«ҚАРТЫ БАР ҮЙДІҢ – ҚАЗЫНАСЫ БАР», «ҚАРТЫН СЫЙЛАҒАН ЕЛ ТОЗБАЙДЫ», «ХАЛЫҚТЫҢ ҚАРТЫН СЫЙЛАУЫ – ЕЛІНІҢ САЛТЫН СЫЙЛАУЫ» ДЕГЕН ҚАНШАМА НАҚЫЛ СӨЗДЕР БАР. РАСЫНДА, ҚАРИЯСЫН ҚАДІРЛЕГЕН ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН. СЕБЕБІ ҮЛКЕНДІ СЫЙЛАҒАН ҰРПАҚ ЕШҚАШАН АДАСПАЙТЫНЫ КӘМІЛ. БІЗ ДЕ АТА- БАБА САЛТЫН САҚТАП, ҚАРТТАРЫМЫЗҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕ- ТІП, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРТТАР КҮНІНЕ ОРАЙ МАХАМБЕТ АУДАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ЖҰМЫСЫМЕН, СОНДАЙ-АҚ ЖАЛПЫ ЕҢБЕК АРДАГЕРЛЕРІНІҢ БҮГІНГІ ТЫНЫС – ТІРШІЛІК ӘЛЕМІМЕН ТАНЫСУ МАҚСАТЫНДА КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ САМАТ НҰРЕДИНҰЛЫ ЖАЙЛАШЕВҚА БІРНЕШЕ САУАЛ ҚОЙҒАН БОЛАТЫНБЫЗ. СҰХБАТ МӘТІНІН НАЗАРЛАРЫҢЫЗҒА ҰСЫНАМЫЗ.
Самат Нұрединұлы, Халықаралық қарттар күні аға буын үшін қандай маңызға ие деп ойлайсыз?
- 1990 жылғы 14 желтоқсандағы БҰҰ Бас Ассамблеясының қаулысымен 1 қазан – Халықаралық қарттар күні болып белгіленген- ді. Қариялар осы күннен, жылдан бастап бір күнді емес, бүтін айды еншілейтін болды. Оларға осы кезде құрмет те еселене түсетіні анық. Негізінен бұл күн - аға ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіретін және қамқорлық көрсететін ерекше мейірімге толы күн. Қазақ елі тегінде қариясын қадірлеп, үлкенін сыйлаған халық. Қарттар күні осы ұлық дәстүрдің ресмилік тұрғысындағы жалғастырушы, аға буынға ұдайы құрмет көрсететін айшықты мерекесі болып саналады.
- Махамбет аудандық ардагерлер кеңесі соңғы уақытта қандай жұмыстарды жүзеге асырып отыр?
- Бүгінде ауданда 3364 ардагер 14 бастауыш ұйымында есепте тұрады. Оның 47 -і соғыс кезінде тылда еңбек еткендер. Өткен жылы барлық бастауыш ұйымдарының есеп беру - сайлау жиналыстары өтті. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық тіркеу бөлімі арқылы аудандағы жалғызілікті 71 ардагерге 17 әлеуметтік қызметкер көмек жұмысын көрсетіп келеді. Негізі ауданда азық-түлік себеттерін демеушілер арқылы жалғызілікті қарияларға беру 2023 жылдың наурыз айынан басталды. Сол жылғы «Аз қамтылған зейнеткерлерге көмек» республикалық акциясы аясына еніп, күнелтісі төмен, көмекке зәру жалғызбасты зейнеткерлерді қолдау жөніндегі ауданда жасалған ынтымақтастық үшжақты келісім шарт жасақталып, жаңғыртылып жалғастырылуда. Күні бүгінде осы акция аясында ауданда 19 адам қамқорлыққа алынды. Мәдени өнерге бейім ардагерлердің күшімен аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйі жанынан «Қазына» ансамблі мен «Шашу» ұлттық аспапты ансамблі, сондай-ақ «Ақтоғай» ауылының мәдениет үйінде ақжаулықты әжелер басын біріктірген «Әжелер» ансамблі жаңа маусымға арналған концерттік бағдарламаларын әзірлеп, аудан тұрғындарын тәнті етіп келеді. Ауданның белсенді ардагерлерін мәдени-көпшілік шараларға қатыстыру жұмыстарын жаңғыртып отыру – басты назарда. Айталық, соңғы жылдары ауданымыздың Сарайшық ауылындағы «Розметов» шаруашылығы базасында өткен, өтетін облыстық, аудандық деңгейлердегі әуесқой балықшылар сайысына қатыстырылып келеді. Сондай-ақ ауданымыздың экономикасы мен мәдениетін, әлеуметтік дамуына ерен еңбек еткен жерлестерді дәріптеу, ұлықтау мақсатында республикалық «Ардагер айнасы» газетімен, «Ардақты ардагер», «Ардагер тынысы» журналдарына У.Кабдікәрімов, Д.Зәленов, Қ.Мұқтаров, Р.Құрманбаев, Ә.Уапов туралы фотоларымен көлемді естелік жазбалар жарияланды. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай ауданымыздың еңбек ардагерлері «Ар мен Даңқ» төсбелгілерімен марапатталды. Аудандық ардагерлер кеңесінің Inswtagram, Facebook желілері тұрақты жұмыс жасайды. Сонымен қатар аудандық кеңес аудан ардагерлері өкілдерінің алдында атқарған жұмыстарынан өз есебін беріп келеді. Осы жылдың қыркүйек айында спортқа бейім ардагерлер арасында шахмат пен үстел теннисінен жарыс ұйымдастырылды.
- Бүгінде ардагерлердің ауданның қоғамдық - саяси өміріне араласуы қандай деңгейде деп бағалайсыз?
- Аудан ардагерлері қоғамымыздың мәдени, саяси, әлеуметтік, экономикалық бағыттарындағы іс– шараларға белсенді араласып келеді. Аудан ардагерлері Отанымыздың төл тарихын, ата-баба салт-дәстүрін көтеріп насихаттау, Ұлы Отан соғысы жылдары майдан даласында ерен ерлік көрсеткен, кейін елін өркендету жолындағы еңбекке де атсалысқан аға буын рухына тағзым ету, олардың үлгілі өмір жолдарын кейінгі ұрпаққа үлгі тұту бағыттарындағы шараларға атсалысып келеді. Айталық, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Қазіргі патриоттық тәрбиені жүргізудің, оқып-үйренудің басты тарауының бірі – тәуелсіздікке дейінгі ұлтымыздың ұлыларын таныта білу. Патриоттық тәрбиеге темірқазықтай тақырып болып келе жатырған тұлғалар көп. Еліміз мен жердің бостандығы үшін тер төгіп, жандарын қиған халқымыздың ержүрек перзенттері үнемі есте жүріп, олардың аруақтарына тағзым етуіміз – азаматтық парыз.
Халқымыздың менталитетіне сай тәрбиелік мәні бар сөз айта алатындай қабілеті, икемі бар зейнеткерлердің шеберлігін шыңдау мақсатында ардагерлер арасында облыстық деңгейде «Жауынмен жер көгерер, батамен ел көгерер» деген тақырыпен сайыстар өткізіліп келеді. Бұл тәжірибені ауданда жүргізу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар зейнеткерлеріміздің қоғам мен мемлекет алдындағы ерен еңбектерін немесе олар туралы бұқаралық баспасөздерде естеліктер жариялау жұмыстары жоспарлы жүргізіліп келеді.
- Қазіргі таңда аудан ардагерлері үшін ең өзекті мәселелер қандай деп есептейсіз?
- Республика бойынша соңғы екі, үш жылдан бері зейнеткерлердің әлеуметтік тыныс-тіршілігін, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыра түсуге арналған «Белсенді өмір сүру орталығын» ашу акциясы жүргізіліп келеді. Осы аталған акция аясында ауданнан қарттардың кешенді үйін ашу жұмыстары жүргізіліп келді. Биыл жүзеге асырылуы керек еді, алайда кейбір мәселелерге байланысты тоқтап тұр.
- Зейнетақы мен әлеуметтік қолдау шаралары ардагерлердің тұрмысын жақсартуға жеткілікті ме? Ардагерлерге көрсетілетін медициналық қызмет деңгейіне тоқталып өтсеңіз?
-Күнелтісі төмен немесе зейнетақысы жетіңкіремейтін зейнеткерлерге жергілікті шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер арқылы малы барларға мал азықтық жем-шөппен, бау- бақша өнімдерімен, азық-түлікпен көмектер көрсетіліп келеді. Аудандық емханада 3171 зейнет жасындағы азамат есепте болса, оның ішінде 912 - і аурушаңдығымен есепке алынған. Арнайы бөлінген төсек болмағанмен, науқастарымыз жоспарлы түрде ем алады. Аудан орталығында жұмыс жасап тұрған тәуліктік, емхана жанындағы күндізгі ауруханаларда қариялар емдерін қабылдап келеді. Сонымен қатар аудандағы тоғыз ауылдық округте жұмыс жасап тұрған денсаулық сақтау мекемелері зейнеткерлерге тиісті медициналық қызметтерін көрсетуде.
- Жастар мен қарттар арасындағы байланысты нығайту үшін қандай ұсыныстар берер едіңіз?
- Жалпы қоғамымызда жастар мен қарттар арасындағы байланысты нығайту бағыттарында жүргізіліп келе жатқан тақырыптық шаралар немесе тәжірибе баршылық. Айталық, әйгілі «Үлкенге - құрмет, кішіге ізет», «Қарттарға құрмет – зор құрмет», «Қарттарым - асыл қазынам», «Қарттарым, аман сау жүрші» деген тақырыптарда ұйымдастырылып жүрген дәстүрлі шаралардың мазмұнын немесе әдіс - тәсілдерін заман ағымына сай жетілдірген абзал.
- Халықаралық қарттар күніне орай ардагерлер қауымына, жалпы аудан тұрғындарына айтар тілегіңіз болса?
- Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен асыл қасиеттеріңіз, тәлім- тағылымдарыңыздың орны бөлек. Себебі әрқайсыларыңыздың ауданымыздың өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен. Талай жасты тәрбиелеп, ізбасарларыңызды өсірдіңіздер. Бүгін еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да Сіздер ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым- парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер.
Қымбатты қарттар, ауданның барлық зейнеткерлері! Сіздерді Қарттар күні мерекесімен ауданның ардагерлер кеңесі атынан құттықтаймыз. Дендеріңіз сау, жүздеріңіз жарқын болып, немере- шөберелеріңіздің қызығын көріп, аман-есен жүре беріңіздер.
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан М.ҚҰЗАЙЫРОВ