Бірінші қаңтардан бастап Қазақстан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшті. Содан бері үш ай уақыт өтсе де қарапайым тұрғындар арасында қордың мақсаты мен мүддесін, медициналық қызметті қай кезде тегін пайдалана алатынын әлі күнге түсіне алмай жүргендер жетіп артылады. Редакциямызға оқырмандар тарапынан келіп түскен сұрақтарға жауап алу мақсатында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбекті сөзге тартқан болатынбыз.
Сұрақ: Қызметкерлердің жалақысы есебінен ұсталып жатқан ақша қайда сақталады? Әр адамның өзінің жеке есепшотында ма, әлде ортақ қорда сақтала ма? Қордағы ақшаға кім бақылау жасайды?
Жауап: Қор өз жұмысын бастаған уақыттан бастап жиналған қаражатпен таныстырсақ. 2017 жылғы шілденің 1-і мен 2020 жылдың 27 ақпаны аралығында Медициналық сақтандыру қорының Ұлттық банктегі шотына 277 млрд. 349 млн. теңге түсті, оның 94% жұмыс берушілерге тиесілі (260 млрд. 142 млн.), қалған 6% жеке кәсіпкерлердің үлесі (16 млрд. 636 млн.). Оның ішінде Атырау облысы бойынша аударылған жарна 17 млрд. 703 млн. теңгені құрап отыр. Оның 96,8% пайызы жұмыс берушілердің аударымдары (16 млрд. 974 млн.), ал 3,2 пайызы жеке кәсіпкерлердің үлесі (729 млн. теңге). Жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталып 2020 жылы МӘМС пакеті шеңберіндегі медициналық қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Ұлттық банкте жинақталған жарнаның сақталуына Қазақстан Республикасының Үкіметі кепілдік береді.
Сұрақ: Аудан тұрғындары кез-келген жеке меншік емханаға барып тегін қызмет ала алама? Жеке меншік клиникалардан анализ тапсырған жағдайда және дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмектердің ақысы қор арқылы төлене ме?
Жауап: Ауданның тұрғындары бірінші кезекте алғашқы қадамды тұрғылықты жеріндегі өзі тіркелген медициналық мекемеден бастауы керек. Нақты айтқанда өзі тіркелген медициналық мекеменің терапевті дәрігеріне барады. Әрі қарай сол мекеменің терапевті дәрігері әр түрлі анализдер мен салалық мамандарға (узкие специалист) жолдамалар береді. КТ немесе МРТ қызметін алу үшін сізге учаскелік дәрігердің жолдамасы қажет. Ол тек тиісті дәрігерлік нұсқаулар болған кезде беріледі, өйткені, бұл процедурада электромагниттік сәулелену қаупі жоқ емес. Оны қажетсіз жасай берген дұрыс болмайды. Яғни, мұндай тексерулерге медициналық нұсқаулар болмаған жағдайда ғана сізге жолдама берілмеуі мүмкін. Сізге елдің кез келген дәріханасында ұсынылатын дәрілік заттардың құрамы бойынша кеңейтілген және жақсартылған тізбесіне толық қолжетімді болады (Қорда фармацевтикалық қызметтердің жеткізушілері ретінде тіркелген). Егер емхана МӘМС-пен келісім жасамаған болса, дәрі-дәрмектердің құны өтелмейді. МӘМС-те сақтандыру қаражаттарды себеппен және негізгі мақсатпен пайдалану үшін рецепт жазған емхананың Қормен келісімшарты болуы тиіс.
Сұрақ: Жаңа жүйе аясында қандай медициналық мекемелермен келісім шарттар жасақталған?
Жауап: Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде медициналық қызметтер көрсетуге үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорында 2020 жылғы 15 ақпанындағы жағдаймен Атырау облысы бойынша барлығы 92 денсаулық сақтау субъектілері тіркелді. Оның 38-сі мемлекеттік, 54-і жеке меншіктегілер. 2020 жылға Атырау облысы бойынша 58 медициналық ұйым Филиалмен медициналық қызметтерді көрсетуге келісім-шартқа отырды, олардың ішінде мемлекеттік – 31 (53,4%), жеке меншік 27 (46,6%) медициналық ұйым. Осы келісім шартқа отырған ұйымдардың ішінде бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдар саны 20, оның ішінде 5-і жеке меншік («Сәлімжан и К», «Медикер Жайық», «Ақтөбе Транзит Экспедишн», «Медикер Жайык», «QAMQOR QP2» , «Атырау теміржол ауруханасы» ЖШС-тері).
Сұрақ: Клиникалар сапасыз қызмет көрсеткен жағдайда науқастың құқығы қорғала ма?
Жауап: Сапасыз қызмет көрсетілсе немесе МӘМС қатысушысы ретінде құқықтарыңыз бұзылған жағдайда Қор Сіздің сақтандырылған азамат ретінде құқықтарыңызды және мүдделеріңізді қорғайды. Ол үшін демалыссыз 24/7 жұмыс жасайтын Call-center 1406 номері арқылы кез-келген байланыс операторынан тікелей хабарласа аласыз. Әр бір ескерту мен шағымдар ескерусіз қалмайды.
Сұрақ: Егер соңғы 2-3 жыл ішінде медициналық көмекке жүгінбесе, ол адамның салымы жинала ма және оны басқа мақсатқа алуға бола ма?
Жауап: Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түскен жарна жинақталып, есебі жүргізіліп отырады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бұл жинақтаушы қор емес. Сол себептен де әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түскен жарна тұлғаның медициналық көмекке жүгінбегеніне қарай кері қайтарылуға жатпайды. Бұл әлеуметтік сақтандыру жүйесінің негізгі принциптеріне қайшы келеді – жүйенің барлық қатысушыларының ортақтастығы және жүйенің барлық қатысушыларының теңдігі. Төленген қаражаттар, осы кезеңде медициналық қызметтерге жүгінген қолданушыларға медициналық көмекті төлеуге жұмсалады.
Сұрақ: Тұрғындарға медициналық сақтандыру картасы беріле ме? Берілмеген жағдайда қалай дәлелдей алады?
Жауап: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде тұрғындарға ешқандай сақтандыру картасы берілмейді. Тұрғын өз статусын медициналық мекемеге тек өзінің жеке бас куәлігіндегі ЖСН ұсыну арқылы анықтай алады.
Сұрақ: Медициналық сақтандыру жүйесі аясында емханалардан берілетін әртүрлі медициналық анықтамалар тегін беріле ме? Берілмесе не себепті берілмейді?
Жауап: 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуіне байланысты тұрғындарға өздері тіркелген медициналық мекемелердің терапевт дәрігерінің шешімімен берген бағасы қымбат зертханалық және диагностикалық қызметтерге анықтамалар (гормондар, дәрумендер, онкомаркерлер, антиденелер, скринингтер, ПЦР, КТ, МРТ т,б,) тегін беріледі. Алайда кейбір анықтамалар ақылы болып қала береді. Оларға: Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау Министрінің 2010 жылғы 23 қарашадағы №907 «Медициналық ұйымдардың алғашқы медициналық құжаттары нысандарын бекіту туралы» бұйрығымен № 086/у үлгідегі Медициналық анықтама бекітілді және оны жұмысқа тұрушылар мен талапкерлер толтырады. Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегі № 193-IV Кодексінің 35-бабының 6-тармағына сәйкес азаматтарға жұмысқа және оқу үшін азаматтарды медициналық тексеруден өткізу кезінде ақылы медициналық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 11 мамырдағы № 272 «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 272 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» бұйрығының 7 тармағына сәйкес «Мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы» «Денсаулық сақтау саласындағы алдын-ала міндетті медициналық тексерулердің өтуі» мемлекеттік қызметке жатады және ақылы түрде өтіледі.
Сұрақ:Медициналық мекемелердегі қызметкерлердің жалақысы осы қорға жиналған халықтың жарнасы есебінен төленеді деген ақпарат рас па?
Жауап: Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне және табыстарына қарамастан медициналық және дәрі-дәрмектік көмекте тең қол жетімділікке кепілдік береді және де жұртшылықты медициналық көмекке негізсіз жұмсалатын артық шығындардан қорғайды. МӘМС арқылы Қазақстан аумағында азамат өзі таңдаған кез келген емханадан медициналық көмек ала алады. Бұл жағдайда, емхананың шығыстарын Қор толығымен өзі өтейді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық қызмет көрсетуге келісім шарт бекіткен медициналық мекемелердің шығындарын өтейді. 2020 жылы бағасы қымбат болып келетін компьютерлік томография, магнитті-резонанстық томография, стоматология сынды қызметтерге ақы төлеу схемасы өзгерді. Бұрын қызмет ақысы консультативтік-диагностикалық қызмет көрсететін клиникаға тікелей аударылатын болса, биылдан бастап емханалар арқылы төленеді. Ол үшін қосымша келісімшарт бекітіледі. Бұған дейін КТ, МРТ, ПЦР, ИФА-анализ сынды зерттеулер тек әлеуметтік жағынан аз қорғалған тұрғындарға тегін көрсетіліп келсе, биылдан бастап бұл мүмкіндікті сақтандырылған азаматтар да пайдалана алады.
Сұрақ: МӘМС жүйесіне жарналар мен аударымдарды төлеу тәртібі туралы айтсаңыз?
Жауап: МӘМС жүйесіне жарналар мен аударымдарды төлеу тәртібі төмендегідей тәртіпте жүргізілетін болады: Жұмыс берушілер үшін Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын аударатын аударымдар мөлшері: 2020 жылдан бастап – 2%. 2022 жылдан бастап – 3%. Жұмыскерлердің, оның ішінде мемлекеттік және азаматтық қызметшілердің, сондай-ақ азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер алатын жеке тұлғалардың қорға төлеуге жататын жарналары мынадай мөлшерде белгіленеді (ҚР Заңның 28 бабының 1 тармағы): 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – жалақының 1 пайызы; 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап – жалақының 2 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
Сұрақ: Бірыңғай жиынтық төлем туралы түсінік берсеңіз?
Жауап: Аталған төлемнің негізгі мақсаты - өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарды, яғни «көлеңкеде жүрген жұмысшыларды» заңдастыру болып табылады. Жалпы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап толыққанды іске қосылды. Бастапқы үш айда яғни 1 сәуірге дейін МӘМС пакетіндегі қызметтерді статусына қарамастан еліміздегі барлық азаматтары пайдалана алады. Ал одан әрмен қарай өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендерді заңдастырып алу қажет. Онсыз міндетті медициналық сақтандыру жүйесін толығымен іске қосу мүмкін емес. Өйткені өз бетімен табыс тауып жүрген азаматтардың жарналары медициналық қорға түспейді. Жарна түспегеннен кейін кейбір медициналық қызметтер үшін шығындалуға тура келеді. Жарна төлейтін азаматтар медициналық қызметтерді тегін алады. Ал, жарнасы жоқ азаматтар, яғни өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер ақша шығарады. Міне, дәл осы жерде әлеуметтік әділетсіздік мәселесі туындайды. Осыған байланысты бірыңғай жиынтық төлемін енгізу бастамасы көтеріліп отыр. Өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар бір төлеммен төрт бірдей жарнаны жасай алады. Соның ішінде медициналық сақтандыру жарнасы, зейнетақы қорына түсетін төлем, жеке табыс салығы мен әлеуметтік сақтандыру жарнасы бар. Былайша айтқанда, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар бір төлемді жасап, медициналық және әлеуметтік сақтандыру, сондай-ақ, зейнетақы жүйесіне қатысатын болады. Енді, бірыңғай жиынтық төлем мөлшері қандай? – деген сұраққа келсек. Қала тұрғындары үшін – 2 625 теңге (бір айлық есептік көрсеткіш). Басқа елді мекендердің тұрғындары үшін – 1312,5 теңге (бір айлық есептік көрсеткіштің жартысы). Бірыңғай жиынтық төлем ай сайын, тоқсан сайын, жарты жыл сайын, жыл соңында төлене береді. Бірыңғай жиынтық төлемді Egov порталы арқылы онлайн режимде, емдеу мекемелерінде орналасқан терминалдардан, мобилді қосымшалар арқылы, сондай-ақ, кез-келген екінші деңгейлі банк пен «Қазпошта» бөлімшелері арқылы төлеуге болады.
Жайық - ақпарат