Мемлекеттік қызметші – халыққа қызмет ететін, қоғам мен мемлекеттің сенімін арқалаған тұлға. Оның мінез-құлқы мен өмір салты мемлекеттік аппараттың абыройына тікелей әсер етеді. Сондықтан заңнамада мемлекеттік қызметшілерге бірқатар тыйымдар қойылған, олардың бірі – құмар ойындарына қатысуға шектеу.
Құмар ойындары – қоғамда теріс қабылданатын әрекет. Халық өз атынан шешім қабылдайтын адамның абыройлы, үлгілі болуын қалайды. Ал құмар ойындары мемлекеттік қызметшінің имиджіне кері әсер тигізеді.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңында мемлекеттік қызметшілерге:
- қызметтік беделіне нұқсан келтіретін іс-әрекеттерге жол бермеу;
- қоғамның сеніміне селкеу түсіретін әрекеттерден алшақ болу міндеті жүктелген.
Сондықтан құмар ойындарына бару немесе оған қатысу мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін бұзу болып саналады.
Мемлекеттік қызметші үшін басты құндылық – халықтың сенімі. Құмар ойындарына тыйым салу – сол сенімді сақтаудың, мемлекеттік аппараттың адалдығын қамтамасыз етудің бір тетігі. Әрбір қызметкер өз әрекетінің заңға ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілікке де сай болуын қадағалауы тиіс.
А.МҰҚАНҒАЛИЕВ,
Махамбет ауданы әкімі аппаратының басшысы,
Әдеп жөніндегі уәкіл