Махамбет ауданында рейд барысында дүкендердің тазалығы сын көтермейтіні анықталды

 Атырау облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері М.Есімбаевтың 29 наурыздағы Атырау облысының аумағында қосымша шектеу іс-шараларын, оның ішінде халықтың өмірі мен (немесе) өзге де қызметіне тұрмыстық ерекше жағдайларын енгізу туралы қаулысына сәйкес Махамбет ауданында төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік шаралары мен санитариялық талаптардың сақталуын бақылау мақсатында рейдтік іс-шара болып өтті.

Бұған Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің Махамбет аудандық бөлімшесінің бас маманы С.Қабазова, аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Ж.Пазулов, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының директоры Б.Рахметов және редакция журналистері де қатысты.

r

Аталмыш рейд барысында аудандағы бірқатар азық-түлік дүкендерінің тазалығы тексеріліп, азық-түліктердің бағасына мониторинг жасалды. Орталықтағы «Дос» дүкенінен басталған рейдте кәсіпкерлер тарапынан біраз олқылықтардың кетіп жатқаны, қарамағындағы жұмысшыларға түсінік жұмыстарының жүргізілмегені анықталды. Осы секілді, «777», «Әділжан», «Саяна» сынды азық-түлік дүкендеріне ғимараттың ішін ғана емес, аумағын да таза ұстау және дезинфекциялық құралдарды пайдаланып, келушілерді кезекпен кіргізу жөнінде ауызша ескертпелер айтылды.

reid3

Егер, де кәсіпкер аталмыш қаулыға сәйкес талаптарды орындап, ережеге бағынып, қауіпсіздік шараларын дер кезінде қолданбаса, бір жолғы ескертуге құлақ аспаса, Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңының 476-бабы бойынша «Төтенше жағдай режимiн бұзғаны» үшін, он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынып немесе он бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынатыны да қаперге берілді. Қауіпті індеттің алдын-алу мақсатында мамандар барынша күресіп жатқанымен, қарапайым халық әлі де селқостық танытып отыр. Барша ауыл тұрғындары тауар алатын азық-түлік дүкендерінің өзіне арнайы бетпердесіз, қолғапсыз келіп, сауда жасап тұрған алушыны да, сатушыны да көрдік. Алайда, мамандар алдағы бір-екі күнде рейдтік шараны жалғастырып, тазалығы сын көтермейтін нысан иелері мен тәртіпке бағынбағандарға айыппұл салатынын нақты айтып отыр.

reid4

reid6

Сонымен қатар рейдтік шара барысында аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Ж.Пазулов дүкен иелеріне Қазақстан Республикасының Әкімшілік кодексінің 202-бабына сәйкес бағаны негізсіз 30-40 пайызға көтергені үшін тексеріс жүргізіліп айыппұл салынатынын да мәлімдеді. Әзірге аудан дүкендеріндегі азық-түлік бағасының қымбаттауы 20 пайыздан асқан жоқ дейді мамандар. Бірақ, қай дүкенге барсақ та «түске дейін бір баға, түстен кейін бір баға» деп шулап жатқан халықты көресіз. Осындай қысылтаяң шақты пайдаланып, пайда көрем дегендер бәрібір заң алдында жауапсыз қалмайтыны белгілі.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT