Қоғам мен азаматтар алдындағы жоғары жауапкершілікті талап ететін ерекше сала – бұл мемлекеттік қызмет. Осыған байланысты мемлекеттік қызметші кәсіби біліктілікпен қатар, мінез-құлық мәдениеті мен қоғамдық тәртіпті сақтау жағынан да үлгі болуы тиіс. Бұл талаптарды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілеріне арналған Әдеп кодексі қабылданып, оның нормаларын сақтау әрбір қызметкердің негізгі міндетіне айналған.
Әдеп кодексі – мемлекеттік қызметшілердің қызметтік мінез-құлқын, азаматтармен қарым- қатынас тәртібін және қызмет атқару кезіндегі этикалық қағидаларды белгілейтін құжат. Кодекс мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етіп, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға бағытталған.
Кодекс талаптарына сәйкес, мемлекеттік қызметші төмендегі қағидаларды басшылыққа алуы тиіс:
- Заңдылық және әділдік – қабылданатын шешімдер тек заң нормаларына сүйеніп, жеке мүддеден жоғары қоғамдық мүддені көздеуі тиіс.
- Халықпен өзара қарым-қатынас мәдениеті – азаматтарға құрмет көрсету, дөрекілікке және әдепсіздікке жол бермеу.
- Қызметтік әдеп – қызметтік міндеттерді атқару кезінде жауапкершілік, адалдық, тәртіп пен кәсіби этиканы сақтау.
- Ашықтық және айқындық – мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін іс-әрекеттерге жол бермеу, қоғам алдында ашық әрі таза болу.
Әдеп кодексінің сақталуы мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және жеке беделін арттырып қана қоймай, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар жас мамандар арасында сындарлы қызметтік мәдениетті қалыптастыруға, мемлекеттік қызметтің мәртебесін көтеруге ықпал етеді.
Әдеп нормаларын сақтау – мемлекеттік қызметшінің заң жүзіндегі міндеті ғана емес, оның азаматтық жауапкершілігі. Қызметкердің әдептілігі мен әділдігі мемлекеттік аппараттың жалпы имиджін айқындайды және елдің тұрақты дамуына тікелей ықпал етеді. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші қызметтік этиканы қатаң сақтап, өзіне жүктелген міндеттерді адал атқаруы тиіс.
Г. ШАКИМОВА,
аудандық санитариялық- эпидемиологиялық бақылау
басқармасының бөлім басшысы

