400 түп тал & 40 мекеме

«Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген қанатты сөз бар қазақта. Осы сөзді жадында мықтап тоқыған махамбеттіктер өткен сенбіде тал егу акциясына қатысты.

«Алтынай» бөбекжай бақшасының және А.Тұржанов көшесіндегі жазғы саябақтың жанындағы «Жасыл белдеу» аймақтарында Махамбет ауылдық округі аппараты мен «Western Construction Team» ЖШС-ның ұйымдастыруымен өткен акцияның мақсаты – ауылды көркейтіп, көгалдандыру. Жас көшеттерді отырғызар алдында орманшылармен ақылдасып, егілу технологиясы және талдың түрі таңдалып алынған.

Бұл жерлерге бұрынғы жылдары 3-4 жылдық ағаштар егілген-мыс. Орман шаруашылығы қызметкерлерінің сөзінше, ол ағаштар «ауырып» қалуы себепті әрі қарай жайқалып өспей қалған. Қазіргі таңда Махамбет ауылын көгалдандыру бойынша жұмыстарды «Western Construction Team» ЖШС жүзеге асырады. Серістестік басшысының сөзінше, алдағы уақытта экологияны жақсартумен, елді мекендерді көгалдандыру жұмыстарымен айналысатын облысқа танымал «Атамекен ЭКО» қоғамымен бірлесе жұмыс жасамақ ниетте. Сондай-ақ, аудан әкімдігіне өзіндік ұсынысы да бар көрінеді.

5b2d4e3a-25d3-403a-8cbc-1364ba113b7e

- Өзім де «Атамекен ЭКО»-ның белсенді мүшесімін. Жалпы отырғызылған ағаштарды күтіп-баптап, суын уақытылы құйып отырса, кез келген ағаш жайқалып өседі. Біздің мекеменің қызметкерлері бұл жұмыстарды тиімді атқарады деген сенімдемін. Аудан әкімдігіне ауылымызды көркейту жұмыстарын бір ғана мекемеге бір жылға ғана емес, 3-5 жылға берсе деген ұсынысты айтқым келеді. Бір мекеме тал егіп, келесі жылға өзге мекеме тендерді ұтып алып, ол жер қараусыз қалуы әбден мүмкін. Әрине, ол ұтқан мердігердің жауапкершілігіне, қоршаған ортаға деген жанашырлығына тәуелді. Кей жауапты мекемелер немқұрайлық танытуы да мүмкін. Сондықтан да тендерді ұтқан мекеме кем дегенде үш жыл қатарынан қызмет етсе, жасалатын жұмыстар да, жоспарлар да көп болар еді. Ұсынысымыз қолдау тапса, ауылымызды көркейту бағытында тиімді шаралар атқарылары сөзсіз,-дейді «Western Construction Team» ЖШС директоры Ибатолла Бағытжанұлы.

Туған ауылымыздың жасыл-желектерінің санын көбейтуге, саябақтарға жан бітіруге барша ауыл тұрғындары үлес қосып, 40 мекеменің 140 адамы қатынасты. Нәтижесінде «Жасыл белдеу» аумағы тазаланып, 400 түп тал егілді. Топырағы құнарлы, экологиясы таза аудан екендігіне қарамастан туған жерімізді жасыл желекке бөлеу жұмыстарын тиімді атқару үшін жауапты мекеме басшысының ұсынысын әкімдік те қолдаса құба-құп болар еді.

 

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT