Мемлекеттік рәміз – ел мақтанышы

1992 жылғы 4 маусым Қазақстан Республи­касы тарихындағы ерекше күн. Бұл күн еліміздің мемлекеттік рәміздері –Ту, Елтаңба, Әнұран дүниеге келген күн ретінде мәңгі есте қалды.

ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы Конституциялық заң 2007 жылғы 4 мау­сымда қабылданды. Осы заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым ҚР мемлекеттік Рәміздері күні ретінде мерекеленіп келеді. Мемлекеттік рәміздер кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Мемлекеттік нышандар – дербестік пен тәуелсіздіктің бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Бұл рәміздер халықтың мұқалмас рухын, қаһармандығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.

Ел тәуелсіздігін енді жариялаған Қазақстан үшін мемлекеттік рәміздер қабылдау расында да жеңіл болған жоқ. Тиісті мемлекеттік ор­гандар мен мекемелер аса жауапты істі жан- жақты ізденіспен, мұқият дайындықпен қолға алды. 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңес төралқасы мемлекеттік символика­сын дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылдады. Осы құжатқа сәйкес арнайы шығармашылық комис­сия құрылды. Елтаңба, Ту, Әнұран жо­баларын жасауға конкурс жарияланды. Қатысушылар алдына күрделі жауапты міндеттер қойды. Мемлекеттік рәміздер әсіресе, тарихи, саяси, эконономикалық символизмге сәйкес келуі тиіс еді. Ал рәміздер жобаларын жасау конкурсына 600- ден астам адам қатысқан екен. Мемлекеттік Ту эскиздері бейнелеген шығармашылық еңбектері бар түскен өтінім 1200-ді құраған. Конкурсқа болашақ елтаңбаға 345 сурет жобасы, 67 суреттемесі, әнұранның 750 нұсқасы ұсынылыпты. Мемлекеттік ны­шандарды қабылдауда Президенттің рөлі ерекше болған деседі. Әнұран мәтініне жекелеген түзетулер де енгізілген. Термин сөздерді қазақ тілінде пайдалануға баса на­зар аударылды.

Қазақстанның мемлекеттік Туы олимпиа­далар мен түрлі халықаралық спорт жарыста­рында талай рет желбіреді. Әнұран талай рет ойналды. Көк Туымыз ғаламшардың ең биік шыңдарында, Арктика мен Антарктидаға да, ғарышқа да тігілді. Мемлекеттік рәміздер-ел дамуының ажырамас бөлігі . Рәміздер арқылы бүкіл әлем Қазақстанды таныды. Онда қазақ халқының бастан өткізген та­рихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Ол жастардың отансүйгіштік сезімін оя­тады, патриотизмге үндейді, батылдыққа, батырлыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелейді. Рәміздер елдің өзіндік өмір салтын, болмыс- бітім ерекшелігін, өзгелермен байланыс ор­нату мұратын білдіретін айрықша белгі бо­лып табылады.

Ең алдымен Тәуелсіз елдің саяси мәртебесін білдіретін Тәуелсіздік декла­рациясын қабылдау арқылы бекітті. Одан кейін күн тәртібінде мемлекеттік рәміздер қабылдау мәселесі тұрды. Тұңғыш ел рәміздері Тәуелсіздік жарияланған күннің 130-шы күні яғни 1992 жылдың 4 маусы­мында қабылданды.

Ал Әнұран мәтіні 1992 жылдың 11 желтоқсанында бекітілген-ді. «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстан гимні 2006 жылдың 6- қаңтарында ел Парламентінде бекітілді. Алғаш рет гимн 2006 жылдың 11 қаңтарында Президентті салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. Авторлары– Ш.Қалдаяқов, Ж.Нәжімеденов. Ел Әнұранының мәтінін білмейтін жан кемде-кем. Ол тарихтың, насихаттың жемісі десек, қателеспейміз.

ЗАҢ ТАЛАПТАРЫН БҰЗУҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ

Енді мемлекеттік нышандар туралы аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Гүлнар Бекбаеваның пікіріне құлақ түрсек.

-Үстіміздегі жылдың ақпан айында аудан әкімі жанындағы ҚР Мемлекеттік рәміздері жөніндегі кеңес мүшелері аудандағы 35 мекемені, ауылдық округтерден Махамбет, Бақсай, Сарайшық, Бейбарысты аралап, мемлекеттік нысандардың жай-күйі, орнала­суы бойынша зерделеу және мониторингілеу жұмыстарын жүргізді. Кеңес мүшелері өз жұмысын аудан әкімі аппаратынан бастап, әкімдікке қарасты барлық бөлімдерді ара­лады. Мемлекеттік Ту, Елтаңба талапқа сай орналасқанына, құжаттардың дұрыс толтырылғанына көз жеткізді. Мекемелер­мен қатар мектептер мен балабақшаларды да аралап, мемлекеттік рәміздер қолданылуына зерделеу жүргізді. ҚР Мемлекеттік Туы, мемлекеттік Елтаңбасы бейнелері міндетті түрде мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен мекемелерде, мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен мекемелердің мөрлері мен құжаттар бланкілерінде (фирмалық бланкілер, бұйрықтар, ұйым-мекемелердің атауы жазылған маңдайшаларында, мамандардың қызметтік куәліктерінде, мемлекеттік органдар, білім беру орындарының веб-сайттарында да орнала­стырылды. Жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта және кәсіптік жоғары білім беру бағдарламалары іске асыратын білім беру ұйымдарында арнайы оқшауланған көрнекі орынға ұдайы мемлекеттік Ту тігіледі. Мемлекеттік Елтаңба бейнесі, Гимн мемлекеттік тілдегі мәтіні стендтерге орна­ластырылады. Мемлекеттік Гимн ұлттық, мемлекеттік мерекелерде, өзге де салтанатты іс-шараларға арналған жиналыстар мен мәжілістердің салтанатты ашылуы кезінде, ҚР халықтары өміріндегі аса маңызды тарихи оқиғаларды атап өту құрметіне ескерткіштер, монументтер(құлпытас) басқа да ғимараттарды ашу кезінде, ҚР мемлекеттік органдары, қоғамдық бірлестіктер мен өзге де ұйымдар өткізетін рәсімдер, салтанатты, спорттық іс-шаралар кезінде ҚР мемлекеттік Туы көтерілген кезде орындалады.

ҚР ұлттық құрама командасы қатысатын спорттық шаралар өткізілген кезде, білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылының ашы­луы және аяқталуы рәсімдері кезінде, өзге де салтанатты іс-шаралар кезінде гимн орын­далады. ҚР Мемлекеттік Ту мен Елтаңбасы міндетті түрде орналастырылған ұйымдар мен мекемелерде олардың меншік түріне қарамастан ҚР тиісті ұлттық стандарттарына сәйкес келмейтін мемлекеттік рәміздерді, олардың бейнелері бар материалдық объектілерді ауыстыру және жою жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін комиссия болуы тиіс. Мемлекеттік Туды, Елтаңбаны, олардың бейнелерін заңсыз пайдалануға, оның ішінде мемлекеттік рәміздерді бейнелері кескінделген көрнекі өнімдерді қажетті жою шараларын жүргізбей тұрып, қатты қоқыс қалдықтарын жинайтын орындарға апарып тастауға жол бермеу қажет. Соны­мен қатар мемлекеттік Гимнді ҚР заңнамасы талаптарын бұзып, пайдалануға, орындауға, оның ішінде мемлекеттік гимннің бекітілген мәтіні мен музыкалық редакциясын өзгертіп орындауға жол бермеу керек,-дейді Г.Қырықбайқызы.

Соңғы кездері кей азаматтар мемлекеттік рәміздерді қолдану жай-күйін біле бермейді. Тіпті осы саланы реттейтін арнайы заңның бар екендігінен де бейхабар. Мүмкін заңды білмеу түсіндіру жұмыстарының жетпей жатқандығынан шығар.

Жалпы мемлекеттік символдарды реттейтін «ҚР мемлекеттік рәміздер ту­ралы» конституциялық заң 1992 жылдың 4 маусымында қабылданған еді. Уақыт өте келе 2007 жылдың 4 маусымында аталған заңды құжатқа бірқатар өзгерістер енгізілді. 2012 жылы Президент мемлекеттік рәміздерді құрметтемеуге қатысты жауапқа тарту тәртібін күшейту жөніндегі тағы бір заңға қол қойған ед і . Рәміздерді масқаралауға қатысты айыппұл көлемін арттыру, рәміз әзірлеуде ұлттық стан­дарттарды сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту және оларды қолдану ережелерін бұзуға жауапкершілікті күшейту қолға алынғанын білеміз. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 918 бабы талапта­рына сәйкес мемлекеттік Ту мен Елтаңбаны әзірлеуде не пайдалануда ұлттық стан­дарттарды сақтамағандарға айыппұлдар қарастырылған. Атап айтсақ, жеке тұлғалар үшін 50 айлық есептік көрсеткіш, шағын кәсіпкерлік, коммерциялық емес ұйымдарға 2 есеге дейін, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 400 айлық есептік көрсеткішке дейін белгіленген.

Мемлекеттік туды мемлекеттік емес ұйымд а р , жеке тұлғаларға тиесілі ғимараттарды пайдалануға тыйым салын­байды. Ұлттық стандарттарға сәйкес шек­теу де жоқ емес. Дейтұрғанмен, азаматтар мемлекеттік Туды өз патриоттық сезімін, елін мақтаныш ету мақсатында тұрған үйінің шатырына, тіпті кеңсесіне(офис) іліп қоюына болады. Бұл жеке автокөліктерге де қатысты.

Енді мемлекеттік Елтаңбаға қатысты. Оның қоғамдық, өзге де ұйымдардың геральдикалық негізі ретінде пайдалануына тыйым салынған. Сол сияқты оны тұрғын үйлер мен жеке әкімшілік ғимараттар, автокөліктерге орнату заңсыз саналады. Гимн аудиожазбасын клиптерге пайда­лану дұрыс емес. Заңның 8 бабы бойынша Әнұранды пайдалануға да шектеу қойылған.

МЕМЛЕКЕТТІК НЫШАНДАР ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА ЖОЙЫЛАДЫ?

Мемлекеттік Ту стандартқа сәйкес келмесе, оны 2,5 см-ден аспайтындай ұсақталады, стандартқа сәйкес келмеген Елтаңбаны да уатып, өртеген соң акт тол­тырылады. Рәміздері сәйкес келмейтін ме­кемелерге ескерту беріледі. Егер мекеме­лер орындамаған жағдайда хаттама толты­рылып, ісі сотқа жолданады. Сот шешіміне сәйкес олар айыппұл төлейді. Мемлекеттік рәміздерді пайдалану міндетті жағдайда оны пайдаланбау лауазымды адамдарға 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ҚР Туын, Елтаңбасын, басқа да бейнелерін заңсыз пайдаланған жағдайда 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ал ұлттық стандартқа сәйкес келмейтін рәміздерді пайдаланған жеке тұлғаларға-50 айлық есептік көрсеткіш, дара кәсіпкерлер, шағын орта кәсіпкерлік субъектілеріне 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Айыппұлдар салынғаннан кейін тағы да құқық бұзушылық әрекеттер анықталса, жеке тұлғаларға-80, дара кәсіпкер, шағын, орта кәсіпкерлік субъектілеріне-200, ірі кәсіпорындарға-500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Әр мекеме басшысы ғимараттың іші-сыртындағы рәміздерге жа­уапты болуы тиіс.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT