Ауданымызда «Ақ бидай – 2025» республикалық VIII ауыл спорт ойындарының аудандық іріктеу кезеңі өтті.
Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл спартакиаданың басты мақсаты – ауыл жастары арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және облыстық кезеңге үздік спортшыларды іріктеу.
Аудан орталығындағы спорт кешенінде өткен жарысқа барлық ауылдық округтерден келген спортшылар қатысып, түрлі спорт түрлері бойынша бақтарын сынады. Спартакиаданың алғашқы күнінде қатысушылар асық ату, тоғызқұмалақ, қол күресі, қазақша күрес, кір тасын көтеру, үстел теннисі сынды ұлттық және дәстүрлі спорт түрлерінен жарысты. Сонымен қатар командалар волейбол және шағын футболдан да күш сынасты.
Жалпыкомандалық есеп бойынша барлық спорт түріне жоғары дайындықпен келген Ақжайық ауылдық округінің командасы І орынды иеленді. Екінші орын Махамбет ауылдық округіне бұйырса, үшінші орын Бейбарыс ауылынан келген командаға берілді. Жеңімпаз және жүлдегер спортшылар енді аудан намысын облыстық іріктеу кезеңінде қорғайтын болады.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ