы, аудармашы, қоғам қайраткері Әкпар Мәжитұлы. Талантты жазушы, жеті тілді еркін меңгерген полиглот қытай тілінде жазатын жазушы болғанымен, сол елдегі қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Сонымен қатар Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай, Абай Құнанбайұлының қара сөздері вьетнам тілінде де жарыққа шықты. Түсаукесер Ханой ұлттық педагогикалық университетінде өтті. 

Ұлы даланың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының биылғы мерейтойы қарсаңында Абай өңірінде жүзден аса шара өтіп, рухани мұрасы дәріптеліп, ұлттық болмысты жаңғыртуға үлес қосатын думанды той он күнге созылады, деп күтілуде. Бұл – кезекті ресми іс-шара емес, бүкіл халық болып тойлайтын, қазақ мәдениеті мен руханиятына үңілетін, қоғамдық тұрғыда мазмұны жоғары айтулы мереке болмақ. 

Абайдың өмірі Мұхтар Әуезов арқылы танылса, шығармалары шет мемлекеттерді шарлап жүр. Ал ақынның кейінгі ұрпақтары оның мол мұрасын, жәдігерін сақтауда қандай үлес қосып келеді? Балалары туралы қандай деректер сақталған? 

Негізінен Абайдың әлем ақындарының жауһарларын аударуына ықпал жасаған балаларының бірі – Әбдірахман. Ол неміс тілін жетік біліп, Г.Р. Державин, Н.М. Карамзин, В.А.Жуковский, И.А. Крылов, М.Ю. Лермонтов, А.С.Пушкин, Н.В. Гоголь, А.С. Грибоедов, И.В. Гете шығармаларын ден қоя оқыған. Абайдың арнау өлеңдерінің көпшілігі осы Әбдірахман атына жазылған. Әбдірахман 90-шы жылдары құрт ауруынан қайтыс болады. Оның артынан сүйеніші болып жүрген мықты інісі Оспан да дүниеден өтеді. Осы екі өлім Абайға бас қайғысының ішіндегі үлкен қаза болып тиеді. 

Абай Күлбаданды қыз баласы демей, Мағауиямен қосақтап, орысша білім алуға Семейге аттандырады. Ниязбек Алдажаров Күлбадан жайлы: «Ұзын бойлы, қыр мұрын, сары еді, адуындап сөйлейтін, былапыт сөздерді араластырып айтатын бейпіл ауыз кісі еді» деп есіне алады. Ал Ділдәдан туған тағы бір ұлы Әкімбай жеті жасында қайтыс болған. Мағауия болса, Абайға ел жұмысына көмектескен балаларының бірі. Ақындыққа бет бұрып, көптеген ұсақ өлеңдер мен көлемді поэмалар да жазған. «Еңлік- Кебек», «Абылай», «Медғат-Қасым» сынды оқырман қауымға етене таныс поэмалар Мағауия Абайұлына тиесілі. 

Ұлы ақын жайында көп естелік қалдырған қызы – Райхан. Оның әкесі туралы естеліктері Абайдың республикалық әдеби-мемориалдық музейінде сақтаулы тұр. 
Абайдың көркем образын жасап, әлемге танылуға түрткі болған жазу¬шы М.Әуезов болса, сол жазушының ақын өмірі жайлы, шығармашылығы жайлы деректің бірден-бір көзі Абайдың Әйгерімнен туған ұлы – Тұрағұлдың «Әкем Абай туралы» атты естелігі. 

Тұрағұл Абайұлы – кешегі қазақ- тың ақтаңгер ұлдары Ә.Бөкейхан, М.Дулатов, Ж.Аймауытұлымен бір сапта, қазақтың көзі ашылып, алға қадам басуына ілкі қызмет еткен азамат. Сондай-ақ орыс тіліне жетік Тұрағұл аудармашы да болған. М.Горький, Д.Лондон, А.Неверов, Г.Сперанский сынды қаламгерлердің шығармаларын аударып, қазақтың қараңғы көзінің ашылуына үлесін қосқан. Абайтану ілімінің қалыптасуына да түрткі болған. 
Абайдың көп қуғын көрген балаларының бірі – Мекайыл. 1931 жылы бай баласы ретінде ұсталған. Ол да арабша мен орысшаға жетік, домбыра тартып, ән айтып ортасына өнерін сыйлаған зерделі жастың бірі екен.

Тұрағұл мен Мекайылдан кейінгі Абайдың Әйгерімнен туған ұлы – Ізкәйіл скрипкада ойнаған. Сонымен қатар қазақ даласында ең алғаш рет Ойқұдық жайлауында, Әйгерімнің отауында қойылған «Еңлік-Кебек» қойылымында рөл сомдап, актерлік қырынан көрінеді. 

Абайдың ең кіші қызы – Кенже. Абай әндерінің халық арасына тара¬луына көп үлесін қосқан жан. Түрлі жиындарда Абай әндерін нақышына келтіре орындаған. 
Абай бауырдан да, баладан да кенде болмаған дегенмен, ұрпағының көп қуғын көргенін тарихтан білеміз. Олардың айдауға түскендегі бар айыбы – бай-бағланның, қазақтың ілгері дамуына үлес қосқан ағартушының ізін жалғар ұрпағы болғаны. Көпшілігі жер аударылып, қиындық көрсе, кей ұрпағы интер¬нат табалдырығында тәрбиеленіп, тарыдай шашылып кеткен-ді. Одан қалды, 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында 10-нан астам ұрпағы ерлікпен қаза тапқан. 
Абайдың бесінші, алтыншы ұрпақтары бүгінде Алматы қаласында өмір сүруде. Олар Ақылбайдан тараған ұрпағы – Айдос Ақылбаев пен Данияр Ақылбаев. Екеуі де орта жастан асқан. Айдос Ақылбаевтың – Александра, Данияр Ақылбаевтың Дана, Кәмила, Меру¬ерт есімді қыздары бар. 

«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы?! Өлмейтұғын артына сөз қалдырған».

Ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы ұрпағының ғана емес, ұлттың қазынасы екені сөзсіз. Абайды тану, зерттеу, оның философиясының сыры әлі бір 180 жылда да актуальді болатын секілді. 


А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT