Қамданған қапы қалмайды

АУДАНДА ЭВАКУАЦИЯЛЫҚ КОМИССИЯНЫҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ. ЖИЫНҒА АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫН¬БАСАРЫ, КОМИССИЯ ТӨРАҒАСЫ МАХАМБЕТ ЕРБӨЛЕК ЖЕТЕКШІЛІК ЕТТІ. БҰЛ КОМИССИЯ ТАБИҒИ ЖӘНЕ ТЕХНОГЕНДІК СИПАТТАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ТУЫНДАҒАНДА ХАЛЫҚ ПЕН МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН НЕГІЗГІ ОРГАН САНАЛАДЫ.

Комиссияның басты міндеттері – аудан бойынша көшіру жоспарын жасақтау, эвакуациялауға жататын аумақтар мен елді мекендердегі халық санын анықтау, мемлекеттік құндылықтардың тізімін белгілеу және төтенше жағдай кезінде қаражат көзін табу. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры, комиссия төрағасының орынбасары Бақтыбек Төлегеновтың мәліметінше, қазіргі таңда аудан бойынша сыйымдылығы 10 мың адамдық 22 эвакуациялық қабылдау пункті дайындалған. 

– Сонымен қатар төтенше жағдай орын алған сәтте халықты дер кезінде хабардар етуге арналған 20 дана құлақтандыру жүйесі бар. Оның 18-і – «Марс-арсенал», бір дана – «Вестник», тағы біреуі – «С-40» құрылғысы. Бұл құралдар ауылдық округтердегі әкімшілік, мектеп, спорт мектебі мен аурухана ғимараттарының шатырына орнатылған. Сондай-ақ, эвакуациялық пункттерге халықты жеткізу үшін аудан бойынша көліктер тізімі жасақталды. Үй жануарларын қауіпсіз аймаққа көшіру орындары да нақтыланып отыр. Дегенмен, техника тапшылығы мәселесі әлі де бар. Жылжымалы штаб ұйымдастыруға арнайы көлік қажет. Осы ретте жергілікті шаруашылық өкілдерімен және кәсіпкерлермен келіссөз жүргізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, автогидрокөтергіш (АГП) пен қайық та ауадай қажет, – деді ол. 
Білім бөлімінің басшысы Венера Қабышева эвакуациялық пункттер қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылуы тиіс екенін айтты. 

– Өткен жылы төтенше жағдай кезінде мұғалімдер көрпе-төсекті үйлерінен әкелуге мәжбүр болды. Сондықтан кереует, тамақ, дәрі- дәрмек пен өзге де қажет заттарға заң аясында қаржы бөлінгені жөн. Төтенше жағдайлардың ал¬дын алу бағытындағы жұмыстарды практикалық тұрғыда жиі өткізсек деген ұсынысым бар,- деді ол. 
Бұл ұсынысты қолдаған Бейбарыс ауылдық округінің әкімі Сейілбек Зұлхашев былтырғы су тасқыны кезіндегі қиындықтарды еске алды. 
– Сол кезде ауылға қауіп төніп, тұрғындарды көшіруге тура келді. Алайда ауыл әкімі мен учаскелік полиция қызметкері ғана қалды. Көлік, ауыз су, бензин тапшылығы бо¬лып, аудан орталығымен байланыс үзілді. Мұның бәрі біздің дайындық деңгейіміздің әлі де төмен екенін көрсетті. Сондықтан әр мекеме басшысына нақты тапсырма беріп, жауапкершілікті күшейту қажет,- деді ауыл әкімі. 

Комиссия төрағасы Махамбет Ербөлек ұсыныстарды тыңдап, комиссия мүшелеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Ол эвакуациялау жұмыстары ауданның барлық мекемелері мен жауапты органдары арасында үйлесімді жүргізілуі тиіс екенін атап өтті. 

Айта кетейік, эвакуациялық комиссия аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Негізгі мақсат – төтенше жағдай кезінде халықты, әлеуметтік нысандарды және мемлекеттік құндылықтарды сақтап қалу. Бұл бағыттағы шаралар жүйелі әрі жоспарлы түрде жүргізілген жағдайда ғана аудан тұрғындарының қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілмек.


Қ.АЙТҚАЛИЕВ, 
суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT