Ауылішілік жолдар жаңғыртылуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімдердің халықпен кездесуін өткізу туралы Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев Жалғансай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Кездесу барысында аудан әкімі екінші жарты жылдықта жасалынған жұмыстар бойынша әр салаға тоқталып өтті.

Қазіргі уақытта Жалғансай ауылында электр желілерінің құрылысын салу жобасына жергілікті бюджет қаржысы есебінен мердігер мекеме «Гранд Мастер» ЖШС құрылыс жұмыстарын аяқтады. Аталған жоба аясында Жалғансай ауылынан 150 жаңа жер телімін беру мүмкіндігі қарастырылған.

Әкім ауданымызда жол жөндеу және жаңарту жұмыстары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Соның ішінде Жалғансай ауылының 13,6 шақырым ауылішілік көшелерінің күрделі жөнделуіне биыл жергілікті бюджеттен 261 892,0 мың теңге қаржы бөлінгенін, күні бүгінге асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Қайрат Есқабылұлы өткен жылы ауыл тұрғындары көтерген мәселелерге назар ауда­рып, өтініштер аяқсыз қалмайтынын жеткізді.

- Денсаулық сақтау саласы бойынша соңғы екі жылда 3 жаңа ғимарат салынып, пайдалануға берілді. Аудан орталығында 60 пәтерлік көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы өткен жылы аяқталды. Қазіргі таңда тұрғын үй маңын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ойын алаңдарын орнату және төсеніш төсеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы тиіс,- деді Қ.Нұрлыбаев.

Кездесу барысында аудан тұрғындары өз ұсыныстарын жеткізді. Оның ішінде ауыл тазалығына байланысты бірқатар мәселелер көтерілді. Атап айтсақ, қоқыс салатын контей­нерлер мен жоспарға алынбай қалған, жөндеуді қажет ететін жолдар төңірегінде болды. Кезде­суден кейін аудан әкімі ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Ш.ТӨЛЕГЕНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT