Халықаралық қарттар күніне орай ардагерлер арасында спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, шахмат пен үстел теннисінен өткен турнир қазыналы қариялардың басын қосып, қызықты әрі тартысты өтті.
Шахмат ойыны бойынша 1 орынды Қалмұрат Есенғазиев (Сарайшық ауылы) иеленсе, 2 орынды Әділбек Изғалиев (Ортақшыл ауылы), ал 3 орынды Болат Бекешов (Махамбет ауылы) қанжығаларына байлады.
Ардагерлер шахмат тақтасында ғана емес, үстел теннисінде де тартысты ойын өрнегін көрсетті. Әрбір партия шиеленісті өтіп, қатысушылар жеңіске деген жігерін танытты. Әлбетте, мұндай спорттық шаралар ардагерлердің сергек әрі белсенді болуына септігін тигізеді.
Үстел теннисінен “А” тобы бойынша 1 орынды Сағынғали Шотпақов (Махамбет ауылы) иеленсе, 2 орын Ғизат Есенғожинға (Махамбет ауылы), ал 3 орын Алданбай Қалмағамбетовке (Бақсай ауылы) бұйырды.
“Б” тобы бойынша 1 орынға Ғабиден Смағұл (Алға ауылы), 2 орынға Қаршыға Тасқалиев (Бейбарыс ауылы), 3 орынға Мағзом Мұханов (Бақсай ауылы) ие болды.
Дәл осы спорт түрінен әйелдер арасында жүлдегер атанған бақсайлық Айнура Аймушева 1 орын, алғалық Жаннат Қадырова мен ақжайықтық Сандуғаш Сиражева 2 және 3 орын иегерлері атанды.
Ұйымдастырушылар жеңімпаздарды марапаттап, естелік сыйлықтар табыстады. Жарыс қатысушыларына ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта мұндай турнирлер дәстүрлі түрде өткізіліп тұратынын жеткізді.
А.КОКАЗОВА