Атқарылған жұмыс ауқымды.
Өткен жылы аудан бойынша аз қамтылған 1100 отбасыға «Biz birgemiz» қоры атынан 50 мың теңгеден берілсе, 124 бала кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етілді, ал еріктілер арқылы 391 әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен қарттарға тұрмысқа қажетті азық-түлік себеті үлестірілді. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Махамбет аудандық филиалының ХХХІІІ есеп беру-сайлау конференциясында айтылды. Конференцияны аудандық партия филиалының төрағасы, аудан әкімі Ринат Джанглишов ашып, жүргізді.
Махамбет аудандық филиалының ХХХІІІ есеп беру-сайлау конференциясының өкілеттілік нормасына сәйкес 1592 партия мүшесінен конференцияға 30 делегат сайланып, онлайн форматында толықтай қатысты. Сондай-ақ конференцияның жұмысына қатысқандар арасында «Nur Otan» партиясы Махамбет аудандық партия филиалы Саяси Кеңесінің және Саяси Кеңесі Бюросының мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, фракция мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, «Jas Otan» жастар қанатының белсенділері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.
Конференцияның қарауына «Nur Otan» партиясы Махамбет аудандық филиалы Саяси кеңесінің 2019-2020 жылдары атқарған жұмыстары туралы есебі, «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалының ХХХІІІ есеп беру – сайлау конференциясына делегаттар сайлау туралы, «Nur Otan» партиясы Махамбет аудандық филиалының Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселелері қойылды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша филиал төрағасы Р.Бауыржанұлы баяндама жасады. Оның ішінде, партиялық ұйымдастыру, идеологиялық, қоғамдық-саяси жұмыстарды, партиялық бақылау комиссиясының және фракцияның, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің жұмысы, қоғамдық қабылау бөлмесінің жұмысын айта келіп, партиялық жобалармен де таныстырып өтті.
- «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Құтты мекен», «Бақытты отбасы», «Жастар Отанға», «Халыққа көмек» жобалары өз тиімділігін көрсете білді. Бір ғана «Халыққа көмек» жобасы аясында «Biz Birgemiz» қоры құрылып, нақты көмектер көрсетілді. «Nur Otan» партиясы Махамбет аудандық филиалы партияның барлық талаптарына жауап беріп, халық сенімін қашан да биік қою мақсатында өзіне зор жауапкершілік алды. Және оны ойдағыдай атқаруға толық мүмкіндігіміз бар. Партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың партия алдына қойған мақсаттары мен міндеттерін және тапсырмаларын жүзеге асыруға Махамбет аудандық филиалы жоспарлы түрде өз жұмыстарын жалғастыратын болады, - деді аудан әкімі, партия филиалының төрағасы Р.Джанглишов.
«Бақжайық мәдениет үйі» бастауыш партия ұйымының төрағасы Cайлаубай Жұмағалиев, аудандық мәслихат депутаты, фракция мүшесі Айзада Байғалиевалар да өз пікірлерін жеткізді. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалының ХХХІІІ есеп беру – сайлау конференциясына делегаттар толық тізім бойынша сайланды. Күн тәртібіндегі үшінші мәселені қарауға барысында партия Жарғысының 9.6 тармағына сәйкес партия аудандық филиалдың Саяси кеңесі құрамына өзгерістер енгізіліп, кеңес құрамына ұсынылған партия мүшелері сайланды.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ
Суреттер автордікі