Махамбеттік таксиші қызды танисыз ба?

Бүгінгі күні такси қызметіне деген сұраныс артпаса, төмендеген емес.

Whastapp, Telegram желісіндегі такси қызметін ұсынатындарға уақытыңыз бен баратын жеріңізді жаза қойсаңыз, лезде жауап келе қояды. Тіпті, үйіңізден алып кетіп, діттеген  жеріңізге  жеткізеді.  Егер үйіңіздің  алдына келген  көлікті тізгіндеген әйел адам болса, алғашында таң  қалатыныңыз  жасырын емес.

Сұрастыра келе, біздің ауылда да таксиші  әйел  тұратынын білдік. Оның есімі – Арайлым Есекенова. 1987 жылы Махамбет ауылында өмірге келген. Вахталық әдіспен жұмыс жасайтын ол ауылға келген уақытында құр жатпай, ауыл  ішінде жолаушы тасымалдаумен айналысады. Бұл қызметте жүргеніне де 3 жылға жуықтаған.

– Бұл қызметпен айналысу маған қиындық келтірмейді. Ауылішілік такси топтарына тіркелгенмін. Сол арқылы өзімнің тұрақты жолаушыларымды да жинап алғам.  Бұрын таксишілер тұратын  жерге  кезекке  тұратынмын. Бірақ көлік көбейгесін, үйден отырып, тапсырыс қабылдауға, белгілі бір уақытта ғана шығуға дағдыландым. Бастапқыда таң қалып жататындар қазір  үйренді.  Клиенттер  қуана  отырып,  түсіп  бара жатып,  ізгі тілектерін айтып, қолдау білдіріп жатады,- дейді таксиші-қыз.

О.Шонаев атындағы Махамбет орта мектебін бітірген Арайлым үш айлық аспаздық курсты  аяқтап,  қазіргі  таңда Қарабатанда өзінің оқыған мамандығы бойынша қызметте. Көп жағдайда әйел адамдар автомат коробкалы көліктерді жүргізетінін байқаймыз. Арайлым болса механика коробкалы көлікті тізгіндеп жүр.

– Той-томалақтан шыққан, алкогольдік  ішімдікті ұрттаған  адамдарды алмауға тырысамын. Жанымда көп жағдайда анам отырады. Сондай  кезде  өзімді  жайлы  сезінемін. «Такси жүргізуші болу – әйел затының табиғатына жат іс» деп қабылдайтындар қателеседі. Күнкөріс қамымен таңдап алған кәсібің пайда әкеліп тұрса, одан  қашудың  реті  жоқ  секілді.  Көлік бұзылған кезде жөндей алмайтынымыз рас. Ол кезде көмекке келетіндер бар,- дейді А.Аманғалиқызы. Арайлымның көршісі әрі құрбысы Шолпан Жұмашева болса, оның нағыз мейірбан, қамқор жан екенін айтады.– Ол – ер мінезді қыз. Әрқашан анасына  қамқорлық  танытады.  Вахтасын аяқтап,  демалысқа  келе  сала  күні-түні такси қызметінде жүреді. Такси іздеп жүрмейміз. Әрқашан жанымыздан табылады. Тегін де  апарып тастайтын кездер болады,-дейді Шолпан.

Бізге таңсық бұл жағдай Мексикада ширек ғасыр бұрын пайда болған екен. Паэбл көшесімен қатарынан кіл нәзік жандылар тізгіндеген 25 алқызыл көлік жүріп өткенде жұртшылық таңырқаған. Осыдан кейін әйел тізгіндеген такси қызметі бизнес көзіне айналып, әлемге қанат жайыпты. Бір қызығы, бұл қызмет  әсіресе, ер адаммен  бір жерге отыруға  тыйым  салынған  мұсылман мемлекеттерінде сұранысқа ие. Халықаралық әйелдер күні мерекесімен таксиші қызды құттықтай отырып, деніне саулық, жолаушыларының көп болуын тілейміз!

 

Қ.АЙТҚАЛИҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT