Аудандық “Өнерпаз” мәдениет үйінде қазақ вальсінің королі атанған әйгілі сазгер Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл толуына орай ардагерлер арасында аудандық ән байқауы өтті. Байқау қазақ халқының мәдени мұрасын ұлықтап, ұлт руханиятының алтын қорына айналған Шәмші әндерінің өміршеңдігін тағы бір дәлелдеді.
Шара шымылдығы Ш.Қалдаяқов- тың шығармаларынан құралған музыкалық туындылармен түрілді. Жүргізуші сазгердің қазақ музыкасына қосқан баға жетпес үлесі мен әндерінің ел жүрегінде жатталып қалғанын атап өтті. Байқауға әр ауылдық округтерден ардагерлер қатысып, композитордың мәңгілік жырға айналған туындыларын орындап, көрерменге көтеріңкі көңіл - күй сыйлады.
Сахна төрінде ардагерлеріміз “Кешікпей келем деп ең”, “Қайдасың?”, “Бақыт құшағында”, “Қайықта”, “Шынарым”, “Қуаныш вальсі” сынды қазақ ән өнерінің жауһарларын нақышына келтіре орындады. Әрбір туындыны көрермендер ерекше ықыласпен қабылдап, бірге қосылып шырқады.
Әділқазылар алқасының төрайымы Қалыш Түсекенова, мәдениет саласының ардагері Ғизат Есенгужин, «Өнерпаз» мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Али Төлеуов қатысушылардың өнерін бағалап, үздік өнер көрсеткен қатысушыларды марапаттады. Атап айтсақ, Ортақшыл ауылынан келген Жұмабаева Нұрбетай, Жалғансай ауылынан қатысушы Мәутекеева Дәметкен, Сарайшық ауылынан келген Мұқашева Кенжетай арнайы дипломдар мен сыйлықтарға ие болды.
Шара барысында сөз алған аудан- дық Ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Жайлашев қазақ музыкасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға Ш.Қалдаяқов шығармашылығының ұлт жүрегіндегі ерекше орнын атап өтті. Сондай-ақ ол осындай шаралар арқылы ұлт руханиятын дәріптеу, кейінгі ұрпаққа үлгі ету аса маңызды іс екенін жеткізді.
А.АСҚАРҚЫЗЫ