«Мен өз міндетімді орындадым»

Сабырғалиев! Тегі оқырман қауымға жақсы таныс иә?! Газетіміздің тұрақты авторы, «Жайық шұғыласы» газетінде өзіндік қолтаңбасы бар Марат Батырұлы кімді құтқарды екен деп таңырқай оқи бастаған шығарсыз.

Осыдан 4-5 ай бұрын, 19 мамыр күні таңда Атырау қаласындағы «Балықшы» ықшам ауданындағы көпқабатты үйлердің бірін қою түтін басқан-ды. Таңмен таласа тұрып, жұмысына асыға-аптыға шыққан Шалқар дәл осы үйдің маңынан өтіп бара жатқан еді. Қою қара түтін мен жанып жатқан сымдарды бірінші болып байқаған ол бірден өрт сөндірушілерге хабарласып, өзі көмекке ұмтылады.

- Подъезге жүгіріп келгенімде жоғары қабаттардың балконынан әйелдердің айқайлап, көмекке шақырып жатқанын көрдім. Подъезд, баспалдаққа дейін түгел қара түтінге бөккен, түк көрінбейді. Осы кезде полицей Салауат Қарабаев та көмекке келіп жетті,-дейді Шалқар. Өрт сөндірушілер келгенге дейін олар үшінші қабатқа көтеріліп үлгереді. Алайда қою түтіннің кесірінен ары қарай бара алмайды. Өрт орын алған үйге қарама-қарсы тұрғын жерде тұратын Шалқар үйіне қарай жүгіріп, газтұтқышты алып келеді. Содан бесінші қабатқа көтеріліп, пәтерлердің біріне кіріп, үй иесімен бірге балаларды алып, балконнан көрші подъездің төбесі арқылы сыртқа шығады. Қарама-қарсы пәтерде де кішкентай балалары бар отбасы тұратынын естіген Шалқар пәтерге кіріп, қос сәбиді балконға шығарады. Осы уақытта С.Қарабаев та бесінші қабатқа көтеріліп, екеуі балаларды алып, түтіннің ішімен жүгіріп, сыртқа шығады. Қалған тұрғындарды өрт сөндірушілер эвакуациялайды.

5ad03fd1-93ba-4ae3-aa2b-d66c2e1c43f4

- Мен өз міндетімді орындадым. Менің орнымда болған кез келген сарбаз дәл осылай жасаған болар еді деп ойлаймын. Бізге осылай үйретеді, әскери адам бейбіт тұрғындарды қорғауға міндетті. Соғыс уақытында да , бейбіт уақытта да. Ол ыстық нүкте ме, өрт пе, маңызды емес. Қауіпті жағдайда қол ұшын созып, көмек беру – біздің қасиетті міндетіміз,-дейді кіші сержант Шалқар Сабырғалиев.

Махамбет ауылының тумасы, қарапайым ғана отбасында өмірге келген Шалқар қазіргі таңда Ұлттық ұлан «Батыс» өңірілік қолбасшылығына қарасты №5546 әскери бөлімінің қызмет атқарады. Түтінге қарамастан қос құлыншақты құтқарған өзі де Нариман, Мәдине есімді сүйкімді балақайлардың әкесі. Марат Батырұлын мақаламыздың басында бекер айтпағанымызды түсініп те, біліп отырған боларсыз. Иә, бейбіт күннің батыры Шалқар – газетіміздің тұрақты авторы, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Марат Сабырғалиевтың ұлы. Бірде қарт Құнанбай баласы Абайды шақырып:

«Балам, сен әкеңе жете туғансың ба, өте туғансың ба?» деп сұрайды. С

онда Абай:

«Әке, мен өте туғанмын, өйткені, мен ақын болдым» деген екен.

Аз ғана ойланған дана Құнанбай:

«Жоқ, сен маған жете тудың. Өте туу үшін Абай секілді бала тәрбиелей алуың керек» деп жауап қатқан деседі. Баланың бойындағы ер мінезділік, өжеттілік, мәрттік қасиеттер әке арқылы қалыптасады. Әкенің бойындағы қасиет балаға беріледі немесе «жұғады». Марат ағамызбен бір кездері жұмыстас та болдық, әлі де аралас-құралас болып келе жатырмыз. Зейнет жасына жетсе де тыным көрмейтіндігі, ойлаған ісін орындамай қоймайтындығы, тапсырылған жұмысты тыңғылықты орындауы әрі жауапкершілікпен қарауы арқылы біздерге үлгі болды. Әке берген «дәруменді» оңды пайдалана білген Шалқар Маратұлы да бір әкенің ғана емес, бүкіл жерлестерінің мақтанышы бола білді.

 

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521