БАҒДАРЛАМАНЫҢ АУЫЛДАҒЫ ЖЕМІСІ

Ел Үкіметінің өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 3,5 мыңға жуық ауылдарды жаңғырту жоспарланған болатын. Сол бес жылдық жоспардың ішінде ауданымызға қарасты ауылдық елді мекендер де қамтылып, нәтижесінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында инженерлік инфрақұрылым жұмыстары қарқынды жүргізіліп, абаттандырылып, жаңа әлеуметтік нысандардың саны да артып отыр. Президент тапсырмасына сәйкес, әкімдердің тұрғындармен жылына екі мәрте өтетін есепті кездесулерінде халықтың өзі соңғы жылдары ауылдардағы өзгерістерге оң бағасын беріп, алғыстарын білдіруде. Осы ретте Ақжайық, Алға, Сарайшық ауылдық округтеріндегі өткен он ай қорытындысымен жүзеге асқан жұмыстарға тоқталып өтсек.

Рас, бұрын тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселенің бірі – ауыз су мәселесі болатын. Қазіргі таңда ауданда жалпы саны 15 су тазарту қондырғысы жұмыс жасап тұр, жергілікті халықтың 98,1% ауыз суды орталықтандырылған су желісі арқылы тұтынады. Өткен жылы 13 ауылдың су тазарту қондырғылары қайта жаңғыртудан өткізілді. Ақжайық ауылында жазғы су желісінің пластикалық құбырға ауыспаған 7 көшесінің құбырын ауыстыру бойынша сметалық құжаттамасы дайындалуда. Сол секілді Сарайшық ауылдық округі бойынша 8115 м жазғы су жүйелерін ауыстыру жұмыстары жоспарда тұр.

Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Ақжайық ауылдық округінде орналасқан боздақтар ескерткішіне және Ғұбайдолла Бер­диев көшесінде орналасқан балалар ойын алаңына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ойын алаңының аумағы кеңейтілді, жаңа құралдармен толықты. Қарашығанақ көшесіндегі балалар ойын алаңы және ашық спорт алаңы да жөндеуден өтіп, үнемделген қаржыға екі ойын алаңына қосымша 4 дана ойын құралы орнатылып отыр.

Соңғы жылдары қай өңірде болмасын ауыл азаматтарының бірігіп, туған өлкеге тарту жасау дәстүрі қалыптасып келеді. Соның бір көрінісі – биыл Қызылүй орта мектебінің 2005 жылғы түлектері, мектеп бітіргендеріне 20 жыл толу­ына орай ауыл кіреберісіне ауылдың атауы жазылған арка орнатып берді. Қазіргі таңда ауылдың кіреберісіне «Жасыл белдеу» аймағын жасауға жобалық сметалық құжаттамасы дайындалуда.

«Таза Қазақстан» тазалық ак­циясы аясында саябаққа және боздақтар ескерткішіне 500 дана тал, «Дастан» шаруа қожалығының қолдауымен барлығы 375 дана көшет отырғызылды. Абаттанды­ру мақсатында «Rek Time» жеке кәсіпкерлігі арқылы орталық көшеге Led экран орнатылды. Ауыл сәнін кетірген Ақжайық көшесіндегі көп жылдан бері пайдаланылмай тұрған ескі жылу қазандығының ғимараты бұзылып, бүгінде орны тазартылды.

Ел экономикасының дамуына тың серпін берген бағдарламаның тағы бір бағыты - жол салу және жөндеу жұмыстары. Бұл бағытта ауданда бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Оның қатарында Алға және Сарайшық ауылдары да бар.

Алға ауылының ауылішілік 5,1 шақырым жолдарын күрделі жөндеу жобасының құны 940 678,0 мың теңгені құрап, 2025 жылға 464 169,0 мың теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда 4 шақырым негізгі қабаты салынып, асфальт жабындысы төселініп отыр.

Сарайшық ауылының 13,128 шақырым ауылішілік көшелерін күрделі жөндеу жұмыстары ба­сталды. 2025 жылға қарастырылған қаражатқа сәйкес 13,123 шақырымның 8,281 шақырымына асфальт жабындысы төселді. Сондай-ақ Сарайшық ауылының 5 шақырым кірмежолын күрделі жолын жөндеуден өткізу бойын­ша ЖСҚ жасақталып, сараптама қорытындысы күтілуде.

Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында ауылдардың инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да жоғары деңгейде жүргізілуде.

Алға ауылының жаңа мөлтек аудандарының инженерлік инфра- құрылым құрылысына жергілікті бюджет есебінен биыл 193 590,0 мың теңге қаржы бөлініп, күні бүгінге дейін құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталып отыр. Ал Ақжайық ауылының Махамбет көшесінде орналасқан көше жарығының шам­дары жөндеуден өткізіліп, Махамбет көшесіне көше шамдары орнатылды.

Ескі Сарайшық елді мекенін көшіру жұмыстары бойынша қазіргі уақытта жерлерін дайындап, инфрақұрылым жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ауылдағы жалпы ұзындығы 0,8 шақырымды құрайтын Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмысының жобалау сметалық құжаттамасы жасақталып, бүгінде мемлекеттік сараптамадан өтуде.

Мұндағы ескі әкімшілік ғимараты қыркүйек айында жаңа ғимаратқа көшіріліп, жұмысын бастады. Екі қабаттан тұратын заманауи ны­сан соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда ауылдық Ардагерлер кеңесі, Аналар кеңесі, құқық қорғау органдары, «103» мобильді тобының қызметкерлеріне арнайы кабинеттер қарастырылған.

Апатты жағдайда деп танылған Алға ауылдық 200 орындық мәдениет үйінің жобасына мемлекеттік сарап­тамадан оң қорытындысы алынды. Алдағы күндері облыстық бюджет­тен қаржыландырылып, құрылыс жұмыстары басталмақ.

Биыл Алғадағы боздақтарға арналған ескерткіш күрделі жөндеуден өтіп, сонымен қатар саябақ, балалар ойын алаңына қоршау жұмыстары жүргізілді. Каспий көшесіне балалар ойын кешенін дайындау және орнатуға «KAZ PARK» ЖШС келісімшарт жасалып, жаңа нысан пайдалануға берілді. Тұрғындардың сұранысы бойынша ауыл ішіне екі аялдама орнатылған болатын. Төрт жыл бұрын 3284 метр жағалауды бетон­дау жұмыстары басталғанымен, көктемгі су келуіне байланысты жұмыс тоқтатылды. Бетондау жұмыстары алдағы желтоқсан айын­да жалғасады деп күтілуде.

Бұл Ақжайық, Алға, Сарайшық ауылдарындағы өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жүйелі жұмыстардың бір парасы ғана. Игілігі зор бағдарлама ауданға қарасты елді мекендер­мен қатар еліміздегі үш жарым мыңнан астам ауылдың инженерлік инфрақұрылымын дамытып, тұрғындардың өмір сапасының жақсаруына септігін тигізуде.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT