«Анама жанымда» пилоттық жобасы Махамбет ауданының Сарайшық ауылынан бастау алды.
Жобаның негізгі мақсаты – Қазақстан әйелдерінің құқықтарын қорғау және қолдау, ауыл әйелдерін кәсіпкерлікке тарту, ұлттық қолөнерді дамыту.
Сарайшық көпбейінді ауылшаруашылық колледжінде өткізілген жобаға ауылдың 20-ға жуығы қыз-келіншегі қатысты. Оқу орталығының тәлімгерлері колледж студенттері мен ауылдың жас келіндеріне тігін машинасымен қоржын, шұлық тігуді үйретсе, тоқыма арқылы әр түрлі ұлттық нақыштағы бұйымдарды тоқу, жүн түтуді практикалық түрде меңгеруге жәрдемдесті. «Анам жанымда» жобасына қатысушылар шараның маңыздылығын ескеріп, мұндай кездесулердің жиі өткізілуіне өтініш білдірді.
- Біздің оқу орталығымыз әр түрлі бағытта жұмыс істейді. Оның ішінде құрылыс мамандықтары, маркетинг, есепші, аспазшы, тігінші мамандықтары оқытылады. Сарайшық ауылына келгендегі мақсатымыз – ауылдың қыз-келіншектеріне «Анам жанымда» жобасын таныстырып, кәсіпкерлікке тарту. Бұл шараны ұйымдастыруға атсалысқан «Ақжол» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Гүлмира Сабырқызына және Сарайшық ауылының әкімі Жексенбай Дүйсенбайұлына алғыс білдіреміз. Бұл жоба өңіріміздің өзге де аудандарында жалғасын табатын болады,- деді «IQ Group» оқу орталығының басшысы, кәсіпкер Нұргүл Байдуллиева.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ