Қырық жылын баспасөз саласына арнаған Қафиз ағайдың талай елімізге әйгілі тұлғаларды суретке түсіргенін жақсы білеміз.
Қафиз Мұқтаров 1967 жылы 17 тамызда аудандық партия комитетінің нұсқауымен «Жайық шұғыласы» газетінің редакциясына жұмысқа қабылданады. Ол кезде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қуанышбай Қапизолла болған екен. Редакцияда кадр тапшы болса керек, Қафиз ағай бірден фототілші болып, жұмысқа қабылданыпты.
«Ол кезде газет аптасына үш рет шығады. Мен қызметке қабылданған соң «Фото-С» фотоаппаратын өзім сатып алып, жұмысымды бастап кеттім. Мен үшін ең қиыны, фотоаппаратты қуаттайтыны және кішкене шатасса, қиындау соғатыны болды. Бірақ оған да төселіп, үйреніп кеттім. Сонымен қатар екінші жұмысым- сол кездегі адресаттарды өзім дайындауым еді. Суретке түсіргенім өз алдына астына оның мағынасын қоса жазып, дайындайтынмын. Малшыларға, механизаторлар, токарь, слесарьларға, жалпы аудан көлемінде дайындаған адресаттарым көп болды. Жалпы редакция жұмысының өз қиын- шылықтары да бар, түнімен жұмысты шамның жарығымен шығарып, таңертең редакторға жұмысымызды тапсырушы едік.
1972 жылы Алматы қаласына оқуға барғаным есімде. Онда жазушы Сырбай Мәуленов ол кезде «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болатын. Ол маған Жазушылар Одағының төсбелгісін өңіріме тақты. Одан қалса, Алматының өзіне жұмысқа шақырды. Бірақ мен «уәде бере алмаймын» деп өзімнің ауылыма, үйреншікті жұмысыма қайта оралдым.
Есімде қалған оқиғалардың бірі, Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Д.Қонаев сол кезде Гурьев облысының «1 май» совхозын аралап, салынып жатқан комплекстің жұмысымен танысты. Сол кезді пайдаланып, қасында жүрген қауіпсіздік бастығынан «біз анда-санда кездесеміз, газет шөлдеп отыр, Д.Қонаевты газетке суретке түсіруге рұқсат етіңіз»,- деп сұрадым. Оның рұқсатын алып, лезде суретке түсіріп, газеттің нөміріне шығарғанымыз бар. Газетте еңбек еткен жылдарымда фототілшілік қызметтің қызығы мен шыжығын көп көрген жанмын.
Редакцияда 40 жыл жұмыс жасап, 1983 жылы зейнеткерлікке шықтым. Жұмыста ең жақын әріптестерім марқұм Е.Асылалиев, Қ.Сағиев, зейнеткерлер Б.Көшербай және Ж.Дүсіповтармен қоян-қолтық қатар еңбек еттік. Баспасөз мерекесі қарсаңында барлық әріптестерге жұмыстарың жемісті, отбастарың аман, ел ішінде бейбітшілік болғай деп тілеймін»,-дейді Қафиз ағай бізбен әңгімесінде.
Кенжегүл САПАРҚЫЗЫ