Міндет баршаға жауапкершілік жүктейді

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзін мұқият тыңдадым.

Президент экономикалық-әлеуметтік дамудың жаңа мүмкіндіктері жайлы нақты міндеттер тапсырды. Рас, әлемді жаулаған пандемияның елімізге де әсері аз болған жоқ. Сондықтан экономиканы әлсіретпеу үшін мемлекет тарапынан қолдауға көңіл бөлінді.

«Өңірдегі мұнай қоры Тәуелсіз Қазақстанның экономикасын дамытуға мол мүмкіндік берді. Мемлекетіміздің алғашқы ірі инвестициялық жобалары осында жүзеге асырылды» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекетіміздің ішкі жалпы өніміндегі облыс экономикасының үлесі 10 пайыздан асқанын тілге тиек етті. Кеңесте Жайық өзенінің тарылып, оның экологиялық ахуалы күннен күнге нашарлап бара жатқаны талқыланды. Расында, бұл мәселе онсыз да ауыз суға мұқтаж болып отырған жергілікті тұрғындарды толғандырып отыр.

Егін және мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтар да үлкен қиындыққа тап болуда. «Біз Жайық өзені аңғарының экожүйесін сақтау жөнінде 2024 жылға дейінгі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы туралы бағдарлама қабылдадық. Үкімет осы бағдарламада көзделген іс-шараларды уақтылы қаржыландыруы керек. Сонымен бірге Ресей жағымен бірлесіп, жедел шаралар қабылдауы қажет» деген Мемлекет басшысы әлі күнге дейін облыста 30 ауылдың ауыз сумен қамтылмағанын айтты.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді оқып көкейде жүрген көп түйткілге жауап тапқандай болдым. Ең басты міндет – қоғам мен азаматтардың қажеттіліктеріне жауап беру.

Қатимолла РИЗУАНОВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT