Өмірге құштар жан – Әсемгүл Бекжанқызы

Махамбет ауылының тумасы Әсемгүл Бекжанқызы – туа бітті церебральды сал ауруына (ДЦП) шалдыққан жан. Бірақ өмірге деген құштарлығының нәтижесінде еш нәрсеге мойымады. 5-6 жылдан бері спортты жанына серік етіп, түрлі дәрежедегі жетістіктерге де жетіп келеді.

 «Ер жүректілер» спорт клубының жетекшісі Мұхадия Қуангереевтің шақыртуымен және облыстық мүгедектер клубының аға жаттықтырушысы Гүлнар Иманалиеваның  қолдауымен  теннис, шахмат ойынымен шұғылдана бастаған.

 - Шахматты кішкентай кезімнен анаммен, ағаларыммен бірге ойнаймын. Анам да тамаша ойыншы. Бала кезімде сабақты үйден оқыдым. Сол кездегі Жұмабике, Балымзия, Ұлдай, Ғазиз секілді тамаша ұстаздардан дәріс алдым. Ал қазіргі таңда  «Ер  жүректілер»  спорт  клубында жаттығудамын. Бастапқыда теннис ойынымен шұғылдандым. Кейін қолымның икемі келмеген соң біржола шахмат ойынымды дамытайын деп шештім. Бұл спорт клубта  мүмкіндігі шектеулі  жандарға бар жағдай жасалған,- дейді Әсемгүл.

Ең алғашқы жеңісі – тірек-қимыл жүйесі бұзылғандар арасында өткен облыстық жарыста теннистен де, шахматтан  да  алған  үшінші  орны.  2019  жылы  ел астанасында шахматтан өткен Қазақстан чемпионатында  күміс  жүлдеге  қол жеткізіп, «Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер» спортшы атағы беріледі. Былтыр Шымкент қаласында  өткен спартакиадада  ІІ орын алыпты.

fd6a9592-8e24-4477-811a-71a86462eacd

–  Спорт  клубына  жаттығуға  күнде келеді. Жібермейді. Енді Семей қаласында өтетін республикалық жарысқа қызу дайындық үстінде. Спорт шебері атағын қорғап  келетініне  сенеміз.  Бір  айта кетерлігі, Атырау облысында Әсемгүлге қарсылас  табылмайды  десек  болады,- дейді жаттықтырушысы М.Қуангереев.

Әсемгүлдің тағы бірі қыры – ақындығы. Бұл қабілеті 2011 жылы ашылған көрінеді.

Маңғыстаудағы Бекет атаның басына барғаннан кейін белгісіз тылсым күш іштегі талантты шығаруға септеседі. Ең алғаш өзі туралы монологты бастап жазыпты.  Орайы  келіп  тұрғанда  ақын қыздың  көктем  мезгіліне  байланысты шығарған өлеңін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

 

«КӨКТЕМ КЕЛДІ ЖЕРІМЕ»

 

Келді міне, жеріме нұрлы көктем, гүл көктем,

Жылуын төгіп алтын күн, сәуле шашып тұр көктем.

Құстар әнге салады, қаздар қайтып оралды,

Көкке оранды айнала, ұйқыдан жерім оянды.

 

Бүршік жарып ағаштар, сұлулар сылқып таранды,

Шұрқырасып жұртшылық, сұрасып жатыр амандық.

Суға толып сай-сала, еріді қар далада,

Жамырасып қозы, лақ, мәз болады бала да.

 

Өлмеген құлға көктем де жетті мінекей,

Көгеріп далам, көгеріп арман көктемдей.

 

Жанымыз жайнап, жадырасын өңіміз,

Жұпарын шашқан қырдың қызыл гүліндей!

 

Спорттық  сайыстардың  бәрінде  жүлде алып,  аудан,  облыс намысын  қорғап жүрген, тағдыр тауқыметіне мойымаған мүмкіндігі шектеулі жанның өмірге құштарлығы зор екендігі кездескен кезде бірден байқалды. «Менің мүмкіндігім шектеулі» деп үйде қамалып, тағдырға қарғыс айтып жатқан жоқ.  Қимылы ширақ, жеңіске деген жігері ерекше сезіліп тұрды. Әсемгүл Бекжанқызына нәзік жандылардың халықаралық мерекесі қарсаңында қиындықтарға мойымауды, жеңісті күндер мен сәттеріңіз көп болсын деген тілек айтамыз!

 

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521